Атырау, 5 қазан 04:16
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Биыл мал азығы тапшы болмай ма?

1 213 просмотра

23 тамыздағы үкімет отырысы барысында премьер-министр Әлихан Смайылов Атырау облысы мал азығын дайындауда кестеден қалып келе жатқанын айтты. Бұған не себеп? Алдағы күндері мал азығы тапшылығы туындауы мүмкін бе? Осы және өзге де сұрақтарды «АЖ» тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат РУСТЕМОВКЕ қойды.

Ресми мәліметтерге сәйкес, облыс бойынша мүйізді ірі қара 194 413 бас, қой 600 477 бас, жылқы 103 355 бас, түйе 34 699 бас малы бар.   

Оларды мал азығымен қамту үшін 587 420 мың тонна ірі сабақты мал азығы қажет. Былтырдан 34 290 тоннасы қалған. Демек, биыл 553 130 тоннасы дайындалуы тиіс. Бүгінде мал азығының 433 400 тоннасы дайындалып, жоспардың 78,4 пайызы орындалып отыр.

Мал азығын дайындау жұмыстарына 604 трактор, 158 автомашина, 401 прицеп, 296 шабу агрегаты, 178 шөпшапқыш және 1769 адам қатысып жатыр.

- Облысымыз шөл және шөлейт аймақта орналасқандықтан мал азығын дайындауда қиындықтар әкелсе де, биылғы көктемгі жауын-шашынның мол түсуі мен өзен, көлдердің өр суымен толығуы қажетті мал азығының 80-90 пайызын жергілікті жерден дайындауға мүмкіндік береді. Қалғанын Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының көрші аудандарынан дайындап, Камаз автокөлігімен тасымалдау жоспарланып отыр. Жем бағасын тұрақтандыру мақсатында облыс әкімдігі мен «Карат» ЖШС арасында меморандум жасақталып, сұранысқа сәйкес қолжетімді бағада сатылуда. Қала және аудан орталықтарында кебек жемнің орташа 1 кг бағасы 75-80 теңгеден сатылып жатыр. Бір рулонның орташа құны Қызылқоға, Құрманғазы, Мақат, Индер  ауданында 6000-7000 теңгеден, Исатай, Махамбет, Жылыой аудандарында және Атырау қаласы бойынша 8 000–10 000 мың теңгеден, - дейді Рүстемов.

Оның айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне ірі сабақты мал азығын дайындау жұмыстарына кеткен шығындарды өтеуге 1 млрд 462 млн теңгеге сұраныс берілді. Қазіргі таңда жергілікті бюджеттен 717 млн теңге қаражат бөлінген. Қалған қаражат бойынша қыркүйек айында болатын облыстық маслихатта шешім қабылданады. Облысқа  көктемгі-дала жұмыстарына  жеңілдетілген бағада 1 литрі - 190 теңгеден 600 тонна дизель отыны бөлінді. Күзгі-дала жұмыстарына – 480 тонна дизель отыны бөлінді. 240 тоннасы сатылып алынып, шаруашылық құрылымдарының сұраныстарына сәйкес, 1 литрі  - 200 теңгеден беріліп жатыр.

Ол мал азығын дайындау кестесінен кешігуге өңіріміздің климаттық ерекшелігі де себеп болуы мүмкін екенін алға тартты.

- Қалған 22 пайыз қыркүйек пен қазан айында дайындалады. Қыста мал азығы тапшы болмайды, - дейді Рүстемов сеніммен.

Айнұр САПАРОВА

26 тамыз 2022, 13:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.