Атырау, 5 қазан 06:29
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Жас вице-министр "Сасықсай" мен "Квадраттан" үлкен әсер алды

Сурет Бейнежазба
1 203 просмотра

Атырауға іссапармен экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зүлфия СҮЛЕЙМЕНОВА келді. Бұл 32 жастағы вице-министрдің осы қызметтегі Атырауға табан тіреген алғашқы сапары.

Іссапар аясында ол қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан қаланың оң жағалауындағы Квадрат булану алаңы мен мен кәріз суларын тазарту қондырғысымен, сонымен қатар сол жағалаудағы «Сасықсай» булану алаңы мен КТҚ нысандарын аралады. Вице-министр бұл екі нысан күкіртті сутегі шығарындыларының негізгі көзі болып табылатынын атап өтті.

Еске салсақ, Атыраудың сол жағалауындағы 1336 га «Сасықсай» булану алаңын қалпына келтіру жұмыстары 2021 жылдың сәуірінде басталып, аумақ екі учаскеге бөлінген болатын. Қала әкімдігінің балансындағы 476 гектар аумақты қалпына келтірудің жалпы құны 1,1 миллиард теңгені құрайды. 2021 жылға республикалық бюджеттен 300 миллион теңге бөлінді, биыл 500 миллион теңге қарастырылуда, келесі жылы 102 миллион бөлу жоспарланып отыр. Жұмыстарды 2023 жылы аяқтау жоспарланған.

Екінші учаске бойынша: «АМӨЗ» ЖШС меншігіндегі 860 гектар жерді қалпына келтіру жұмыстары Tazalyq жобасы аясында өткен жылы басталды. Жұмыстың жалпы құны 5,5 миллиард теңгені құрайды.

"Квадрат" булану алаңын қайта қалпына келтіру жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп жоспарланды. 

«АМӨЗ» ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, одан кейін жұмыс тобы зауыттың өндірістік алаңында болып, орталық тарату пунктінің (ЦРП-4) қосалқы станциясында болып, зауыт үшін қосымша электр қуаты көздеріне қатысты сұрақтарға жауап алды.

Соңғы қараған нысан «Tazalyq» жобасының бір бөлігі болып табылатын жабық типті ағынды суларды механикалық тазарту қондырғысының (АМТҚ) құрылыс алаңы болды.


«ТЕҢІЗШЕВРОИЛ» 644 ГА АЛДЫ

Түстен кейін «AМӨЗ» ЖШС мәжіліс залында вице-министр экология жанашырлары және АМӨЗ, ТШО және НКОК өкілдерімен кездесу өткізді.

«Теңізшевройл» ЖШС қоршаған ортаны қорғау, еңбек қауіпсіздігі және денсаулық қорғау жөніндегі бас менеджері Ронда ЙОДЕР 2022 жылдың 1 жартыжылдығы бойынша негізгі экологиялық көрсеткіштерді жариялады.

Оның айтуынша, ТШО көміртегі шығарындыларының қарқынын төмендетуге және газды алауда жағуды одан әрі азайтуға бағыт алған.

– 2009 жылы біз ілеспе газды тұрақты түрде жағуды тоқтаттық; Қазіргі уақытта газдың 99%-дан астамы сатылады немесе ТШО-ның өз қажеттілігіне пайдаланылады. Соңғы 5 жылда біз газды алауда жағуды 59%-ға азайттық. Бұл көп еңбектің, үлкен шығындардың және инновациялық инженерлік шешімдердің нәтижесі, – деді Р.Йодер.

«Жасыл экономика» тұжырымдамасы аясында 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында ТШО қалдықтарын қайта өңдеу/қайта пайдалану үлесі 57% құрап отыр.

Сонымен қатар, Атырау облысының әкімдігі мен ТШО арасында жалпы ауданы 644 гектар аумақты, оның ішінде 594 гектары Атырауда және 50 гектары Құлсары қаласында 6 жыл бойы абаттандыру жұмыстарын жүргізу бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Биыл көктемде ТШО қызметкерлері Құлсары қаласында 15 гектар болатын аумаққа белгіленген жерлерге 9 мың түп көшет отырғызуды аяқтап, қазір көшеттерді суару жұмыстары және басқа да күтім жасалып жатыр.

Жиын барысында Зульфия Сүлейменова үш ірі мұнай компаниясы да, әсіресе Мақат өңіріндегі NCOC компаниясы ауаға ШРК-дан асатын ластаушы заттардың шығарылуына жол беріп отырғанын атап өтті.

– Қазір белгіленген меже пен фактілер арасында диспропорция бар. 2021 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытының атмосфераға нақты шығарындылары лимиттің небәрі 61 пайызын, су ортасына шығарындылары 53 пайызды құрады. Демек, сіздің шектелген меже тым жоғары. Маған сіздің шектеулі меже маңызды емес, маңыздысы - нақты шығарындылар», - деді Сүлейменова.


ҚЫЗУ ҚАНДЫ ЧЕРНОВА

Жиын барысында экология белсенділері өңірдің өзекті мәселелерін көтеріп, ластаушылардың онлайн картасын әзірлеуді ұсынды.

"Глобус" экологиялық және құқықтық бастамалар орталығы» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Галина ЧЕРНОВА:

- Қазір ТШО жаңа үшінші буын зауытын іске қосып жатырмыз дейді, бұл болашақ кеңейту жобасы, бізде газдың мөлшері де асып, суды да көп пайдаланатын боламыз. Осының өзімен де келіспейміз. Сіздер мұнайымыздың 100 пайызын аласыздар, оны өңдемей, әлемдік бағамен саудаға саласыздар... бұл жерде бізді әбден улап жатырсыздар. Бұған қалай келісе аламыз? Одан қалса, сіздердің қайта өңдеуге арналған жабдықтарыңыз ескірген. Ол 1993 жылдан бері пайдаланылып келеді! Қазіргі уақытта жер астына не айдап жатырсыздар? Ол жерге қандай қалдықтарды жіберіп жатырсыздар?

Сіз мына жер астын толтырамын дейсіз. Ал сіз Каспий теңізіне жақын орналасқандықтан, теңіз бойынша және бізге қауіпсіз екеніне қандай кепілдік бере аласыз? Сіз бастапқыда 25 шақырым болатын жоғары санитариялық-қорғаныс аймағын алдыңыз. Бүгін Хайруллин («Атамекен Эко» қоғамдық ұйымының жетекшісі – авт.) Қосшағыл мен Қаратонға барып өлшеп қарағанда, күкірт сутегінің мөлшері артық болып шықты. Атыраудан алыс тұратыныңыз, Қосшағылды улап жатқаныңыз - сізге абырой бермейді, – деді Чернова әдеттегідей эмоционалды үнмен. – Күкіртсутек жүйкеге әсер ететін газ екенін бәріңіз білесіздер  Белгілі бір деңгейден асып кеткенде, мұрнымыз иіс сезбей қалады, тыныс алу жүйесі өшеді. Осы күкіртсутекті газын барынша мол, 3 ШРК, 50 ШРК және 120 ШРК мөлшерінде жіберген күндер болды. Оны сезбегеніміз ештеңе емес. Біз ұйықтап, оянбай қалуымыз мүмкін! Мұндай жағдайлар болды да!

«Атамекен Эко» ҮЕҰ басшысы Арман ХАЙРУЛЛИН денсаулық сақтау басқармасы ұсынған соңғы он жылдағы деректерді келтірді. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде туа біткен аурулардың саны төрт есеге артқан.

– Тыныс алу жолдары, қан айналым жүйесі, жүрек-қан тамырлары аурулары мен онкологияны айтып отырған жоқпын. Осы залда отырғандардың тең жартысын аллергия мазалайды деп ойлаймын, - деді А.Хайруллин ТШО-ны сынаған әріптесін қолдап.

Талқылау аяқталғаннан кейін Сүлейменова қорытынды сөзін айтты. 

Оның пікірінше, экобелсенділер ұсынған ластаушылардың онлайн картасын жасау жақсы ой, министрлік оны қолдайды.

ТШО ТҮСІНДІРМЕСІ:

Көп кешікпей, «Теңізшевройл» ЖШС-нің баспасөз қызметі осы кездесудің кейбір тұстарына түсініктеме берді: «Жаңа техниканы іске қосу, техникалық қызмет көрсету немесе жабдықты тоқтату кезінде персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және стратегиялық объектілерді қорғау мақсатында газ жағылады, бұл зауыттың технологиялық регламентіне сәйкес келеді. Айта кету керек, соңғы 5 жылда ТШО газды алауда жағуды 59%-ға қысқартқан. Сонымен қатар, 2007 жылдан бері «Теңізшевройл» бүкіл Теңізде ауа сапасын бақылау станцияларының желісін пайдаланып отыр. Санитариялық қорғау аймағының ішіндегі және шекарасындағы ауаның сапасы ҚР қолданыстағы гигиеналық нормаларға сәйкес келеді. Вице-министрдің метанолға қатысты суға жіберілетін шығарындылардың ШРК-дан асып кету туралы ескертуіне келсек, 2021 жылы күшіне енген Әдістеменің өзгеруіне байланысты ағызу лимиті көбейгенін атап өткен жөн. Яғни, сұралған шекті меженің айтарлықтай өсімі суға жіберілген ағын көлемінің ұлғаюына және олардың сапасының нашарлауына байланысты емес, есептеудің басқа әдісін қолданғаннан болды. Құлсары қаласындағы ТШО-ның қалдық тасымалдайтын нысандарын көшіруге, сондай-ақ вагондарды тазалау мен жөндеу нысандарына қатысты айтарымыз, Құлсары қаласындағы аталған нысандардың барлығын тәуелсіз жеке компаниялар басқарады, олар ҚР заңнамасын сақтауға жалпы міндеттеме алады. ТШО-ның жеке, тәуелсіз компаниялардың мүлкін басқа аумаққа көшіруге құқығы жоқ. Осыған байланысты бұл сұрақты осы нысандарға иелік ететін компанияларға жолдаған жөн».

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор және АМӨЗ баспасөз қызметі ұсынған

Бейнежазбаны түсірген автор

18 тамыз 2022, 15:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.