Атырау, 27 сәуір 06:15
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Қай жерде бойыңа қуат жинап, жасаруға болады

Сурет Бейнежазба
1 164 просмотра

Атырауда зейнеткерлерге арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» өз жұмысын жалғастырды. Бұл жобаның қаншалықты қажет екенін мына көрсеткіштерден байқауға болады - егер былтыр 70 адам қатысса, биыл 150 зейнеткерді қамтуда. 

Бұл жоба пилоттық жоба ретінде былтыр іске қосылды. Жоба аяқталғанда да бізге зейнеткерлер бірнеше рет хабарласып, қашан өздеріне ұнайтын іспен айналысуға мүмкіндік болатынын анықтап беруді өтінді. Орталықта зейнеткерлер суда жүзу, ән айту, би, дене шынықтыру (ЛФК), атпен серуендеу, компьютерлік сауат ашу, қыштан бұйымдар жасау, шахмат, домбыра, тоғызқұмалақ және қазақ тілі секілді үйірмелерге тегін қатысып, бос уақыттарын белсенді өткізеді.

Мұнда келушілердің жасы 60 пен 81 жас аралығында. Олардың бірі байырғы мұғалім болса, бірі дәрігер, енді бірі әскери қызметші, бірі қарапайым әлеуметтік қызметкер және т.б.

Жобаны "Қоғамдық денсаулық сақтау институты" атты жеке мекеме жүзеге асырады. 

Жоба жетекшісі Алуа СРАЛИЕВА қазір орталықта 150 зейнеткер толық қызмет алып жатыр дейді. Одан бөлек 67 адам резервте тұр. Орта жолдан әр түрлі себептермен қатыса алмай қалған зейнеткерлердің орнын қосымша тізімдегілермен толықтырып отырамыз. Келушілер кемінде 4 қызметті таңдайды, сонда бір апта уақытын осы орталықта жүргізеді, ал сенбі-жексенбі күндері орталық демалады. Іс-шаралар аптаның бес күні бойы сағат 10-нан кешкі 19:00-ге дейін жалғасады.

- Осы орталыққа келгелі атқа өзім отыруды, суда жүзуді үйрендім. Бірнеше жылдан бері көрмеген жұмыстастарымды да осы орталықтан кездестіріп, бос уақытымызды көңілді өткізіп келеміз. Былтыр қолөнер үйірмесіне тоқыма тоқуға қатыстық, - дейді зейнеткер Орал Ташмұханова. - Жылдың соңында өзіміздің тоқыған бұйымдардан қайырымдылық жәрмеңке ұйымдастырып,  түскен ақшадан балалар үйіне сыйлықтар жасадық.

Айжан Бисембиева орталық жөнінде былтыр курстастар чатынан білген. Солармен бірге бой жазу үшін жобаға қатысуға жазылды. Оған жоба өте ұнады, биыл құдағайы мен сыныптасын да ерте келді. Онымен бірге жолдасы да қатысып отыр, ол домбыра үйреніп жатыр. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Айжан апа әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеді, жолдасы резервтегі әскери офицер. Жұмыстан босағаннан кейін үйде отырып қалған қиын. Бұл жерде замандастар болып белсенділік танытып, туған күндерін де атап өтеді. 

- Мұнда дәрігер де, мұғалім, қарапайым қызметкер де бар. Біреулер кезінде бастық болып қызмет етсе де бұл жерде бәріміз бірдейміз. Өйткені бәріміздің ортақ статусымыз - зейнеткер, - дейді Айжан апа.

- Мен 19 жасымнан бастап былтыр 79 жасқа келгенше 60 жыл Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық академияда, Халел Досмұхамедов атындағы университетте музыкадан мұғалім болып еңбек еттім. Былтыр зейнеткерлікке шыққан бойда осы жобаға келдім. Былтыр құмыра жасау мен компьютермен жұмыс істеуді үйренсем, биыл жүзуді меңгеріп жатырмын. Алып жатқан әсерім өте керемет, қайтадан бойыма қуат жинап, жасарып келе жатқандаймын, - дейді 80 жастағы Мақыш ГАЙСИНА.

Зейнеткерлердің сөзінен байқағанымдай, мұнда келушілердің көбін ипподром мен бассейн қызықтырады. Ал – шахмат, тоғызқұмалақ тағы да басқа әртүрлі үйірмелер орталықтың басты кеңсесінде өтеді. Әңгіме барысында зейнеткерлердің бірі орталықтың негізгі ғимараты 150 зейнеткер үшін тарлық етіп жүргенін айтып өтті. Алайда бұл жер әртүрлі жаттығуға ыңғайлы болу үшін кеңдеу ғимарат бөлінсе дейді, қызмет алушылар.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор 

9 тамыз 2022, 23:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.