Атырау, 3 мамыр 10:34
 ашықВ Атырау +21
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

Атырауды жасыл желекке орауға болады

Сурет
943 просмотра

Атырау тұрғындары қалада көгалдандырудың толық цикліне жауапты «КДМС» компаниясының жұмысына енді үйрене бастағанда, мемлекет «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) туралы» заңға өзгерістер енгізіп, сервистік келісімшарттардың күшін жою туралы шешім қабылдады. Ал бұл бұрынғы тендер жүйесіне қайта оралу деген сөз. Онда көгалдандыруға 8 конкурс жарияланып, әр жеңімпаз тек өз жұмыс бағытын ғана ойлап, жалпы жұмыс нәтиже бермеген еді.

ҚОЙШЫ КӨП БОЛСА, ҚОЙ АРАМ ӨЛЕДІ

Өзгерістер ел президентінің жыл басындағы кәсіпкерлермен кездесуінде сөйлеген сөзіне қатысты.

– Елге инвестиция тартудың тағы бір бағыты - мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қайта жандандыру болуы керек. Бүгінде бұл құрал шын мәнінде мемлекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өту құралына айналды. Бүкіл кәсіпкерлік тәуекелдер бюджетке жүктеледі. Негізсіз шамадан тыс жеңілдіктер мен шамадан тыс маржалар ұсынылады, - деді Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ сол кезде.

Бұдан бұрын көгалдандырумен айналысатын компаниялар олардың пікірінше, әділетсіз ережелерге әлденеше рет шағымданған еді. Егер конкурсқа мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері қатысса, жеңіс соларға тиесілі болатын. Алайда іс жүзінде олардың жұмысқа қажетті техникалары, білікті мамандары, өздерінің жасыл тәлімбағы болмауы мүмкін. Нәтижесінде жеңімпаз көгалдандыру саласында құзыреттілігі бар компанияны аз сомаға қосалқы мердігер ретінде жалдайды. Мұның бәрі Атырауды көгалдандыру сапасына әсер етті.

– Сервистік қызмет көрсету МЖӘ саласына көшкенге дейін бізде көгалдандыру бойынша 8 жеке тендер өтті. Біреуі көшет отырғызу үшін, екіншісі жасыл алқаптарды күту үшін, үшіншісі гүл отырғызу үшін, төртіншісі оларды күту үшін, т.б. Айналып келгенде, фирмалар түпкілікті нәтижеге мүдделі болмады. Оның үстіне, түрлі себептермен конкурстарды өткізу мерзімі кейде кешіктіріліп, көгалдандырушылар көшет отырғызудың және суарудың оңтайлы уақытын өткізіп алатын. Басқа қалаларда да осындай тәжірибе болған, бірақ біздің континенттік климатқа байланысты бұл жердегі көрініс өте нашар болды. Мәселен, Ақтауда көгалдандыру жұмыстары бір лот бойынша жүргізілетін. Алайда тендерді осыған маманданған фирмалар емес, жеңілдікке ие мекемелер ұтып алған жағдай оларда да болды, – дейді «Alatau Innovations» ЖШС директоры Мөлдір МАНГИЛИЕВА

Оның пікірінше, не сервистік келісімшартта көгалдандыруды қалдыру керек, не МЖӘ және мемлекеттік сатып алу туралы заңдарды Атырау облысында өз тәлімбағы бар мамандандырылған фирмалар жеңетіндей етіп қайта қарау керек. Ал Солтүстік Қазақстанның немесе Шымкенттің ағаштары біздің климатты жерсінбейді.


КДМС: БІРІ БӘРІ ҮШІН

Еске салсақ, 2019 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік схемасы бойынша қаланы көгалдандыру саласында жаңа тәсіл қолданылған болатын. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, қалалық ТКШ бөлімі және «Каспийдормостострой» ЖШС арасында бес жылға жалпы құны 4,69 млрд теңгені құрайтын келісім жасалды. «Атырау қаласын көгалдандыру» жобасын жүзеге асыру осындай мерзімге жоспарланған, оның аясында жеке әріптес 25 мыңнан астам көшет, оның ішінде 8 мың түп жапырақты ағаш көшеттерін және 2 мың жеміс ағаштарын өз қаражаты есебінен отырғызу керек. Көшеттер бойынша қызмет көрсету және кепілдік келісімшарттың бүкіл мерзімін және соңғы көшет отырғызу мерзімінен кейінгі екі жылды қамтиды. Сондай-ақ, «Каспийдормостострой» ЖШС өз қаражаты есебінен электронды мәліметтер базасын құру үшін Атыраудағы бүкіл жасыл желектерді зерттеп, түгендеу жұмыстарын жүргізеді. Бірақ ағаштарды паспорттау келісімшарт бойынша қызмет көрсетілетін жерлерде ғана жүргізіледі. Сондықтан еріктілер мен тұрғындардың өз ауласына отырғызған жасыл желектері электронды базада қамтылмайды.

2020 жылғы мониторинг деректері бойынша 2019 жылы отырғызылған көшеттердің жерсіну көрсеткіші 88% құрады. 2021 жылы «КДМС» ЖШС 11470 ағаш отырғызды: 3200 данасын – А-28 тас жолының бойына, 4900 данасын қоршау түрінде – Сәтпаев даңғылында, 1030 данасын Мәденов көшесіне, 370 данасын Амандосов бойына, 270 данасын Құрманғазы көшесіне және 700 данасын Құрманғазы саябағына отырғызды. Инвестициялық бағдарлама бойынша Жеңіс саябағына 1000 түп жеміс ағашы отырғызылса, белгілі шаруагер Владимир Розметов арқылы Беларуссиядан алма ағаштарының біздің климаттық жағдайға бейімделген ерекше сорттары сатып алынды. Жоба басында Тайманов көшесінің оң жағында небәрі 13 ағаш болса, қазір оның саны 3 мыңнан асты. 4 жыл ішінде «КДМС» қызметкерлері қала бойынша 20 580-ге жуық ағаш отырғызды. Жалпықалалық сенбілік аясында Әбілқайыр хан және Сәтпаев даңғылдарының бойына көшет отырғызу жұмыстары жүргізілді. «Атамекен ЭКО» ҮЕҰ және басқа да қоғам белсенділерімен біге 20 789-дан астам көшетті сыйға тарту акциялары өткізілді. Олар 24 мектеп пен 14 балабақшаның учаскелеріне, бау-бақша қоғамдары мен қалалық шаруашылықтарға отырғызылды.

Топырақ сапасы «КДМС» ЖШС-ін үнемі сырттан топырақ әкелуге мәжбүр етеді. Компания жаңа технология бойынша отырғызады, қазылған шұңқырлардағы ескі топырақты мүлдем пайдаланбайды. Дайындалған шұңқыр түбіне мембрана рөлін атқаратын геотекстильді материал төселеді. Ерте көктемде мамандар учаскені дайындауды бастап, бір шұңқырға есептелген қоректік қоспаларды әзірлейді: 30 кг қара топырақ, 300 гр суперфосфат, 300 гр күкірт қышқылды калий және 2 кг биогумус. Атырауда күзгі егіс жұмыстарына 240 тонна қоспа дайындалуда. Сондай-ақ, «КДМС» сүрек қалдықтарын ағаштарды жабындау үшін ағаш жоңқаларын өңдейді, бұл ыстық кезеңде топырақты қорғауға мүмкіндік береді.


ЕКІ СУАРУ ЖЕЛІСІ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ, ҮШІНШІСІ ЖОБАЛАНЫП ТҰР

«Каспийдормостострой» ЖШС өкілі Леонид ЗАДЕРНЫЙДЫҢ айтуынша, 2019 жылы «КДМС» қаланы көгалдандыру бойынша ұзақ мерзімді егжей-тегжейлі жоспар әзірлеп, оны жүзеге асыру бойынша міндеттемелер алған кезде сорғы станциялары мен қолданыстағы суару құбыры өте нашар жағдайда болған. Компания ғимараттарды жөндеуге, жаңа электр желісін тартуға, трансформаторлар орнатуға, жаңа сорғыларды орнатуға, саябақтар мен гүлзарларды суару желісін жөндеуге және орнатуға мәжбүр болған. Алғашқы жылы компания суару жұмыстарына қалада 36-ға дейін су тасымалдағыш пайдаланды. Қазір желіде 12 көлік жұмыс істейді. Олар су құбыры жоқ жерде және тыңайтқыштарды енгізу кезінде пайдаланылады, өйткені су құбырына минералды кешендерді салуға болмайды - құбырлар бітеліп қалады. Жоба бойынша компания маусым ішінде бірнеше рет жасыл алқаптарды тыңайтуы керек.

Леонид Задерныйға сұрақтар:

– Айтпақшы, суару жүйесі туралы. Су тасушыларды пайдалану тұрғындардың наразылығын туғызуда, себебі соңғы жылдары Атырауда суару құбырының екі желісі салынды.

– Су құбырын тарту тендерін алматылық «АлматыИнжСтрой» компаниясы жеңіп алды. Біз олардың қосалқы мердігері болдық. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылды. Бірінші кезең 2017 жылы болды – сол кезде қалалық әкімдік ғимаратынан басталып, Сәтпаев даңғылы бойымен халықаралық әуежайға дейін созылған желі пайдалануға берілді. Ол орталық көпір жанындағы сорғы станциясынан су алады. Сәтпаев даңғылының ортасындағы жасыл жолақта спрингер-бүріккіштер жұмыс істейді, ал жолдың екі жағына жер бетіне шлангтарды қосуға арналған розеткалар салынған.

Екінші кезең 2019 жылы басталды, бірақ пандемияға және тапсырыс берушінің қаражатының болмауына байланысты жұмыс 3 жылға созылды. Қазіргі уақытта бұл жұмыс аяқталды. Суару құбыры Бейбарыс, Азаттық, Сәтпаев, Әбілқайыр хан даңғылдары, Ғұмаров, Владимирский, Құрманғазы, Тайманов, Берғалиев, Амандосов, Баймұханов, Махамбет, Уәлиханов, Ғабдиев, Мәденов, Құнанбаев, Әуезов көшелері, Нұрсая ы/а, Самал ы/а, Алмагүл ы/а, Атырау – Махамбет тас жолының А-28 айналма жолы бойымен 22 учаске арқылы етеді. Суару жүйелері арқылы су айдайтын 7 жаңа резервуар салынды. Резервуарлар көлемі - 100 және 200 текше метр. Жалпы ұзындығы: диаметрі 110 мм құбыр – 75 389 м, д 50 мм құбыр – 43 752 м, д 20 мм құбыр – 61 479 м, тамшылату құбыры – 104 033 м. Қазіргі таңда қаланы суарудың 85 пайызы суару құбыры арқылы, негізінен тамшылатып суару әдісімен жүзеге асырылады, бұл суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

- Владимирский көшесінің бойындағы жасыл желектер автоматты түрде суарылмайды, мұны жұмысшылардың шланга арқылы суаратынын көремін ...

– Иә, бұрын төселген жаяу жүргіншілер жолын бұзбау үшін ол жердің бәрін қазбай, құбырлар жүргізіп, су розеткаларын орнату ұйғарылды. Оларға шланг кигізіліп, сорғы станцияларынан резервуарларға су жіберіліп, осылай суарылады. Бірақ ол ауданға су тасушылар енді қажет емес. Дәл осындай жүйе кәсіпкерлер аллеясында да қолданылады. Ал шалғай аудандарда кейбір гүлзарлар мен Жеңіс саябағының жиегіндегі көгалды су тасығыштардың көмегімен суарамыз. Себебін жоғарыда түсіндірдім. Келесі жылы МЖӘ аясында жаңғырту және жаңа құбыр тарту жоспарлануда. Атырау қаласының қазіргі әкімі Мейірім Қалауи қала басшысының орынбасары болып тұрған кездің өзінде-ақ көгалдандыру бағдарламасын әзірлеуге белсене атсалысты. Ол көшеттерді дер кезінде суару қажеттігін жақсы түсінеді, осыған байланысты қаланың шалғай аудандарына суару су құбырларының үшінші желісін салуды ұйғарды. Қазіргі уақытта желіге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге тендер жарияланды. Біз өз тарапымыздан желіні қай жерге салу керектігі туралы схеманы дайындадық. Бұрын бұл жұмыс біршама ретсіз, жүйесіз жүргізіліп келген. Мысалы, ескі сорғы станциясына жаңа желілерді қазіргі жасыл желектер мен жаңа ағаштарды суаруға жеткілікті қуат бар ма, электр желілері, моторлар жүктемеге төтеп бере ме, жоқ па, ешқандай инженерлік есепсіз қосуға болатын еді. Қазір МЖӘ жобасында осының бәрі қарастырылған, жаңа сорғы станцияларының, резервуарлардың құрылысы жоспарланады.


ШЫРАЙГҮЛ ОРНЫНА РАУШАН ГҮЛДЕРІ

Қала тұрғындары соңғы кездері алаңда бұрынғы көгалдандырушылар жақсы көретін шырайгүлдердің көрінбейтінін байқап жүр. Олардың орнын керемет раушан гүлдері басқан. Л.Задерныйдың айтуынша, компания тұрақты көпжылдық гүлдерді отырғызуға көшіп жатыр:

– Атырауда өткен жылдары біржылдық гүлдердің көпжылдық гүлдерге арақатынасы 100 пайызға жақын болса, бүгінде біз көпжылдық гүлдерге артықшылық беріп отырмыз. Біржылдық өсімдіктерді отырғызу қаржылық жағынан тиімді және күтіп ұстау оңай болғанына қарамастан: біржылдық өсімдіктер маусымда бірнеше рет отырғызылады, бұл көгалдандыру бюджетінің шығыс бөлігін, сәйкесінше компания кірісін едәуір шығындайды. Бүгінде гүлзарлардың жалпы ауданы - 12,5 мың шаршы метр. Оның 3,9 мыңы біржылдық. Яғни, қазір біржылдық өсімдіктер 30%-дан аз. Біріншіден, көпжылдық өсімдіктер әдемірек. Ал, екіншіден, бұл тәжірибе қала бюджетін үнемдеп, бір учаскеге маусымда бірнеше рет екпей, көгалдандыру аумағын жылдан-жылға кеңейтуге мүмкіндік береді, – дейді Л.Задерный.

Көрнекілік үшін: 2019 жылы – 386 мың біржылдық гүл, 2020 жылы – 375 мың біржылдық және 3 мың дана көпжылдық, 2021 жылы – 274 мың біржылдық және 12 мың дана көпжылдық, 2022 жылы – 200 000 біржылдық және 10 000 дана көпжылдық гүлдер егілді.

Осы маусымда Атырауда: Жеңіс саябағында және Балықшыдағы саябақта, Исатай, Махамбет алаңдарында, Сәтпаев-Құрманғазы, Махамбет-Азаттық, Тайманов-Құрманғазы көшелерінің қиылысында, Оңғарсынова мен Нәжімеденов ескерткіштерінің алдына, Х.Досмұхамедов атындағы университет, драма театрының алдында, әуежай ғимаратының алдындағы алаңда, Махамбет-Баймұханов көшесі бойындағы айналма жолда, Алмагүл ы/а, Салтанат сарайы, Атырау ақпарат және қалалық, облыстық соттар мен әкімдіктер ғимаратының алдында, ту тұғырының аумағында  20 гүлзар отырғызылды. Бұдан басқа, қаланың орталық көшелерінің бойында орналасқан гүл құмыраларына гүлдер отырғызылған. Гүл отырғызуға арналған барлық аумақтар жыл сайын тапсырыс берушімен келісіледі.

Декоративті өсімдік түрлерінің құрамын таңдаған кезде компания олардың Атыраудың қатал климат жағдайына төзімділігіне және әдемілігіне ерекше назар аударады: гибискус, канн, гайлардия, арша, Magic Mayland және Double Knockout раушан гүлдері. Соңғысы, айтпақшы, австралиялық раушан гүлдер байқауының екі дүркін алтын жүлдегері. Білгірлер оны көп гүлденетінін, аязға және ауруларға төзімділігі үшін бағалайды. Атырау алаңына екінші жыл осы түкті раушан гүлінің сәнді кілемі төселген. Ол өте көп және ұзақ гүлдейді. Енді оны драма театрының алдындағы гүлзарлардан тамашалауға болады.

- Өкінішке орай, кейде тұрғындар өсімдіктерді тағыларша бүлдіріп тастайды. Маусым басында драма театрының жанынан 58 раушан гүлі қазылып алынған, тағы 56-сы жолдан гүлзарға шығып кеткен көлік доңғалағының астында қалған. Салтанат сарайы маңындағы гүлзардан 42 түп бұта ұрланған. Әрине, бізге қайтадан отырғызуға тура келеді, сондықтан биыл көктемде тағы 114 раушан гүлін отырғыздық. Мемлекетпен әріптестік жобасы аясында біздің компания раушан гүлдерін қосқанда барлығы 31 мыңға жуық көпжылдық гүлдерді отырғызып, өсірмек, – дейді Л.Задерный.

БАРЛЫҚ АҒАШ САНАУЛЫ

ТКШ бөлімімен 5 жылдық әріптестік аясында 4 жыл бұрын «КДМС»-ке басқаруға берілген және осы жылдар ішінде олар өсірген жасыл аумақтарды паспорттау жобаны жүзеге асыру үшін енгізілген. Бұл маңызды шарттардың бірі. Сондықтан компания осы жұмысты атқаруда. Мамандар көшеттердің қазіргі жағдайын қадағалап, бақылап, осы деректерді жүйелеп отырады. Жыл сайын отырғызылады; кейбір ағаштар тамыр алмайды, сондықтан деректер өзгеруі мүмкін. Осы тұрғыда паспорттауды жобаның соңына қарай аяқтау туралы шешім қабылданды. Бұл уақытқа дейін бұл деректердің барлығы цифрландырылып, каталогы жасалады.

- Бізде қосымша уәж бар: жуырда өткен жиында қала әкімі Мейірім Қалауи кез келген заманауи қалаға аса қажет нәрсе – оның дендрологиялық жоспарын жасауды ұсынды. Ресми түрде Қазақстанда дендрологиялық жоспарды сақтамай жасыл аумақтарды дамыту мүмкін емес, бұл «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңда, Ұлттық экономика министрінің тиісті бұйрығында талап етіледі. Ал Атырауда мұндай жоспар болған емес, дегенмен кез келген қала үшін бұл іс жүзінде бас даму жоспарымен бірдей. Яғни, барлық көгалдандыру бағдарламасы топырақ пен қоршаған орта зерттелмей, үнемі ретсіз жүргізіліп келген, бұл өз кезегінде шығындардың көп кетуіне және олардың негізсіз пайдаланылуына әкеліп соқты. Барлық жағынан күрделі өңірімізде негізінен көгалдандыру мүмкін емес немесе тым қымбатқа шығатын учаскелер бар. Мұндай қателіктерді болдырмау үшін дендрологиялық жоспар қажет. Демек, паспорттау - оның негізгі құрамдас бөлігі. Жоспарды арнайы мекеме, Орман шаруашылығы институты жасайтын болар. Олар өз жоспарын қаланы кеңейтудің бас жоспарына қосады. Мәселен, Талғайраңда жаңа аудан салынып жатыр, институт мамандары зерттеу жүргізіп, қандай топырақ бар, қандай ағаштарды отырғызу тиімдірек деген тұжырымдарын айтады. Қарағаш, шаған, үйеңкі, айланд, акация, катальпаны өсіруге болатыны дәлелденді. Ал дендрологиялық жоспарды суару құбыры жоспарымен біріктірген дұрыс, - деп есептейді Леонид Задерный.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

7 тамыз 2022, 20:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.