Атырау, 5 қазан 06:31
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

«Аяғымның Алматыда сынғанына қуандым». Сағыз халқы ауруханаға зәру

Сурет Бейнежазба
1 753 просмотра

Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы ірі Сағыз ауылында аурухана жоқ. Бұл үлкен мәселе, мұны «АЖ» тілшісі зерттеп көрді. 

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, шұғыл түрде ем алу қажет кезде немесе маман дәрігерлерге қаралу үшін ондаған шақырым жердегі аудан орталығы Миялы ауылына немесе облыс орталығы Атырау қаласына баруға мәжбүр. Аптап ыстықта да, қақаған қыста да алысқа сабылады.

Ауылда күніне 50 адамды қабылдауға арналған Сағыз дәрігерлік амбулаториясы бар. Жаңа ғимарат былтыр ақпанда ашылған. Онда 15 керуеттік күндізгі стационар бөлімшесі бар. Бұл амбулатория Қызылқоға аудандық ауруханасына қарайды. 1 қаңтардағы ресми статистика мәліметі бойынша, Сағыздың халқы 8075  адамды құрайды. Тұрғындар ресми статистикаға сенбейді. Олар халық саны бұдан көп деген пікірде. Айтуларынша, ауылдағы дәрігерлік амбулатория бүгінде бүкіл ауыл халқын қамти алмай отыр және онда маман дәрігерлер мен арнайы медициналық жабдықтар тапшы.

67 жастағы Гүлзипаш ҰЗАҚПАЕВАНЫҢ жолдасы осыдан бес жыл бұрын миына қан құйылып, қайтыс болған. Ол жолдасын қинап, қияндағы Миялыдағы аудандық ауруханаға апармай, ауылдан емдеп, аман алып қалуға болар еді деген пікірде.

- Шалымды соңғы екі жылда қан қысымы мазалап, кенеттен инсульт соғып құлағанда, аяқ-қолы істемей қалды. Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға барғанда мұнда ештеңе жасай алмай, Миялыға жіберді. Миялыдағы аудандық ауруханада шалымның жағдайы нашарлаған соң үйге алып кеттік. Үйге келген кейін шалым қайтты. Осы отырғанда, өзімнің де қан қысымым бар. Ауылда жатып емделейін десең, аурухана жоқ. Қит етсе, жергілікті дәрігерлер шамамен 120 шақырым жердегі Миялыға жібереді. Біздің ауылға дұрыс аурухана өте қажет. Диагнозды дұрыс қоя білетін, емді тиімді жүргізетін білікті маман дәрігерлер керек, - дейді Г.Ұзақпаева.

Сағызда бұрын бір емес, екі аурухана болған. Бірі – теміржол ауруханасы, екіншісі –учаскелік аурухана. Теміржол ауруханасы 1956 жылы ашылған және 15 төсекке арналған, әйелдер босанатын бөлімі болған. Ауруханада 2 дәрігер, 3 медбике, бір акушерка, 3 санитар қызметкері жұмыс істеген. Аурухана 1998 жылы жабылған. 

Ал Сағыз учаскелік ауруханасы 1963 жылы ашылған. 1974 жылы аурухана жаңа салынған ғимаратқа көшіріліп, 30 төсектік орынға кеңейтілді. Онда 6 дәрігер, 14 орта дәрежелі медицина қызметкері жасаған. Ал 2013 жылы аурухананың орнына бір саты төмен медициналық мекеме - дәрігерлік амбулатория ашылды.

НАҚПАЕВТАН КӨМЕК СҰРАДЫҚ

Жергілікті тұрғындардың бірі 70 жастағы Бөбек ӘЛІМБАЕВА1972 жылдан бастап жабылғанша Сағыз учаскелік ауруханасында жұмыс істеген. Қазір ол ауылдағы базарда саудамен айналысады.

- Біздің ауылда,әсіресе, босануы жақын әйелдерге қиын. Босануға бір ай қалғанда оларды ауылдағы дәрігерлік амбулатория Миялыдағы ауруханаға немесе Атыраудағы перзентханаға жібереді. Босанатын әйелген барып-келуге таксиге қыруар ақша кетеді. Аудан орталығынан оны УЗИ-ге түсу керек деп, Атырауға жібереді. Сөйтіп, өзі аяғы ауыр адам күтіммен отырудың орнына қайта-қайта жолға шығуға мәжбүр. Ал бұрын Сағыз учаскелік аурухана жұмыс істеп тұрғанда қаншама адам емделіп шықты, қаншама әйел аман-есен босанып жүрді. Солардың бірі мен. Төрт баламды да сол ауруханада босандым, - дейді Әлімбаева. Ол ауылда аурухананың жабылғанына тұрғындар қарсы болғанын айтады.

Ал, аты-жөнін айтқысы келмеген басқа тұрғын Сағыз ауылдық округының теміржол ауруханасында егу кабинетінің медбикесі болып жұмыс істеген, аурухана 1998 жылы жабылғанда жұмыссыз қалған екен. 

- Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда акушер-гинеколог бар, бірақ олар жүкті әйелді тіркеп, бақылауға алады. Анализ тапсыруға қалаға жібереді, - дейді сол әйел. 

«АЖ» тілшісімен кездесуге жиылған тұрғындар ірі ауылға аурухана керек деп бірнеше жылдан бері айтып келе жатқанын алға тартты, тіпті депутаттарға да жолыққан, нәтиже жоқ. Жазда Сағызға Мәжіліс депутаты Сәлімжан НАҚПАЕВ келгенде 500 адам қол қойған жазбаша өтініш тапсырған. Алайда, мәселе сол ашық күйінде қалды.

- Сағызбен шекаралас Жантерек, Жамансор, Мұқыр, Кенбай, Сағыз елді мекендерінде де аурухана жоқ. Олар да емделуге Миялыға немесе Атырауға барады. Сол ауылдарды қамтитын Сағыз ауылында бір ортақ аурухана салса, жеткілікті, арасы қашық емес, - дейді ауыл белсендісі А. Өскімбай.


«БОСАНАТЫН ӘЙЕЛДЕРГЕ ЖАНЫМЫЗ АШИДЫ"

Әңгімеге зейнеткер Саржан ШӘКІМБАЕВА араласты. 

- Аналарды босануға бір ай қалғанда Миялыға, Атырауға жібереді. Бала босанғаннан кейін екі ай өткен соң салпылдатып тағы қалаға ауруханаға жібереді, ең болмаса, кезекке жазып, қабылдайтын күнін белгілемейді. Оны дәрігер уақыты үйлесіп, қабылдаса жақсы, көбіне ертеңге қалады. Олай адамды әурелегенше, ауылдан қарамай ма? Әйелдердің босанғанша жүйкесі құриды, босанғанан кейін тағы сол. Келіндеріміз жүкті болса, босанатын күні жақындаса біз де уайымға салынамыз. Келіндеріміз бір ай қалада перзентханада жатқанда ауылда қалған балаларын уайымдайды. Біз сол немерелеріміз ауырып қалса, іші өтіп, қызуласа не істейміз тағы уайымдаймыз. Көріп жатқан күніміз осы сары уайым, - дейді Шәкімбаева.

Саржан апаның айтуынша, ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда көптеген дәрігер маман жоқ. 

- Мәселен, ЛОР мен көз дәрігері жоқ. Ал, ауылда екінің бірінің құлағы нашар естиді, көзі нашар көреді. Бәрі Атырауға барып қаралады. Бала дәрігері жоқ. Келген фельдшерлерді дәрігер қылып отыр, олар не біледі? Білікті хирург керек. Сағыз ауылы үлкен жер, ауылда әр түрлі оқыс жағдайлар болып жатыр. Балалардың мұрнына бірдеңе кіріп кетіп жатады, аяғын кесіп алады. Бәрін Атырауға жібереді. Қыстың мезгілінде аяқ, қол сынып жатады. Ол байғұстарды  Миялыға апарады. Миялы Атырауға жібереді. Жолда селкілдетіп апарып, кері Сағызға пойызбен «носилкамен» алып келеді. Адамдар қанша азап көріп жатыр. Мен өзім қыстыгүні Алматыда жүргенде аяғым сынды. Сол кезде ауылда болмағаныма қуандым. Себебі, Алматыда мені жақсы емдеп, жазылып келдім. 


АРМАН БОРАШЕВТЫҢ ЖАҒДАЙЫ

Биыл мамырдың 3-і күні Сағыз ауылының тұрғыны Арман БОРАШЕВ Миялыдағы Қызылқоға аудандық ауруханасында көз жұмды. Әкесі Серғалидың айтуынша, ұлы мамырдың 1-і күні жұмыстан келіп, кешкі 23.00 шамасында дос-жолдастарымен кездесу үшін үйден шығып кеткен. Сол күні үйге оралмаған. Ал, 2 мамырда таңда туыстары оның соққыға жығылғанын естиді. Ес-түссіз жатқан оны далада мал бағып жүрген малшылар көріп, полицияға хабарлаған. Арманды Сағызда дұрыс дәрігер болмағандықтан Миялыдағы ауруханағажедел жәрдем көлігімен жіберді. 

- Миялыға барғанда оны «комада»жатыр деді. Ол жазылып кетеді деді. Бірақ, 3 мамырда қайтты деген хабар келді, - дейді Арманның жесір қалған әйелі Нұрсәуле.Арманның мұрны сынған, көзі көгерген, денесінде де көгерген іздер болды. Артқы шекесін темірмен ойып жіберген. Арманды Миялыға жібермей, Атырауға ұшақпен апарғанда аман алып қалуға болар ма еді.


ХАЛЫҚ САНЫ ЖЕТПЕЙ ТҰР

Сағыз ауылының әкімі Өтепберген ӘБІЛОВТЫҢ айтуынша, ауылда аурухана салу үшін халық саны 10 мыңнан асу керек.

- Мен де осы ауылда аурухана болғанын қалаймын. Бірақ, аурухана салу қазір нормативке сай емес. Өзім де ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға қараламын. Жолдама берсе, Миялыға немесе Атырауға барып емделемін. Қазір құдайға шүкір, Миялы мен Сағыз арасы тегіс асфальт, Атырауға пойыз жүріп жатыр, - дейді Ө.Әбілов. 

Ал, Сағыз дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Исламжан ҚОСЖАН ауылға аурухананың  қажеті жоқ деп есептейді.

- Бұрын үкіметтің қаулысымен барлық ауылдық жерлерде ауруханаларды жапты да, күндізгі емдеу бөлімдерін ашты. Сағызда ауруханадағы орын толмай, керуеттер бос қалған соң жабылып қалды. Біз Миялыдағы ауруханаға жергілікті халықты шұғыл түрде ауруханаға жатқызу қажет болғанда және невропотолог, кардиолог, хирург секілді басқа да мамандандырылған медициналық көмек қажет жағдайда жібереміз. Ай сайын 75 адамға дейін емдеп шығарып отырмыз. Негізгі мәселе – босанатын күні жақын әйелдер мәселесі ғой. Иә, оларды мұнда аурухана ашылса да үкімет қаулысына сәйкес, қабылдамайды. Миялының өзінде де тек қана дені сау ананы қабылдайды. Ал, күрделі жағдайларда, мәселен, қан кетіп, ауруханаға шұғыл жатқызу керек болғанда қалаға жібереміз. Тек нағыз шұғыл жағдайда кейде өзіміз босандырамыз. Арнайы бөлмеміз бар. Астан уланған жағдайда да көмек көрсететін мүмкіндік бар. Шұғыл жағдайларда науқастар санавиациямен ұшақ шақырып тасымалданады.

- 3 мамырда Миялыда аудандық ауруханасында көз жұмған Арман Борашевты Миялыға емес, ұшақпен облыс орталығына жеткізгенде уақыттан ұтар едік дейді туыстары.

- Шұғыл көмек көрсетуді талап ететін жағдайлар қай кезде де болады. аудан орталығынан маман шақыртамыз немесе санавиацияға тапсырыс береміз. Олар жүрек талмасында, миға қан құйылғанда (инфаркт, инсульт), жедел гинекологиялық көмек қажет кезде және т.б. жағдайда келеді. Санавиацияның ұшуын ұйымджастыру үшін 4-5 сағат уақыт кетеді, ал жедел жәрдем көлігімен Миялыға сағат жарымда жеткізеді. Арман Борашевтың жағдайында осы айырмашылық маңызды болды.  

Ал,Қызылқоға аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі былай деп комментарий берді:

«Сағыз ауылының тұрғындары аурухана салу жөнінде жыл сайын жиналыстарда мәселе етіп көтеріп келеді. Сағыз ауылының халқы саны жетпей стандартқа сай келмеуіне байланысты, аурухана салынбай отыр. 2020 жылы Сағыз ауылынан 50 емделушіге арналған амбулатория салынды. Қазір амбулаторияда 7 дәрігер, 33 медбике, 5 фельшер қызмет көрсетеді. 2022 жылдың басынан бастап «Олимп» орталығының бөлімшесі халыққа қызмет көрсетіп келеді».

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор

22 тамыз 2022, 12:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.