Атырау, 14 мамыр 15:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +14
$ 440.92
€ 475.36
₽ 4.82

Алыстағы Азғырдың халі нешік?

1 468 просмотра

«АЖ» редакциясына Құрманғазы ауданы Азғыр ауылынан зейнеткерлер хабарласып, алатын зейнетақыларының тек тамақ алуға кететінін, қымбатшылықтың қысып, жағдайларының күннен-күнге нашарлап бара жатқанына шағымданды.

Көпшілік үшін Азғыр өңірі - аудан орталығынан 300, Атыраудан 600 шақырым қашықта орналасқан шалғайдағы елді мекен. Ал оның тұрғындары үшін – күнелтуге мәжбүр болып отырған туған жері.

- Толық аты-жөнімізді айта алмаймыз, себебі дүкен иелері қарызға керек-жарағымызды бермей қалуы мүмкін. Онсыз да «шықпа, жаным, шықпамен» отырмыз, алған зейнетақымызды дүкенге береміз де, «қара тізімге» еніп, сол бойда қарызға қайта кіреміз. Азық-түлік бағасы ұшынып кетті, күннен-күнге өсіп жатыр, тұрақтылық жоқ. Әкімшілік ең қажетті тауарлардың бағасын мониторинг жасап бақылап тұратын, ол жайына қалды. Сөрелерде тұрған тауарларға баға қоймайды, дүкенші не айтады, сол болады. Ресейдің Харабали ауылынан (60 шақырым), болмаса аудан орталығынан (300 шақырым) әкелінген тауардың бағасы бірдей, - дейді хабарласқан тұрғындар.

Жергілікті әкімшілік аштан қатып, көштен қалып жатқан адам жоқ дегенмен, азық-түлік тауарларының бағасы өсіп тұрғанын жасыра алмады. Мәселен, Балқұдық округіндегі  Қоңыртерек, Егінқұдық, сондай-ақ, Сүйіндік ауылдық округіне қарасты Жалғызапан, Батырбек елді мекендерінде бірде-бір дүкен жоқ. Осы елді мекен тұрғындары Балқұдық округі орталығынан 25 шақырым, ең жақын деген Батыс Қазақстан облысындағы аудан орталығы Сайқыннан 105 шақырым қашықтықтан қажетті тауарларын тасымалдап отыр. Басқаны қойғанда, Жалғызапан ауылының өзінде 400-ге жуық халық тұрады. Күнделікті қажетті тауарын алыстан дорбалап тасу оңай емес екенін елді мекен тұрғындары ашынып айтады.

- Маңызы бар азық-түлік тауарларының арзаны бізге жете бермейді. Өзіміз алыста тұрғандықтан ондай қамқорлықтан тыс қалғанбыз, - дейді олар.

Балқұдық ауылында баға мониторингісін саралап қарағанда, ақ нанның бағасы 250 теңгеге жеткен. Бір қап (50 келілік) жоғары сортты ұн («Желаев», «Белес») бағасы -15 500 теңге. 1 литр күнбағыс майы - 1000, қант келісі - 1000, 5 келілік макарон - 2200, қызаң - 650-850, қарбыз бастапқыда 550 теңгеден сатылып, бүгінде 170-180 теңгеге түскен, картоп - 314 теңге. Ал 3,5 майлылығы бар «Эконом» сүті 650, сары май 1058, 5,9% майлылығы бар сүзбе 940 теңге.

Жалпы округте 2190 тұрғын болса, оның 60-ы көп балалы отбасылар санатында, жұмыссыздық деңгейі 3,7 пайызды құрап отыр.

- Жалпы ауылда өте қиын жағдайда қалып тұрғандар жоқ, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайы сараланып тұрады. Жолдың шалғайлығы мен болмауы көбіне тауармен қамтушыларды қиындыққа тірейді. Ауылда бес дүкен тұрақты жұмыс жасап тұр, - дейді Азғыр округінің әкімі Жасұлан ЖАМАНҚҰЛОВ.

Сүйіндік округіндегі 50 келілік жоғары сортты ұн - 16500, нан -160, күріш - 700, қарақұмық - 800, қант - 1000, күнбағыс майы -1000, құс еті -1800, сүт (3,2 пайыз) - 550, айран - 600, сары май - 1800, жұмыртқа - 43, тұз - 180, картоп - 300, сәбіз - 450, жуа - 350, көкорам - 200, алма - 700, абрикос - 550, қызаң - 500, баклажан - 500, қияр -250, чеснок - 1800, апельсин - 1000, банан - 950, қарбыз - 250, қауын - 500 теңге тұрады. Сүйіндік округінің әкімі Қанат ҚҰЛШАРДЫҢ айтуынша, бұл жерде оншақты дүкен тұрақты жұмыс жасап тұрған көрінеді.

- Жалпы тауардың басым бөлігін тасымалдаушылардың өздері аудан орталығынан әкеледі. Ал тез бұзылатын тағамдарды олар жеткізе алмайды, жол қашық, әрі жол салынбаған ғой. Біз тез бұзылатын балмұздақ, бау-бақша өнімдерін Ресейден тасымалдап отырмыз. Арамызда шекара болғандықтан тауарды шектеп әкелуге тура келеді, - дейді жеке кәсіпкер Сабиля САБИРОВА.

Кәсіпкерлер жалпы ауылдың басым бөлігі қарызға алып, «қара тізімде» тұрғанын жасырмайды. Олардың ішінде уақытылы қарыздарын қайтара алмай жүргендер де бар екен.

- Біз әр тауарға 20-25 теңгеден артық қоса алмаймыз. Ол шығындарымызды жабуға әзер жетеді. Кейбір адамдар 100-150 мың теңгеге дейін қарызға кірген. Зейнеткерлер зейнетақысымен, ал малы барлар соны сатып, есептеседі. Бірақ бәрі бірдей емес, ақшаның орнына дәптерде бережақтар жазылған, - дейді жеке кәсіпкерлер.   

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер әлеуметтік желіден алынды

1 тамыз 2022, 16:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.