Атырау, 5 қазан 14:25
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Баланы мектепке беретін ата-ана нені білуі тиіс – маман кеңесі

1 223 просмотра
Фото: den-der.kz

Жаңа оқу маусымында «балам бірінші сынып табалдырығын аттайды» деп ниеттеніп отырған ата-ана аз емес. Ресми дерек бойынша, жыл сайын 380 мыңнан астам бүлдіршін бірінші сыныпқа барады. Дегенмен баланы білім ордасына орналастыруда түрлі мәселе туындап жатады. Атап айтқанда, үй маңында орналасқан мектептерде орын болмай, балалар қашық жердегі өзге білім беру ұйымдарында оқуға мәжбүр. Жалпы баланы мектепке беретін ата-ананың құқығы мен міндеттері қандай? Осы және басқа да сұрақтарды Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің басқарма басшысы Нәзира Әбдірахмановаға қойып көрдік, деп жазады Inform.kz тілшісі. 

- Нәзира ханым, әуелі ата-аналардың білгісі келетін сауалынан бастасақ. Жалпы елімізде балаларды мектепке орналастыру тәртібі қандай? Бұл процесс қандай құқықтық құжаттар негізінде жүзеге асады? 

- Бірінші кезекте білім беру ұйымдары оқуға қабылдауды Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген қағидалар бойынша жүргізеді. Яғни, азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Ата заңға сәйкес, жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алу заңмен белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады. 

Мектепке қабылдау одан әрі «Білім туралы» Заңына, Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сай жүргізіледі. Сонымен қатар, бұл орайда өзге де нормативтік құқықтық актілер мен білім беру ұйымдарының жарғылары ескеріледі. 

- Баланы мектепке беру үшін ата-анадан қандай құжаттар талап етіледі? 

- Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру бағдарламалары бойынша оқыту үшін құжат қабылдау мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сәйкес болады. Атап айтқанда, мектепке қабылдау үшін «Электрондық үкімет» веб-порталы немесе қағаз түрінде келесі құжаттар талап етіледі: 1) ата-аналардың немесе басқа заңды өкілдердің өтініші; 2) денсаулық жағдайы туралы № 065/у анықтама және «Бала денсаулығы паспорты» (026/у-3); 3) баланың 3х4 сантиметр өлшеміндегі цифрлық фотосуретi. 

- Ерекше санаттағы балалар үшін қойылатын талаптар туралы сұрасақ. Мәселен, елде уақытша тұруға рұқсат алған азаматтар бар. Сонымен қатар, шетелден көшіп келген, әлі азаматтық ала қоймаған қандастар аз емес. Олардың балаларын мектепке алу қалай жүргізіледі? 

- Шетелден келген азаматтардың балалары Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу ережесіне сәйкес мектепке қабылданады. Қазақстанда тұрақты және уақытша тұратын шетелдіктер және азаматтығы жоқ тұлғалардың балалары да оқуға қабылданып, білім беру ұйымдарымен қамтамасыз етіледі. Шетелдік және азаматтығы жоқ тұлғалар баласын мектепке беру үшін өздерінің мәртебесін айқындайтын, тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы белгісі бар мынадай құжаттардың бірін ұсынады: 

1) шетелдіктер үшін - шетелдіктің Қазақстан Республикасы территориясында тұруға рұқсат етілген ықтиярхаты; 

2) азаматтығы жоқ адамдар үшін - азаматтығы жоқ адамның жеке куәлігі;

3) босқындар үшін - босқын екенін дәлелдейтін куәлігі; 

4) пана іздеушілер үшін - пана іздеуші адам екенін растайтын куәлігі; 

5) қандастар үшін – азаматтың басқа елден көшіп келгенін айқындайтын қандас куәлігі. 

Шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар 16 жасқа дейінгі балалары болса, оны білім беру ұйымдарына оқуға берген кезде Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға құқық берілген құжатты ұсынады. 

- Жылда айтылып жүрген тағы бір өзекті мәселе бар. Егер үйдің маңайында орналасқан мектеп толық болса, ата-аналар не істеуі қажет? Мәселе қалай шешіледі? Бұл жерде ата-ана нені талап етуге құқылы? 

- «Білім туралы» заңның 6-бабына сәйкес орта білім беру ұйымдарының қызметін үйлестіру жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде екенін еске салайын. 

Қағидалардың 11-тармағына сәйкес білім алушыларды мектептің екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы сыныптарына қабылдау білім беру ұйымының аумағында тұратын балалардың қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып жүзеге асырылады. 

- Биыл бірінші сыныпқа қанша бала барады деп күтіліп отыр? Оларға орын жеткілікті ме? 

- 2022-2023 оқу жылына болжам бойынша 400 мыңға жуық оқушы бірінші сыныпқа барады деп күтілуде. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары аумағына миграциялық қоныс аудару жиіледі. Осыған байланысты 1-сыныпқа қабылданатын балалар саны жылдан жылға өсіп, мектепте оқушы орнының тапшылығы байқалып жатыр. Сондықтан білім ордалары қосымша сыныптар ашуда. 

- Биыл бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер саны қай өңірде көп болады деп болжанып отыр? 

- 2022-2023 оқу жылында ел бойынша бірінші сыныпқа баратын балалардың ең көбі Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарында болады деп күтілуде. 

- Сұхбат бергеніңізге рахмет!

25 шілде 2022, 15:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.