Атырау, 5 қазан 14:19
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Тайызданып жатқан Жайықты бөлісу қиын

Сурет Бейнежазба
2 331 просмотра

Атырауда биыл Жайыққа өткен уақытпен салыстырғанда су мол келіп, су деңгейі 30-40 сантиметрге көтерілген. Бірақ су ресурстарын пайдалану және қорғауды реттеу жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғайнолла ӘЗИДУЛЛИН қуануға әлі ерте деп есептейді. Неліктен? Бұл туралы «АЖ»-ға әңгімелейді.

Әзидуллиннің айтуынша, Жайықтағы көпжылдық ағын 9,46 млрд текше метрді құрайды. Соңғы кездері 2008 жылдан бастап су деңгейі төмендей бастады. Тарихи минимум 2019 жылы байқалды, өзенге шамамен 3,5 миллиард текше метр су келді. 2020 және 2021 жылдары көлемі сәл көбейді, бірақ қалыпты деңгейге жеткен жоқ.

– Деңгейдің 30-40 сантиметрге көтерілгені жақсы. Айтпақшы, бұл біздің өңірге ғана емес, Батыс Қазақстан облысына, сондай-ақ Ресей Федерациясының Орынбор облысына да қатысты. Бұл Орынбор Ириклинское су қоймасынан Жайыққа келетін су ағынын арттырды, яғни көп су береді деген сөз емес. Бұл табиғи құбылыс. Биыл Орынборда жауын-шашын көп болды, Жайықтағы судың деңгейі көтерілді де су ағыспен бізге көптеп келіп жатыр, – дейді Ғ.Әзидуллин.

Оның айтуынша, Жайықтағы су көлемінің 80 пайызы Ресейде, ал қалған 20 пайызы Қазақстанда жиналады.

Еске салсақ, 1991 жылы трансшекаралық өзен мәртебесін алған Жайық Ресейден бастау алады. Башқұртстаннан басталып, Ресей Федерациясының Челябі, Орынбор облыстары арқылы, одан әрі Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстары арқылы ағады. Өзеннің жалпы ұзындығы 2534 шақырым, оның 1084 шақырымы Қазақстанға тиесілі.

Атап айтқанда, Башқұртстан мен Орынбор облысы аумағы арқылы ағатын Сақмар, Ақтөбе облысынан бастау алатын Елек, Қобда, Ор өзендері, Батыс Қазақстан облысындағы Шаған, Барбастау, Утва өзендері Жайыққа құяды. Өзен  өріне Сақмар, Ор, Елек, Қобда, Утва сияқты және т.б. ірілі-ұсақты негізгі өзендер құяды.

Екі елдің су мамандары өз аумағы арқылы ағып жатқан өзендегі су деңгейі туралы үнемі ақпарат алмасып отырады.

Әрі қарай - Ғ.Әзидуллинмен сұхбат.

– Жайықтағы судың қалыпты деңгейі қандай?

– Мұны ешкім нақты айта алмайды, өйткені өзеннің тереңдігі әр жерде әртүрлі. Бұл туралы «Қазгидрометтен» сұрағанымызда, Жайық өзенінде қалыпты су деңгейі жоқ деп жауап берді. Иә, арнайы орнатылған гидробекетте есептеулер бар, бірақ судың тереңдігі әртүрлі, бір жерде терең, бір жерде тайыз.

– Жайықтың Ресей жақтан келетінін білеміз. Бірақ биыл көктемде байқағаным, ағыс Ресейден емес, Каспий теңізі жақтан болды. Бұл Каспий теңізінің тасуымен байланысты болуы мүмкін бе?

– Каспий теңізінен ағын су келуі мүмкін емес. Табиғат заңы бойынша барлық өзен теңізге құяды, теңіз өзенге құймайды. Каспий жақтан ағыстың болуы желдің бағытына байланысты. Бұл желдің әсерінен болатын желшегерме-желкөтерме құбылыстары. Бұл әсіресе қала іргесіндегі Алмалы ауылында байқалады. Атырау жері жазық болғандықтан желдің бағыты ерекше әсер етеді. Жел ағынмен бір бағытта, яғни Ресей жақтан соқса, ағыс жылдамдығы артып, желмен бірге қозғалатын су теңізге құйылады да өзендегі су деңгейі төмендейді. Ал жел қарсы бағытта соққанда ағыс жылдамдығы төмендеп, өзендегі су деңгейі көтеріледі.

– Жайық деңгейі құбылып тұра ма?

– Иә, әрине, бұл әсіресе Атырауда айқын байқалады.

– Ал Орал аумағында ше?

– Ол жақта теңіз жоқ, сондықтан бұл құбылыс тек Атырауда ғана байқалады. Жалпы өзеннің деңгейі тұрақсыз. Ол көктемде су тасқыны салдарынан көтеріледі. Жазда төмендей бастайды, ал күзде ол ең төменгі деңгейге жақындайды. Қыста су қатып қалады, келесі жылдың көктемінде су деңгейі қалпына келеді.

– Жайық өзенінің мәселесін шешуде қандай кедергілер бар?

– Жайық трансшекаралық өзендерге жататындықтан, Ресей Федерациясымен 1992 жылы жасалған трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану және қорғау туралы бірлескен келісім бар. Осыған сәйкес Жайық, Қиғаш, Ертіс, Есіл сияқты әрбір трансшекаралық өзен бойынша мәселелерді қарайтын үкіметаралық комиссия бар. Бұл комиссия жылына бір рет жиналады. Екі ел арасындағы арнайы жұмыс тобы ай сайын әр өзен бойынша деректер алмасады. Қосымша сұрақтар туындаса, біз оларды да талқылаймыз. Біз комиссияға нені талқыладық, қандай келісімдерге қол жеткізгеніміз туралы есеп ұсынып, кейбір мәселелерді шешуге көмектесуін сұраймыз.

– Бұл жұмыс тобы Жайық апатты жағдайға жеткенше құрылды ма?

– Жайықтың тайыздануына байланысты 2020 жылы біз бұл мәселені көтеріп, Ресей Федерациясымен 2021-2024 жылдарға арналған бірыңғай жол картасына қол қойылды. Жол картасына сәйкес әр тараптың сарапшылары барлық трансшекаралық өзендер бойынша ақпарат жинау үшін зерттеу жұмыстарын жүргізуге келісті. Екі ел Жайық өзені бассейні мен оған құятын барлық өзен бойынша жұмыс нәтижесін бір-біріне жолдады. Комиссия зерттеу жұмыстарын бірлесіп талқылап, қандай жұмыстарды атқару керектігі жөнінде ұсыныстар жасайды.

– Қазір Ресейден қандай көлемде су келіп жатыр? Бұл жеткілікті ме?

– Ресей тарапымен Жайық өзені арқылы жіберілетін су көлемі туралы 1996 жылдан бастап келісілген хаттамалық шешім бар. Соған сәйкес жыл сайын өзендегі су көлеміне байланысты жіберіледі. Мәселен, қазір Жайықтың су көлемі 95 пайызға жуықтады. Су тапшылығы айналымы жалғасуда.

– Бұл Жайық таяздануға жақын дегенді білдіре ме?

- Солай деп растай алмаймын. Бірақ су көлемі орташа көпжылдық ағынмен салыстырғанда өте аз.

– Сонда хаттамалық шешім бойынша бізге қанша су беріледі?

– Онда үш жағдайдағы су көлемі көрсетілген: орташа су көлеміне байланысты – 50 пайыз, төмен су көлеміне – 75 пайыз және өте аз су көлеміне – 95 пайыз.

Қазір бізде су көлемі өте аз – 95 пайыз. Жайыққа Ресейден келетін су көлемі жылына шамамен 2 миллиард 900 миллион текше метрді құрайды. Ал келіп түсетін су көлемі көбірек, яғни бұл Орынбордағы жауын-шашынның көп болуынан, оны жоғарыда айттық. 2019 жылы өзен деңгейі ең төменгі деңгейге жеткенде бізге 3,5 миллиард текше метр су келді. Сондықтан Ресей тарапынан қандай да бір шектеу бар деп айта алмаймыз. Орынборда да, бізде де жағдай бірдей.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

25 шілде 2022, 15:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.