Атырау, 5 қазан 14:18
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

МӘМС жүйесіне маңызды өзгеріс керек

1 058 просмотра

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты шағымдар журналистердің Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан БАЙДУӘЛИЕВПЕН бейресми кездесу кезінде талқыланған негізгі тақырыптардың біріне айналды.

– Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында МӘМС оған артылған үмітті ақтамайтынын, 3 миллион азамат жүйеден тыс қалғанын атап өтті. Әрине, әлемнің ешбір елінде халықты 100% сақтандыру жоқ, шамамен 10% қашан да жүйеден тыс қалады – бұл көші-қон, ішкі көші-қон және т.б. Оған қоса, бізде МӘМС-ке әлеуетті қатысушы болатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар көп, бірақ іс жүзінде олар жарна төлемейді. МӘМС-тің тағы бір үлкен проблемасы бар – бұл медицина ұйымдарының жеткіліксіз қаржыландырылуы. Олардың өзіндік межесі, мемлекеттік тапсырысы бар. Мәселен, жоспар бойынша стационар жылына 15 мың пациентті қабылдауы тиіс болса, осыншама адамға мемлекеттік тапсырыс бөлінеді. Ал жылына 15 емес, 16 мың немесе одан да көп пациенттер қабылданатын болса, онда олар үшін МӘМС төлемейді. Медицина ұйымы бұл шығындарды өз резервінен жабуға мәжбүр. Жақында депутаттық топ Денсаулық сақтау министрлігі мен Міндетті медициналық сақтандыру қоры өкілдерімен кездесу өткізді. Онда депутаттар дәрігердің қазір осынша ауыр жағдайда жүргенін өте дұрыс айтты. Бір жағынан мемлекет қаржыны қысып жатса, екінші жағынан науқастар ашуланып, ауруханаға жатқызуды талап етеді, – дейді А.Байдуәлиев.

Екінші мәселе - құжаттардың сапасыз жүргізілгені үшін ММСҚ стационарларға айыппұл салады. Айталық, хаттамаға сәйкес ауруханаға жатқызылмайтын, бірақ халі нашар, айқайлап, қоқан-лоққы жасап, жалынатын, нәтижесінде оны стационарға қабылдайтын науқас келді делік. Бұл үшін ауруханаға айыппұл салынады. Немесе ұстамамен пациент түседі, бірнеше күн емделгеннен кейін жағдайы жақсарып, балаларым қараусыз, күйеуім бәлен күн дұрыс тамақтанбай жүр деп, үйіне асығады. Егер оны үйіне жіберсе, онда тағы да тәртіп бұзушылық болып саналып, стационар жазаланады.

Үшіншісі – пациенттерді емдеуге МӘМС тарифтерінің өте төмендігі. Өйткені көбіне науқастың бір ауруын ғана емес, ілеспе ауруларын да емдейді. Емдеу кезінде де асқынулар туындайды, оларды емдеу үшін дәрі-дәрмек, шығын материалдары және т.б. тұрғысынан үлкен қаржылық инвестицияларды қажет етеді. Мысалы, диализ қажет болуы мүмкін. Соның салдарынан негізгі ауруды емдеуге хаттама бойынша 180 мың теңге бөлінеді, ал 2 млн теңгеге шығатын ілеспе ауруды емдеуге ешкім ақша бөлмейді. Бұл орталық аппарат, Денсаулық сақтау министрлігі, үкімет деңгейінде шешуді қажет ететін үлкен мәселе.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

25 шілде 2022, 11:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.