Атырау, 5 қазан 16:17
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

«Грузиядан арзан «Toyota» әкелемін». Алаяқтар қалай жұмыс істейді

Сурет Бейнежазба
1 663 просмотра

Атырау облысында интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстық істер күн сайын артып келеді. Көбіне қымбат затты арзанға сатып алғысы келген азаматтар алаяқтардың тұзағына түседі. Алаяқтық схемалар туралы – Атырау қалалық Полиция басқармасы Тергеу бөлімі бастығының орынбасары Дастан ҒАБДУЛЛИНМЕН сұхбатта.

Оның айтуынша, интернет-алаяқтық фактілерін тексеру және ашу белгілі бір қиындық туғызады, өйткені бұл трансшекаралық сипатқа ие, яғни жәбірленушілер бір өңірде, ал алаяқтар басқа өңірде болады.

– Биыл Атырауда интернет-алаяқтыққа қатысты 315 қылмыстық іс тіркелді. Әдетте, қылмыс тізбегі күрделі және көп буыннан тұрады. Түрлі банктік шоттар, пластик карталар, сондай-ақ үшінші тұлғаларға рәсімделген түрлі абоненттік нөмірлер қолданылады. Көбіне қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін жалған тұлғалар пайдаланылады, сонымен қатар қолма-қол ақшаға айналдыру көбінесе Қазақстаннан тыс жерде жүзеге асырылады. Құқықбұзушылықтың бұл түрін ашу үшін заңнама аясында алынған барлық мәліметтерді мұқият талдау қажет, бұл біраз уақыт алады, – дейді Дастан Ғабдуллин.

Оның үстіне, жәбірленушілердің көбі зиян мөлшері аз болғандықтан қылмыстық қудалау органдарына арыз жазбайды.

– Бұл арада бір алаяқтың соңынан қылмыстық құқық бұзушылықтардың тұтас тізбегі жүреді, оны жасау үшін ол әртүрлі құралдарды пайдаланады. Кез келген ақпарат қылмыстың ашылуына көмектеседі. Көбіне алаяқтар азаматтардың сенімін пайдаланып, адамдарды тұзаққа түсірудің айла-шарғысын жасайды. Мысалы, арзан бағамен пәтерлерді жалға беру, делдал арқылы жоғары жалақысы бар жұмысқа орналастыру және Армения мен Грузиядан арзан бағаға көлік сату секілді, - дейді Ғабдуллин.

Сонымен қатар, алаяқтар өздерін банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері, полиция қызметкері деп таныстырып, әлеуметтік қызметтер арқылы тауарларды сатып алу-сату, онлайн несиеге жүгіну, пәтерлерді бір күнге немесе ұзақ уақытқа жалға беру туралы жарнама жасайды, лотереядан ұтқанын хабарлайды, инвестиция, брокерлік компанияларда ақша көбейтуді ұсынады.

– Алаяқтардан қалай қорғануға болады?

- Интернет-қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауыңыз керек: төлқұжат және басқа да жеке деректермен бөліспеңіз. Банк картасының нөмірлерін, PIN кодтарын, сондай-ақ ұялы телефонға келген SMS құпия сөздерді ешкімге жария етпеңіз. Алаяқтар өздерін банк қызметкеріміз деп таныстырып, осы ақпаратты алуға жұмыстанады. Тауарды сатып алу және сату кезінде алдын ала төлемге келіспеу керек және белгісіз тұлғаларға ақша аудармаған жөн. Құжаттарыңызға (жеке куәлік, банк картасы) қолжетімділікті шектеңіз және құжаттардың суреттерін ешкімге жібермеңіз, өйткені болашақта қаскөйлер микронесиелік қаржы ұйымдарына шағын несие алуға өтініш бере алады.

Ғабдуллин қазір тергеу бөлімі жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық істі тергеп жатқанын айтты. Ер адам аңғал атыраулықтарға Грузиядан арзан көлік әкелуге уәде беріп, кейін Тбилисиге де бармастан, ақшамен бірге ғайып болған. Ол 40 миллион теңгеге 8 адамды алдаған.

– Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторында жатыр. Сотқа дейінгі тергеу аяқталуда, – дейді Ғабдуллин.

Фархат АБИЛОВ

Автор түсірген суреттер мен бейнежазба

21 шілде 2022, 15:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.