Атырау, 5 қазан 16:14
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Он бес жанға көбейдік: перзентханадан репортаж

Сурет Бейнежазба
1 734 просмотра

Өткен сенбіде ыстық болды. Термометрде 40 градустан төмен болғаны үшін емес, бұл күнді қалалық перзентханада өткізгенім үшін (облыстық перинаталдық орталықпен шатастырмаңыз). Оның үстіне тәжірибем бар, Аллаға шүкір, бес баланың анасымын. Бірақ тілші ретінде, яғни, сырт көзбен бұл мүлдем басқа сезім екен. Егжей-тегжей баяндайын.

ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМШЕСІ

Бүгін бұл жерде акушер Алмагүл БИСЕМБИЕВА кезекшілікте. Ол қалалық перзентханада №3, 7, 2, «Медикер Жайық», Мақат, Қызылқоға кенттеріндегі емханаларда есепте тұрған әйелдер қамтылғанын айтады. Перзентхана өз бетінше жүгінген барлық әйелді қабылдайды. Олардың өздерімен бірге қажетті құжаттары, өзі мен болашақ сәбиінің заттары салынған арнайы сөмкесі болуы керек. Бекітілген жердегі емхана қажетті заттар тізімін береді. Қазір құжаттар электронды түрде, қабылдау бөлімшесінде төлқұжат бөлігі толтырылып, бөлімшеге беріледі.

Әңгімені есікті шалған қоңыраудың дауысы бөлді: бір әйел түсті, оның айтуынша, әр бес минут сайын толғағы қысып тұр екен. Акушерлер жеке бас куәлігі мен айырбас картасын сұрап, түскен уақытын жазып, сол бойда анализін алды. Әрі қарай кезекші дәрігер – Диана ГАПУОВА тексеріп, әйелді қай бөлімге жіберетініне шешім қабылдайды. Бұл әйел кәсіби терминологияда «босанатын» болғандықтан оны 5-қабаттағы арнайы лифтімен босану бөлімшесіне жібереді. Бұл әйелмен сәл кейінірек көрісеміз.

Пациентті қолдау және ішкі аудит қызметінің бастығы Әсел ТӨРЕМҰРАТОВА маған бөлімшелерді көрсетті. Оның айтуынша, түскен пациенттерді жасыл, қызыл және сары аймақтарға бөлінген «TRIAGE» жүйесі бойынша қабылдайды. Соған сәйкес, тиісініше шұғыл емес, шұғыл және жедел көмек көрсетіледі. Әсел перзентхананың барлық заманауи қажетті жабдықтармен жарақталғанын айтады. Орташа алғанда тәулігіне 15-20 сәби, ал айына шамамен 450 сәби дүниеге келеді. Ақылы, тіпті отбасылық палаталар да бар. Ол жерлерде туыстарының бірі алғашқы күндері анасы мен сәбиіне көмектесе алады, бұл ана үшін едәуір жеңілдік. Бұл жерде ақылы түрде босандырмайды, ал серіктестікпен босануға болады. Серіктесінің ковидке расталмаған ПТР тесті немесе вакциналау паспорты және ауыстыратын киімі болуы керек.

БОСАНҒАНҒА ДЕЙІНГІ БӨЛІМШЕ

Бұл жерде болашақ аналар дәрігерлердің бақылауында болады, режим сақтап, барлық қажетті процедураны қабылдайды. Акушер Айгүл ТАУШОВА кардиотокография (калибрлеу лентасындағы сигналдардың графикалық көрінісімен ұрықтың жүрек соғу жиілігін және жатыр тонусын синхронды тіркеу) жүргізеді. Аналар үлкен жауапкершілікпен медицина қызметкерінің бүкіл кеңесін орындайды, өйткені олардың болашақ балаларының денсаулығы осыған байланысты болады.

БОСАНДЫРУ БӨЛІМШЕСІ

5-қабатқа көтерілдік, осы жерде сәби дүниеге келеді. Толқып кеттім. Кезекші дәрігер Есбол ҚАРАСАЕВ қазіргі уақытта босандыру үшін түрлі тәсілдер қолданылатынын әңгімеледі. Әйел шалқасынан немесе қырынан жата ма, тұра ма, тіпті суда босана ма (ол үшін босану бөлмесінде джакузи бар) қолайлы жағдайды өзі таңдайды. Ыңғайлы босану палаталары барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Айтпақшы босану бөлімшесінен әйелдерді «қорқытатын» креслоларды байқамадым.

Босану залының кезекші акушері Нұрбибі ШЕГЕНБАЕВА маған палаталарды көрсетті. Олардың бірінде әйел босанғалы жатыр, бұл оның тұңғыш босануы екен, толғағы тұрақты, бірнеше сағаттан бері жалғасып жатыр. Біз де егіздердің дүниеге келгеніне куә болдық! Шекесі торсықтай екі ұл бала дүние есігін ашты! Жас ананы құттықтаймыз, тезірек аяқ-қолын бауырына алып, сүті мол шықсын деп тілейміз.

Келесі палатада Бақытжамал БӘЙМЕНОВА жаңа ғана ұл туды; бұл оның бесінші баласы, енді төрт ұлы мен бір қызы бар.

ЖАҢА ТУҒАН НӘРЕСТЕЛЕР ПАТОЛОГИЯСЫ БӨЛІМШЕСІ 

Қазір бұл жерде жеті кішкентай пациент бар, оның төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Кезекші неонатолог дәрігер Кәмшат САҒЫНДЫҚОВА оларды тамақтандыру әдістері туралы, жүктіліктің ерте кезеңдерінде өте аз салмақпен (1000 грамнан аз) туылған балалар туралы егжей-тегжей айтып береді.

Мұнда оларға бүкіл жағдай жасалған. Ондайларды піллә секілді арнайы ұяға орналастырады. Бұл нәрестенің құрсақішілік атмосфераны сезінуіне мүмкіндік береді. Кішкентай нәрестелерді көріп, көз жасымды тыя алмадым...

Шала туылған нәрестелерге табиғи жүннен тоқылған кеудешелер мен шұлықтар кигізеді. Өйткені салмағы өте аз нәрестелерді туғаннан кейін алғашқы секундтардан бастап жылы ұстау керек. Жылы ұстамаса ағза өсуі мен дамуына емес, қажетті дене температурасын жасауға энергия жұмсауға мәжбүр болады. Бұған жол бермеу үшін белгілі бір дене температурасын ұстап тұру керек. Сондай-ақ табиғи жүн талшықтары жүйке ұштарын оятып, ми қыртысын жұмыс істеуге мәжбүрлеп, осылайша сәбидің тез қалпына келуіне және дамуына ықпал етеді. Арнайы кювездерде сәбидің өмір сүру күндеріне сәйкес өзгеретін белгілі бір температура, ылғалдылық сақталады. Мұндай балалар тез тоңып, тез қызуы мүмкін, сондықтан олар үшін температура режимі өте маңызды.

Медицина персоналынан басқа ата-аналардың өздері, әсіресе анасы маңызды рөл атқарады. Әр 3 сағат сайын олар емізуге, сәбилермен сөйлесуге, памперс ауыстыруға келеді. Мұнда кенгуру әдісімен «терімен тері» байланысы өте маңызды. Мұндай күйде нәресте анасының сөмкесіндегі кенгуру сияқты, өзінің қорғалғанын сезінеді. Бұл мұндай балалар үшін ең жақсы әдістердің бірі болып саналады, олардың тезірек қатайып, қажетті салмақ алуына, қалпына келіп, тезірек үйіне шығуына мүмкіндік береді.

– Кәмшат Тілекқызы, балалар неге шала туылады? Оған не әсер етеді?

– Көп себеп бар, соның бірі – жүкті әйелдердің преэклампсиясы, яғни қан қысымының көтерілуі, бұл ананың жасына қарамастан, мерзімінен бұрын босануына себеп болады.

– Сіздерге балалардың өміріне қатысты жауапкершілік жүктелген. Өз мамандығыңызды жаныңызға жақын деп санайсыз ба?

– Иә, мен балаларға күтім жасағанды, олардың үйлеріне сау шығып, аналарының қуанышты жүзін көргенді ұнатамын. Ауыр халде жансақтау бөлімінде жатқан балаларды дені сау күйде, ал туған-туыстарының қуанышын көру үлкен бақыт. Біз үшін ең бастысы -«біздің» балаларымыздың бақытты өмір сүргені. Өйткені, ұлт ең алдымен балаларымыздың денсаулығынан басталады. Бұл үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз!

БОСАНҒАННАН КЕЙІНГІ БӨЛІМШЕ 

Кезекші медбике Құралай БЕКҚҰЛОВА палаталарды аралатты. Екі кісілік және үш кісілік екен. Әрқайсысында жеке санитариялық торап, жөргек орайтын үстел бар. Әйелдердің бірі балаларын қолға алса, енді бірі демалып жатыр, ал біреулері емізу арасындағы үзілісте асханаға кетіп барады. Мұнда күніне 4 мезгіл тамақ беріледі. 

Палаталардың бірінде Айдана ОРАЗҒАЛИЕВАНЫ әңгімеге тарттым. Ол бүгін таңертең бесінші сәбиін дүниеге әкеліпті (көп балалы аналармен кездесуден жолым болды).

– Жақсы босандым, босану залында да, бөлімшеде де жағдай жақсы, – деді ол бесікте тәтті ұйқыда жатқан ұлына қарап.

Түскі астан кейін перзентханадан шығып жатқандарды бақыладым. Сол күні он бір адам болды. Туыстары сәбилерді киіндіргенін әйнектен бақылап, фойеде улап-шулап күтіп отыр. Жас ата-ананы туыстары ән айтып, би билеп қарсы алып жатыр. Осындай бақытты жұптың бірі Жұлдыз МАҚСОТОВА жұбайымен бірге екінші қызын көтеріп, үйлеріне бара жатыр. Тұңғыш қыздары да, айтпақшы, осы перзентханада дүниеге келген.

- Тағы да келесіз бе? – деп сұрадым.

- Міндетті түрде, - деп күлді Жұлдыз.

Міне, алған әсерім әлі көпке дейін жадымда қалатын кезекшілігім де аяқталды. Сол күні егіздерді қосқанда 15 бала дүниеге келді.

Аналарға тезірек аяқ-қолын бауырына алуын, ал сәбилерге зор денсаулық, махаббат пен бақыт тілейміз!

Елена СҮНДЕТОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

21 шілде 2022, 10:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.