Атырау, 5 қазан 16:21
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Атырауда министр мүгедектерге арналған порталдың артықшылықтары туралы айтты

1 021 просмотра

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара ДҮЙСЕНОВА Атырауға жұмыс сапары барысында өткізілген брифингте үкіметтік емес ұйым өкілдері, көп балалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер жиі жүгінетін мәселелер туралы айтты.

– Техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін көрсету қазір әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады. Порталда мүгедектігі бар жандар оңалтудың техникалық құралдарын, курорттық-шипажай емдеу қызметтерін, жеке көмекшіні, ишара тілі маманын және олардың жеткізушілерді өз бетінше таңдай алады. Ал қолданушылар порталда ұсынылған мүгедектерге арналған арнайы құрылғылардың сапасына шағымданады. Біз бұл бағытта жұмыс істейміз, бәлкім, кейбір кәсіпорындарды жеткізушілер қатарынан шығаруға тура келетін шығар. Ендігі мәселе - мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар кейде бала кәмелетке толғанша баспана алуға үлгермей жатады. Бірақ кезектің баяу қозғалғанына олар кінәлі емес. Бұл отбасылар жалға берілетін баспанаға ие болу үшін ережелерді қайта қарауды жоспарлап отырмыз. Үшінші мәселе – өңірдегі сурдореабилитологтардың тапшылығы. Мұндай балалардың ата-анасы баланы оңалту барысында өздері де көп нәрсені үйренгендерін және осындай проблемалары бар адамдарға көмектесуге дайын екенін айтады. Оларды Ұлттық оңалту орталығында оқытатын болса, бұл тапшылықтың орнын толтыруға болады, – дейді Т.Дүйсенова.

Басқа жағынан порталдың артықшылығы көп. Оның іске қосылуы оңалту құрылғылары мен қызметтерін қамтамасыз ету мерзімін 8 айдан 2 аптаға дейін қысқартты, мүмкіндіктері шектеулі жандар жеке қажеттіліктерін, сапасын, беделін және басқа пайдаланушылардың кері байланысын ескере отырып, қызметтер мен техникалық оңалту құралдарын тікелей жеткізушіден таңдай алады. Сонымен қатар, портал олардың қай жерде тұратынына қарамастан, оңалту құралдары мен қызметтеріне қол жеткізуге мүмкіндік берді, мысалы, ауруына байланысты басқа аймақтағы шипажайды таңдауға болады. Жыл басынан бері Атырау облысының тұрғындары портал арқылы 11 мыңнан астам оңалту шараларын алған.

Сондай-ақ министр еліміздің барлық өңірінде мүгедектікті қашықтан белгілеу пилоттық режимде енгізілгенін айтты. Осы тәжірибеге сәйкес, мүмкіндігі шектеулі жандар тек өз емханасына барып жүгінуі керек. Ол жерден медициналық ақпараттық жүйе арқылы пациенттің денсаулығы жөніндегі ақпарат пен дәрігерлердің қорытындысы Еңбек министрлігінің орталықтандырылған дерекқорына түседі.

Сондай-ақ, ЕХӘҚМ басшысы балалы отбасылар мен мүгедектігі бар тұлғаларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы, әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодекстегі қазақстандықтарды зейнетақымен қамсыздандыруды жақсартуды көздейтін жаңа тәсілдер туралы айтты.

– 2021 жылы 4,9 миллион алушыға зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді төлеуге мемлекеттік бюджеттен 4 триллион теңге бөлінді. Бұл бүкіл ел бюджетінің төрттен бір бөлігін құрады. 2021 жылы Атырау облысында 193,5 мың адам немесе облыс халқының 29,3 пайызы зейнетақы мен жәрдемақы алды, төлемдердің жалпы сомасы 125,6 миллиард теңгені құрады, - деді ол.

Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға келсек, оған бюджеттен төленетін жәрдемақының 5 түрі және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемнің 2 түрі кіреді. Биыл бұл мақсатқа 38,3 миллиард теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға артық.

Министрдің айтуынша, қабылданған шаралар елдегі демографиялық жағдайды жақсартты. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғалы бері 2020 және 2021 жылдары ең жоғары туу көрсеткіші белгіленді (2020 жылы – 426,8 мың бала, 2021 жылы – 446,8 мың). Сонымен қатар, отбасына үшінші, төртінші, бесінші және одан да көп бала дүниеге келетін жақсы үдеріс байқалады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

20 шілде 2022, 14:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.