Атырау, 11 желтоқсан 06:11
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Алмаз Берекеновтің туыстары: «Бір Аллаға тапсырдық»

Сурет Бейнежазба
2 327 просмотра

Жақында бір топ полиция қызметкері Атырауда қаңтар оқиғасы кезінде басына оқ тиіп қаза болған Алмаз БЕРЕКЕНОВТЫҢ туыстарының үйіне кешірім сұрап барды. Кездесу өте ауыр өтті. «АЖ» тілшісіне ол туралы Алмаздың тәтесі (әкесінің кіші қарындасы) Жаннат БЕРЕКЕНОВА әңгімелеп берді. Ол бұған дейін бұл қылмыс заң бойынша әрі әділ тергелуі үшін бәрін жасауға тырысқан еді, бірақ нәтиже болмады.

Полицейлер алдымен кешкісін Жаннаттың үйіне келген, бірақ ол әке-шешесінен қалған қара шаңыраққа «Алмаз сол үйде өсіп-өнген, сол үйде тұрған, сол үйден сүйегі шыққан» деп, ертіп апарған. Бұл қара шаңырақта Алмаз әкесінің інісі Болат Берекеновтың отбасымен бірге тұрған.

Алмаз тұрған үй

Ж. Берекенованың айтуынша, үйге келген полицейлердің біразы сыртта қалып, төртеуі ішке кірген. Облыстық полиция департаментінің басшысы Әділхан Байдосовпен бірге полицей ардагерлері Ғафур Шапатов пен Дүйсенбек Гайсин және оқ атқан полиция қызметкері келген.

Сөзді бірінші болып Ғафур Шапатов көңіл айтудан бастап, кешірімдесу үшін келіп отырғанын айтқан.

- Шапатов өзін әкемнің көзін көрген, жақсы танитын, кезінде бірге жұмыс істеген әріптесімін деп таныстырды. Әкем Қуан көп жыл бойы бұрынғы Алғабас, қазіргі Тасқала ауылының учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеген. 1989 жылы отставкаға шыққанына екі ай болғанда қайтыс болды. Ал Дүйсенбек Гайсин деген полиция ардагері жолдасыммен бірге қызметтес, оның бастығы болғанын айтты. Жолдасым да көп жыл полицияда қызмет етіп, 2008 жылы отставкаға кеткен, - деп әңгімелейді Ж.Берекенова. - Мен оларға «Сонда алты ай бойы қайда болдыңдар? Осы уақытқа дейін келіп неге кешірімдеспедіңіздер? «Сосын інімнің өліміне жауапты адам бар ма осы жерде?» деп сұрадым. Шапатов сонда «кешірімнің ерте-кеші жоқ деп, шетте отырған жастау жігітті 5 қаңтарда қызмет бабында жүріп қорғану үшін қару қолданып, Алмазға оқыста оқ атып алған «Арлан» арнайы жасағының қызметкері деп таныстырып, оның Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласының тумасы екенін айтты. Содан соң Байдосов «оқ әдейілеп атылмады, оқиға төтенше жағдайда болды, сіз де түсініңіз» деді.


ҮЙДЕН ШЫҒЫП, ОРАЛМАДЫ

Жаннат Берекенова 5 қаңтардан бері қарай көкейін тескен сұрақтардың бәрін әлгі полицейге қойған. Бірақ ол тек «Атырау облысының емес, Шығыс Қазақстанның тумасымын. Бұл жерде туған-туысым жоқ» деп, қысқа жауап қайырған. Содан соң ол рұқсат сұрап, үйден шығып кетіп, қайта оралмаған. Әріптестері оның ұялы телефонына соққанымен, жауап бермеген.

Қалған полицейлер қайта-қайта кешірім сұрап, шелпектен ауыз тиіп, шығып кеткен. 

«АЖ» 5 қаңтарда қару қолданған «Арлан» қызметкеріне қатысты облыстық ПД-не сауал жолдады. ПД ӨҚБ бастығының м.а. Асхат Иманбаевтың қолы қойылған жауап келді. Онда «полиция қызметкері атыс қаруын 6 қаңтар 2011 жылғы ҚР «Құқық қорғау қызметі туралы» №380-IV Заңының 61-бабында көрсетілген талаптарына сәйкес қолданған. А.Берекеновтің қайтыс болу фактісі бойынша тергеп-тексеру шеңберінде баллистикалық зерттеулер жүргізіліп, қылмыстық іске тіркелді. Берекеновтер отбасының қайғысына ортақтасып, көңіл айтуын азаматтық тұрғыда дұрыс деп есептеймін. Оның өзі ұзақ уақыт ем қабылдап, отадан өтті. Қызметіне енді кірісті» деп жазылған. .

Алмаздың жан досы Жеңіс ЖАНЕСЕЕВ ол туралы өлең шығарған

«БАУЫРЫМЫЗДЫҢ СҮЙЕГІ ТЫНЫШ ЖАТСЫН»

Жаннат Берекенова полицейлер үйге кешірім сұрап келіп кеткен соң отбасы, ағайын-туыс, ауылдың үлкендері, Алмаздың бірге туған апа-қарындасының, ауыл имамының пікіріне құлақ асқанын айтады. Имам оған «жүрегіңді тыңда, бірақ Алладан үлкен емессің ғой, кешірім берген жөн болар» дегендей кеңес айтып, сан-саққа жүгірген ойларын бір тоқтамға келтірген.

Ол Алмаздың әпкесі мен қарындасынан сұрағанда, «Сіз осы уақытқа дейін бүкіл денсаулығыңызды құртып, Алмаздың жоғын жоқтап, өліміне кінәлі адамды табуын сұрап, істің әділ тергелуін талап етіп келдіңіз. Сіз қолдан келгенін жасадыңыз, енді тоқтатайық, бауырымыздың сүйегі тыныш жатсын, қабірін қазамыз деп жүрер, шындық жоқ екеніне көзіміз жетті, біз ештеңені дәлелдей алмаймыз» деген.

Жаннаттың нақты бір шешімге келуіне ұлының сөзі түрткі болыпты. Ол «мама, бір Аллаға тапсыр, денсаулығыңызды құртып қайтесіз. Сіз басқаға керек болмасаңыз да, бізге керексіз» деген.

Жаннат: «сөздің шыны керек, мен біраз жерге барып арызданғым келді. Соңына дейін қуынғым келді. Туыстарыммен және имаммен сөйлескен соң, сол күні осы іс бойынша ештеңе жасамауды ұйғардым» дейді.

Айнұр САПАРОВА

Фотоны және видеоны түсірген автор

Берекеновтердің отбасылық мұрағатынан алынған суреттер

20 шілде 2022, 11:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.