Атырау, 27 сәуір 01:11
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Атырау-Астрахань трассасын тапсыру мерзімі тағы шегерілуі мүмкін

Сурет
1 246 просмотра

Атырау - Астрахань тас жолын қайта қалпына келтіру барысында мердігер компанияларда тауар вагондары жеткіліксіз болғандықтан қиыршық тас жеткізуге қатысты проблемалар туындады. Осы себепті Атырау – Астрахань трассасын тапсыру мерзімі кейінге қалдырылуы мүмкін. Бұл туралы Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің кезекті отырысында белгілі болды.

Отырысқа көлік прокуратурасы, өкілетті мемлекеттік органдар, «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ магистралды жүйелер бөлімі, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және мердігер компаниялардың өкілдері қатысты.

«Сине Мидас Строй» мердігер компаниясының өкілі Мустафа БУДАННЫҢ айтуынша, жұмыстар қиыршық тас уақытылы жеткізілмегендіктен баяулап қалған.

- Бізде барлық қажетті техника бар, жұмысшылар да жеткілікті. Құрылыс қарқынын тездете аламыз, тек қиыршық тас жетіспейді. Бізге айына 2 мың вагон қиыршық тас қажет. Бірақ осы жылдың сәуірінен бастап бізге мың жарымдай вагон келді. Бұл өте аз. Егер бұлай жалғаса берсе, біз белгіленген мерзімде жұмысты тапсырып үлгермейміз, - дейді Мустафа Будан.   

«ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының директоры Болатбек АЙТБАЕВ қиындықтарға қарамастан Атырау – Астрахань трассасын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатқанын, алайда мердігер компаниялар қиыршық тасты жеткізу қиындап кетіп, жұмыстары тұралап қалғандықтан шығынға ұшырап жатқанын жеткізді.     

- Бүгінде көршілес Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарынан қиыршық тасты жеткізетін вагондардың жетіспеушілігі негізгі проблема болып отыр. Жұмыстарды орындауға жалпы 30 мың вагон қиыршық тас керек. Екі айдың ішінде 8500 вагон келуі керек болса, қазір тек 3000 вагон келіп отыр. Мәселен, мердігерлер 2 мың вагонға тапсырыс берсе, іс жүзінде айына бар болғаны 300-400 вагон жеткізіледі. Бұл проблема бүкіл республикада бар. Барлық жерде құрылыс жүріп жатыр. Материалдар толық жеткілікті, ал оны жеткізу мәселеге айналды, - деп атап өтті Айтбаев.     

«ҚТЖ» Атырау филиалы – «Жүк тасымалы» АҚ директорының бірінші орынбасары Самат ҚҰЛМҰХАНОВТЫҢ айтуынша, бұл мәселені республикалық деңгейде шешу қажет.

– Инфрақұрылымға келсек, вагондар саны екі есе көбейсе де, бұл жағынан еш қиындық жоқ. Мердігер компаниялар келген вагондардағы материалдарды дер кезінде түсіре ала ма, мәселе сонда, – дейді Құлмұханов.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ қалыптасқан жағдайдан туындаған кәсіпкерлердің мәселелеріне тоқталды.

– Бірі жолға, екіншісі қиыршық тасқа, үшіншісі бюджетке жауапты, соның салдарынан мердігер зардап шегеді. Жобаланған мерзімге үлгермесе, айыппұл салынады, кәсіпкерлердің беделіне нұқсан келеді. Олар қазірдің өзінде жұмыстары тоқтап қалғандықтан шығынға ұшырап отыр. Мұндай қарқынмен бұл жол тағы он жыл бойы салынады, – деді Жолдыбаев. Содан соң кәсіпкерлерге қазір келісімшарттық міндеттемелерді қайта қарап, жұмыс шарттарын түзетуді ұсынды.

 

ЖҮК КӨЛІКТЕРІМЕН ДЕ ҚИЫНДЫҚТАР БАР

Бұдан басқа, кеңес отырысы барысында жүк көлігімен тасымалдау саласындағы кәсіпкерлердің мәселелері де қозғалды. Атырау көлік прокурорының орынбасары Саят СЕЙІТЖАННЫҢ хабарлауынша, бизнес саласынан өтініштердің басым бөлігі көліктік бақылау инспекциясына түседі, атап айтқанда, бұл жүк көлігіне асыра тиеу, халықаралық тасымалдауға рұқсат беру мәселелері.

Осы орайда Сәрсенбай Жолдыбаев салмақ өлшейтін арнайы стационарлық бекеттердің жоқтығын, соның салдарынан көлік иелерінде даулы мәселелер көтерілетінін айтты. Оның үстіне, қолданыстағы заңнамада ескертулер қарастырылмаған, жүк көлігінің иесіне бірден қомақты сомада айыппұл салынады.

Көліктік бақылау инспекциясы басшысының м.а. Әнуар БИСАЛИЕВ қазіргі таңда облыста екі жылжымалы салмақ-бақылау пункті жұмыс істеп жатқанын айтты. Стационарлық пункттерге қатысты мәселе әзірге ашық күйде қалып отыр, дегенмен болашақта «Сергек» үлгісі бойынша жүк көліктерін автоматты өлшеу жүйесін енгізу жоспарлануда.

Отырысқа қатысушылар сонымен қатар темір жол тұйықтарын салу мен қызмет көрсетуге байланысты проблемаларды талқылады. Рұқсат құжаттарын беру рәсімі кейде 8 айға дейін созылады, соның салдарынан кәсіпкерлер бұл салада жұмыс істеуге құлшыныс танытпайды.

Жиын соңында көтерілген барлық мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасының тиісті жұмыстар атқаратыны айтылды.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жолдаған суреттер

1 шілде 2022, 16:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.