Атырау, 28 сәуір 21:39
 ашықВ Атырау +15
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

«Арқан керген» шекара бекетінде қаза тапқан атыраулықтардың туыстары: «Қайғымыз азаймады, ақиқатын да білмейміз»

Сурет
2 023 просмотра

Жақында Қытаймен шекарадағы «Арқан керген» шекара бекетінде болған қайғылы оқиғаға 10 жыл толды. Қаза болған 14 әскеридің арасында Атырау облысынан шақырылған 4 сарбаз бар. «АЖ» қанша жыл өтсе де қайғысы азаймаған олардың туыстарымен тілдесті.

Бірақ алдымен 2012 жылдың 28 мамырына қараған түні «Арқан керген» шекара бекетінде болған оқиғаны еске алайық. Бекет байланысқа шықпай қалып, сол жерге жеткен шекара қызметкерлері 13 шекарашының мәйіті табылған казарманың өртенген ғимаратына тап болды. Кейінірек тағы бір сарбаздың және сол маңда тұратын қорықшының да мәйіті табылды.

Қайғылы оқиға елімізде үлкен резонанс тудырды. Оқиғаға қатысты екі нұсқа айтылды: шабуылды контрабандашылар не кәсіпқой содырлар жасаған немесе бұл қырғын заңсыз әрекет негізінде жасалған деген. Көп ұзамай, бір өзі аман қалған қатардағы жауынгер Владислав Челах күдіктіге айналды. 6 маусымда баспасөз беттерінде Челахтың өз әріптестері мен қорықшыны өлтіргенін мойындағаны туралы ақпарат пайда болды, бірақ оның 15 қарулы адамды қалай жалғыз өзі өлтіргені нақтыланбады. Келесі күні Қазақстан прокуратурасы Челахтың жасаған әрекетін мойындағанын ресми түрде жариялады: оның айтуынша, ол әріптестерін атып тастап, кейін оларды өртеп жіберген. Қылмысты жасауға, прокуратура өкілінің айтуынша, «ішкі жанжал мен түсініксіз жағдай - сананың бұлыңғырлануы» себеп болған. Ал Челах анасымен қысқа ғана кездесу кезінде оған ешкімді өлтірмегенін айтады.

Қалай болғанда да, сол жылдың 11 желтоқсанында сот Владислав Челахты 15 адамның өліміне кінәлі деп тауып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Қазір ол Қостанай облысындағы ерекше режимдегі «Қара бүркіт» колониясында жазасын өтеп жатыр.

...14 шекарашының 11-інің сүйегі сәйкестендірілді. Сәйкестендіруден кейін мәйіт қалдықтары үйлеріне жеткізіліп, туған жеріне жерленді. Бірақ қалған үш сарбаздың – Атырау облысы Индер ауданының тумасы Мейірхан ИМЕНОВТІҢ, сондай-ақ Рүстем Ақылбаев пен Денис Рэйдің қазасын қазақстандық сарапшылар растай алмады. Кейінірек олардың германиялық әріптестері Рүстем Ақылбаевтың мәйітін сәйкестендірді. Бірақ тағы екі сүйек қалдықтары бойынша сәйкестендіруге жарамды ДНҚ жасушаларын таппады.

2012 жылдың 27 қыркүйегінде Мейірханның әкесі Сағындық ИМЕНОВ Бас прокуратураның шақыртуымен қорытындымен танысу үшін Астанаға келді. Онымен бірге Денис Рэйдің ата-анасы да болды. Прокуратура оларға ұлдарын сәйкестендіру мүмкін еместігі туралы құжатты оқып берді, бірақ олардың өлгенін айтып, белгісіз біреудің сүйегін алып кетуді ұсынды. Ата-аналары бас тартты, бірақ соған қарамастан оларға Мейірхан мен Денисті өлді деп тану туралы құжат берілді.

Сол кезде Астанадағы Сарбаздар аналары комитетінің төрайымы Людмила Костенко: «Мұндай құжат елтаңбалы бланкіде, мөр басылған болуы керек. Ал бұл жерлеуге жарамсыз қағаз ғана, оған сәйкес ата-анасы тіпті қайтыс болғаны туралы куәлікті де ала алмайды. Егер адам да, дене де болмаса, оны өлді деп санауға болмайды. Ал өлімі дәлелденбеген бұл жігіттер із-түзсіз жоғалғандар тізімінде болуы керек», деп мәлімдеді.

...Ал анасы Айгүл «ұлым келіп қалар» деген үмітпен жолын тосып, сартап болған сағыныштан көкірегі қарс айрыла, ақыры қайғыдан көз жұмды. Ал әкесі Сағындық Именов ұлының тірі екеніне сенімді.  


«БЕКЗАТТЫ БӘРІ ЖАҚСЫ КӨРЕТІН»

«АЖ» тілшісі бұл күндері «Арқан керген» шекара бекетінде қаза болған жауынгерлердің – Мақат ауданы Доссор поселкесінен Данияр БАЛҒАБАЕВТЫҢ, Құрманғазы ауданы Жыланды ауылынан Жеңіс САҒЫНҒАЛИЕВТІҢ, Қызылқоға ауданы Миялы ауылынан Бекзат ӘМІРҒАЛИЕВТЫҢ туыстарымен сөйлесті. 

Бекзат Әмірғалиев Абат пен Нұрияның төрт ұлының үлкені еді. 2007 жылы аудан орталығындағы Х. Досмұхамедов атындағы орта мектепті бітірген соң оқу оқып, арман жетегіне кете қойған жоқ. Әкесі Абат пен бауырларыма қамқоршы боламын деп шешкен. Өздерінің шағын құрылыс саласында кәсіпкерлігі бар әкесіне көмекші болған Бекзаттың жоғары оқуды кейінге қалдыруының мәнісі сонда еді. Немерелес інісі Фархат ӘМІРҒАЛИЕВ былай деп еске алады:

- Бекзат екеуміз 1989 жылы біріміз қаңтарда, екіншіміз жаз айында дүниеге келдік. Екеуміз тетелес өскендіктен, бір-бірімізге өте жақын едік. Оның ең басты мақсаты - әкесіне жәрдемші болып, бауырларын жетілдіруге күш салу еді. Оны бәрі жақсы көрді, себебі ол ерекше болатын, кімге де болсын жәрдемдесуге жүгіріп тұратын елгезектігі басым болды.

Мұндай қайғыны басқа бермесін. Бекзаттан дәл осылай айрылып қаламыз деп ойлаған жоқ едік. Бекзаттан кейінгі 1990, 1996 жылғы екі ұлын Абат көкеміз әскерге жіберген жоқ. Ең кішісі Бағдат биыл 6-сыныпты бітірді. Ортаншы ұлы жуырда үйленіп, жақында келінді болды. Өмір жалғасып жатыр, бірақ Бекзаттың орны бәрібір ойсырап тұрғанын айтып, Нұрия шешеміздің жылап отырғанын көру оңай емес. Жақында он жылдығында еске алып, ас бердік, құрдастары да келді...


«ЖЕҢІСІМ ЖИІ ТҮСІМЕ КІРЕДІ»

Ал Жеңіс Сағынғалиев туралы оның 68 жастағы әкесі Даукен СҮНДЕТОВ әңгімелейді:

- Менің үш балам бар - екі қыз, бір ұл. 1990 жылы 9 мамырда Жеңіс күні дүниеге келген ұлыма Жеңіс есімін қойдым. Қазақта ұл дүниеге келсе ерекше қуанады ғой, ізбасарым бар деп. Біз де сондай сезімде болдық. Анасы ауырып, 1999 жылы дүниеден озды. Бірақ балаларыма ананың орнын жоқтатпауға тырысып, қатарынан қалмауға бар күшімді салдым. Үйленгенім жоқ, көзтүрткі болар деп. Солар үшін өмірімді сарп еткеніме еш өкінбеймін. Қыздарыма да, Жеңісіме де мектептен кейін мамандық алуына ұйытқы болдым. Ол мектепті бітірген соң Орал қаласындағы Жәңгірхан атындағы университеттен «автоматика инженері» мамандығын алып шықты. Бірақ жұмысқа кіріп кете алмады, біресе тәжірибең жоқ деді, біресе әскери борышыңды өтемегенсің деді. Ұлым «бір жыл ғой, әскери міндетімді өтеп келіп, жұмысқа тұрып кетемін», деп мені көндірді. Қайдан білейін жалғыз ұлымнан мәңгіге айрылып қалатынымды? Жақында Астанаға барып, Үшаралда болдық. Ұлдарымызды еске алдық, қолдан басқа не келер? 

- Челахтың 14 әріптесін атып өлтіргеніне сенесіз бе?

- 2013 жылы Астанада болған сотқа қатысып түңіліп келгем. Шынашақтай бала барлық жауынгерді жайратып, өртеп жіберді дегенге сенгіміз келмеген. «Жалғыз өзің қалай өлтірдің, айтшы?» дегенде Челах жауап берудің орнына түсініксіз күйде меңіреу адам сияқты тұрды. Шындық бір күні ашылар, оны көремін бе, білмеймін. Жиі сырқаттанып қаламын, екі қызым тұрмысқа шықты, өзім туыстарыммен тұрамын. Жеңісім болғанда келін түсіріп, немере сүйіп отырар ма едім. Қайтейін?! Он жыл болды, зират басына жиі барамын, ұлым жиі түсіме кіреді.


«ЧЕЛАХ КІНӘЛІ ЕМЕС, МЕНІҢШЕ»

Данияр Балғабаевтың ата-анасы Ғарифолла мен Жаңыл ҚАПАРОВТАР ұлынан күдер үзген емес.

- «Уақыт-емші» дейді ғой, дегенмен ұлымыз Данияр бір күні есіктен жарқырап кіріп келер деген ойдан арыла алмай келеміз, - дейді Ғ. Қапаров. - Он жыл бұрын табытын елге әкелді, бірақ ішінде ұлымның денесі бар дегенге жүрегім әлі сенбейді. Анасы табытты ашқызғысы келгенімен өзім сол жабық күйінде болсын деп шештім. Себебі жұбайымның денсаулығы мәз емес еді. Аңырап, орны толмас қайғыға тап болған күнімізді жауыма да тілемес едім.

- Данияр өзі қандай еді, айтып беріңізші.

- Отбасында бес балам бар, екі қыз, үш ұл. Данияр үшіншісі еді. Ол көп сөйлемейтін, салмақты, сабырлы, спортқа жақын болып өсті. Екі дипломды қолына алғасын Отан алдындағы борышымды өтеп келіп, жақсы жұмысқа орналасамын деген ойда болды. Әскери құжаты болмаса, ол кезде жұмысқа орналасып кетуі қиын еді ғой. Басқа бала бір төбе, Даниярым бір төбе еді. Мен одан үлкен үміт күткенім рас. Әскери борышын өтеуге аттанып, табыт болып ораларын білсемші... Хабарласып тұрды уақытылы, үнемі «бізде бәрі жақсы» дейтін. Айналғанда қарғадай өздері құралыптас Челах деген жауынгер сарбаздарды қырып тастады дегенге кім сенер? Мен де сенбеймін. Челах кінәлі емес меніңше.

- Он жылда не өзгерді?

- Басында үкімет қаза болған жауынгерлердің отбасына көмек береміз деді ғой. Өз басымыз оның бірін көрмегендейміз. Рас, сол кездегі аудан әкімі Амангелді Барақатов зор адамгершілікпен жұбайымды «Доссормұнайгаз» мекемесіне жұмысқа кіруіне ықпал етті. Бірақ кейін ол қысқартуға ұшырады. Өзімді сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «Доссормұнайгазға» жұмысқа орналастырамыз деп айтқанымен, ол уәдесін орындамады. Жасым 56-да, тұрақты жұмысым жоқ. Неге мұны айтып отырмын? Сүліктей болып ер жеткізіп, оқытып, азамат қылып әскери борышын өтесін дегенде, ұлым бейбіт заманда қаза болды, ал отбасына көмектеспеулері қалай? Мұны қалай түсінуге болады?

...Үлкен ұлым отбасылы, екі қызымды тұрмысқа бердік. Ал кіші ұлым биыл өрт сөндіруші мамандығымен диплом алып келмекші. Оның қазір жасы 19-да. Әскерге жібермеймін, солай шештім: бір ұлымнан айырды, ал екіншісінен тағы көз жазып қалмасыма кім кепіл?

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Айнұр САПАРОВА

Сарбаздардың туыстарының мұрағатынан алынған суреттер

24 маусым 2022, 16:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.