Атырау, 27 сәуір 03:33
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Масамен күрес: биологиялық жолмен жоюға көшу керек

1 051 просмотра

Атырауда масамен күресу үшін химиялық өңдеуден гөрі биологиялық өңдеуге көшетін кез келді, – деп есептейді қаланы көп жылдан бері дезинсекциялаумен айналысып келе жатқан «AG Dezinfection Services» ЖШС басшылығы. Серіктестіктің бастамасымен облыс орталығына Алматыдан генетика және физиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары шақырылды.

Өздеріңізге мәлім, қала әкімдігі жыл сайын зиянкеспен күресуге қатысты ашық электронды конкурс өткізеді. Биыл конкурсқа қатысушы компаниялардың бірі тендердің қорытындысына қарсы шағымданды. Мұндай жағдайда заңнамада белгілі бір рәсімдер қарастырылған, оларды орындағанша уақыт кетеді. Сондықтан байқаудың жеңімпазы мамыр айында ғана анықталды. Сәйкесінше, қала аумағы және қала маңындағы ауылдық округтерде өңдеу жұмыстары  кешіктірілді.

– Өткен жылы, мәселен, 27 наурызда жұмыс басталып, ашық су қоймалары мен көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлесі, ерік Мостовой, «Сасық сай» және «Квадрат» булану алаңдары өңделді. Яғни, масаның дернәсілдері жойылды. Ал биыл тендердің ұзаққа созылуына байланысты өңдеу жұмыстары жоспарланғаннан уақыттан бір жарым ай кешігіп тек мамыр айында, маса көбейіп кеткен кезде ғана басталды, – дейді қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан ӘУБӘКІРОВ.

Ал «AG Dezinfection Services» ЖШС директоры Нұрлыбек АХМЕДИЯРОВТЫҢ айтуынша, көктемдегі жаңбырдан кейін ылғалдың көп түсуі, сондай-ақ өзен арнасынан тасыған тасқын су салдарынан әлі күнге дейін тұрған ашық су айдындары да жағымсыз фактор болды. Сондықтан, биыл масадан бөлек шыбын-шіркей де көп шығып кетті. Теңізден жел соқса, жағалаудағы қамыстың арасындағы маса қалаға келеді.

Өңдеудің өзін айтар болсақ, күн сайын алты бірлік техника алдын ала бекітілген кесте мен маршрут бойынша аралап шығады. Өңдеу жұмыстары кешкі және түнгі уақытта - 20.00-ден 02.00-ге дейін жүргізіледі. Осы уақыт аралығында 18-19 тонна ерітінді пайдаланылады. Алдымен көліктер қала маңындағы ауылдық округтерге шығады, екінші рейсте қала орталығындағы көшелерді өңдесе, үшінші рейсте қала шетіне шығады.

- Маса өте төзімді, олар уға тез бейімделеді, ал біздің қолымыздағы барлық құрал соншалықты тиімді болмай тұр. Сондықтан осы жәндіктердің дамуын тежеуге мүмкіндік беретін химиялық өңдеуден гөрі биологиялық жолмен жоюға көшетін уақыт жетті деп есептеймін. Қазір дамыған елдерде солай істейді. Бірақ бұған қомақты қаржы қажет болады. Біздің жағдайда авиация құралдары арқылы өңдеуді қолдану мүмкін болмай тұр – бұған да біраз шығындану керек, – дейді Н.Ахмедьяров.

Осыған орай компанияның бастамасымен жақын күндері Атырауға Алматыдан Генетика және физиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары, атап айтқанда, биология ғылымдарының кандидаты Мұхтар Байжанов шақыртылған. Ол Атырауда бірнеше күн болып, жағдайды зерттеп, кейін өз ұсыныстарын айтады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

17 маусым 2022, 09:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.