Атырау, 26 сәуір 22:39
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Ағаш тамыры жерасты суларына жеткенде "күйзеліске" ұшырайды

Сурет
1 365 просмотра

2019 жылы Атырауда «Каспийдормостострой» ЖШС отырғызған 3 мың ағаштың оннан бір бөлігінің жай-күйі биылғы маусымда бағбандарды алаңдатып отыр. Ағаштарда бүршік пайда болды, бірақ жапырақ жаймады. Мамандардың пікірінше, бұған жер асты суы деңгейінің айтарлықтай көтерілуіне әкелген «қышқыл» жаңбыр мен көктемгі жауын-шашынның мол түсуі себеп болған.

Айта кету керек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында Атырауды көгалдандырумен «КДМС» компаниясы айналысуда. 2019 жылы басталған жоба 5 жылға есептелген. Жұмыс бастаған кезде ЖШС Тайманов көшесіне 3 мың түп көшет отырғызды. Ол жер көгалдандыруға аса қолайлы емес: ол жазық жерде орналасқан, Атырау-Орал тас жолын салу кезінде бұл учаскелерден топырақтың барлық құнарлы қабаты алынып, жағалау салу үшін шығарылды. Нәтижесінде «тақыр» жер қалды, одан ылғал тез кеуіп кетеді де, өсімдіктердің тамырын қоректендіре алмайды.

Бірақ көгалдандырылатын учаскені компания таңдамайды, әкімдік белгілейді. Агрохимия жетістіктерін осы жерде қолдануға тура келді. Алынған шаралар арқасында бір жылдан кейін жерсіну көрсеткіші 66% құрады.

Бұл біздің өңір үшін жоғары көрсеткіш. Ағаштар екі жыл бойы жақсы өсті, бірақ биыл олардың кейбірі қысқы ұйқыда жатқандай – қалған өсімдіктер жапырақ жайғанда, бұл ағаштар енді ғана бүршіктенді.

– 25 сәуірде Тайманов көшесінің бойында ағаштардың бүршік жаруына жоспарлы тексеру жүргіздік. 3 және 4-карталар аумағында («Арнаулы автобаза» кеңсесіне қарама-қарсы) ағаштың көпшілігі кеш бүршік жарған. Біз бұл аумақты бақылауға алып, мамырдың басында қайта тексерген кезде жаңа келеңсіз белгілерді анықтадық. Кей жерде жарған бүршіктер күйіп кетті, жапырақтары қурап қалды, кейбір ағаштың жапырақтары солғын болды, өте ұсақ. Бұл олардың әлсіздігін және қоректік заттардың - азоттың, фосфордың, калийдің тапшылығын көрсетеді. Суару маусымы басталғалы ағаштың ұшар басын кешенді минералды тыңайтқышпен және тамырларды қажетті микроэлементтермен бір мезгілде қоректендіруді күшейттік, – дейді компания агрономы Серік ЕСЕТОВ.

Оның айтуынша, бұл аймақ бастапқыда тәуекелділігі жоғары болған. Жұмысты бастамас бұрын компания бірқатар зерттеуге тапсырыс берген: топырақты ластайтын зиянды заттардың, зиянды микроорганизмдердің және басқа да биологиялық заттардың ШРК-сы бойынша топырақтан зертханалық сынамалар алынды. Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты оң қорытынды шығарды. Көгалдандырушылар институттың барлық ұсынысын және өз тәжірибесін ескере отырып көшет отырғызды: қажетті негізгі қоректік заттар қорын қосты, ағаштар тыңайтқыш пен минералдардың жақсартылған кешенімен қоректенді. Сол ауданның топырағын ескере отырып, көгалдандырушылар көшет отырғызу кезінде әр ағашты 7 келі құс саңғырығымен тыңайтып, биыл да топырақты «қоректендірді». Жерасты суы бұл жерде үнемі жоғары болған, бірақ олардың құрамын Орман шаруашылығы институты қауіпсіз деп таныды. Бұдан басқа, 2020 және 2021 жылдары сол кездегі қала әкімі Оразбаевтың бастамасымен Ерік Мостовойдан – екі жылда барлығы миллион текше метрден астам су тартылғанын ескеру қажет. Бұл дренаж жасауға мүмкіндік туғызды.

Көгалдандырушылардың пікірінше, жерасты суы деңгейінің көтерілу мәселесі жыл өткен сайын қиындай түседі. Біздің өңірдегі табиғи дренажға топырақтың құрамы кедергі келтіреді. Ол ауыр, сазды, суды нашар ағызады. Табиғи себептерден басқа, жерасты суларының көтерілуіне магистралды кәріз жүйесі жүргізілмеген жеке тұрғын үй құрылыстарының тез көбеюі ықпал етеді. Сондықтан (ерік Мостовой арқылы) ағынды суларды мәжбүрлеп дренаждау және қалалық кәріз жүйесін кеңейту мәселесін шешу қажет.

Биыл қыста және көктемде жауған жауын-шашын мөлшері орташа көпжылдық көрсеткіштен екі есе асып кетсе де, ерік Мостовойдан су шығарылмады. КДМС компаниясының мамандары бұл топырақасты профилін - жерасты сулары деңгейінің биіктігін де, олардың құрамын да өзгертуі мүмкін деген қорытындыға келді. Ал олардың деңгейіне жеткен тамыр жүйесі зардап шегуі мүмкін.

– Біз бұл учаскеге талдау жасаған жоқпыз. Бірақ, шынында да, Атыраудың топырағы әртекті күрделі – тұрақсыз су деңгейі, топырақтың түрлі құрамы және оның құрамдас бөліктерінің арақатынасы: құм, саз және саздақ; сулардың құрамы да әр учаскеде әртүрлі. Гидрогеологиялық түсірілім жұмыстарын жүргізіп, сулардың химиялық құрамын және олардың орналасу биіктігін зерттеуге болады, бірақ 10 метр сәл әрігірек жылжысаңыз, ол жерде көрініс басқаша, - дейді гидрогеолог Едіге САБУРОВ.

– Осы учаскедегі топырақтан сынама алып, Ә.Н.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтына жібердік. Кеше ғана жауабын алдық - ғалымдар біздің болжамды растады: олар осы учаскеде хлоридті-сульфатты тұздардың шекті рұқсат етілген концентрациядан бірнеше есе асып түсетінін анықтады. Олар бұл жерде жауын-шашынның мол түсуіне байланысты қайталама тұздану болды деп болжайды. Яғни ағаштарымыздың тамыр жүйесі жеткілікті түрде дамып келеді – бұл жақсы жаңалық. Жаман жаңалығы – оның тұзды құрамы зиянды жерасты суларының деңгейіне жеткені, – дейді С.Есетов.

Бұдан басқа, «қозғалыссыз қалған» ағаштарға температура мен желдің құбылуы да әсер етті. Грейдерге жақынырақ отырғызылған көшеттерге ол қорғаныш болып, бүгінде талдар жапырақтарымен көзді қуантып тұр. Ал одан алысқа отырғызылғандар желден қорғансыз. Бұл әсіресе суретте айқын көрінеді.

Серіктестік шарты бойынша «КДМС» ЖШС зақымдалған ағаштарды ауыстыруы керек. Қазіргі уақытта оның мамандары бақылау жасап жүр, жақын күндері ағаштар «бұл күйзеліске төтеп бере ме, жоқ па?» деген қорытындыға келу керек. Төтеп бере алмаса, компания осы маусымда өз тәлімбағында өсірілген және жергілікті топырақтың ерекшеліктеріне бейімделген жаңа ағаштарды отырғызуға үлгереді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген автор

18 мамыр 2022, 23:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.