Атырау, 5 мамыр 12:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Алғабас-1 тұрғындары: «Бізді еститін әкім керек»

Сурет Бейнежазба
1 866 просмотра

17 сәуірде Тасқала (Алғабас) ауылының 50-ден астам тұрғыны ауыл әкімі Ернар ӨТЕШҚАЛИЕВТЫ қызметінен босатуды талап етіп, наразылық жиынын өткізді. Олар алдағы Кеңөзек ауылдық округі әкімін сайлауға оның қатысуына түбегейлі қарсы. Себебі 4 жыл бұрын ауыл әкімі болып сайланғалы оның елді көркейткені шамалы деп санайды. 

Кеңөзек ауылдық округінің әкімін сайлау 24 сәуір күні өтеді. Округ құрамына Тасқала-1 (Алғабас ауылы), Тасқала-2 (Өрлеу тұрғын үй алабы), Тасқала-3 (Қайнар тұрғын үй алабы) елді мекендері кіреді. Округтің қазіргі әкімі Ернар Өтешқалиев тағы екі баламалы үміткермен бірге сайлауға қайта түспек. Тұрғындар митингте Өтешқалиевтың негізгі проблемаларды шешуге қауқарсыз екенін айтады.

Мысалы, Тасқала-1, Тасқала-2 және Тасқала-3 ауылдарын қосып тұрған көпірдің мәселесін шеше алмай отырған әкімнен не қайыр дейді олар.   

Тұрғындар соңғы екі-үш жылдан бері ауылдың іргесінде карьер қазу жұмыстарымен айналысатын «Элитстрой» ЖШС-нің жүк көліктері Тасқаладан Атырауға осы көпір арқылы топырақ тасып, жол төсемін бүлдіргенін айтады.

Жергілікті тұрғын Абай УӘЛИДЫҢ айтуынша, қазір көпірмен жүру өте қауіпті. Ондаған жылдар бұрын салынған көпір бірде-бір жөндеу көрмеген. Көпірдің екі шетінде жаяу жүргіншілер жолының жігі ажырап, көлік жолы да ой-шұңқырға толған. 

Бір жыл бұрын тұрғындар карьер қазушы мекемеге қарсы митингіге шығып, олар жұмысын уақытша тоқтатқан. Ал көпірді ешкім сол күйі жөндеген жоқ. Көпірдің үстімен қалаға №51, 65 маршруттар қатынайды. Тасқала-1 ауылының тұрғындары осы көпірмен көлікпен де, жаяу да күніне бірнеше рет өтеді. Балалар да мектепке осы көпірмен барады. Олар қазір көпірдің үстімен көлік жолы арқылы өтуге мәжбүр. Себебі, жаяу жүргіншілер жолы жабық.

Тағы бір ауыл тұрғыны Елеу ЖҰМАБАЕВ митингте БАҚ өкілдері шақырылғанын білген бойда  әкімдіктің «Жол жүру қауіпті» деген тақтайшаны ілгенін айтады.

- Мына көпірді қайта салу керек. Бұл күрделі жөндеуге де келмейді. Себебі көпірдің үсті ғана емес, астында да күй жоқ. Оның тіреуін қараңыз, ол да үгітіліп, бетон тастары ығысып тұр. Көпірді жөндемек түгілі, оның астын да, каналдың бойын да қоқыстан тазалап көрген емес әкім. Оны өзіміз ұйымдасып, өз күшімізбен тазалап жүрміз. Ал опырылған жаяу жүргіншілер жолына біздің жігіттер темір жабын салып, шама-шарқыларынша жамап-жасқап жүр. Ал ауылға бөлінетін бюджет қаржысы қайда жұмсалып жатыр сонда? Сонда әкім не істеп жатыр? Әкімдік не үшін керек бізге сонда? – дейді Абай Уәли мен Елеу Жұмабаев.  

 

АҚСАҚАЛДЫҢ СӨЗІ

Ауыл қарты Марат ӘЗМАҒАМБЕТОВ те ауыл әкімінің жұмыс істеп жатқанын көріп отырмағанын және қандай да бір жиынға шақырылмайтындарын растады. 

- Ауылда жақында Ақсақалдар алқасының төрағасын сайлаған. Ал, бізге ешқандай хабар берген жоқ. Әкімнің өзі отырғыза бере ме, қалай сайлайды сонда? Не болғанда да әкімнің халықпен қарым-қатынасы болуы керек. Оны ауыл халқының көбі танымайды. Біздің ішкен суымызды ішіп, жұтқан ауамызды жұтып, жергілікті проблеманы бірге көріп отыратын әкім керек. Ауыл әкімі үміткерлігіне тағы екі адам түсіп жатыр. Мұқашев пен Қамалиденов. Біз оларды танымаймыз, олар қала әкімдігінде жұмыс істейтіндер. Бұл да формалды баламалы үміткерлер деген сөз. Бұрын Қамидолла деген әкім болды, жарықтық, өмірден өтіп кетті. Ол кісінің біздің ауылға жасаған еңбегі зор, - дейді ақсақал. Ол осы жерде 50 жылдай ауыл шаруашылығында еңбек етіп, 30 жылдай бұрын зейнетке шыққан.

Митингке қатысқан алғабастықтардың айтуынша, басым көпшілігі оның түрін де танымайтын болып шықты. Ал танитындар оны қаладан таңғы сағат 9-да келіп, кешкі сағат 18-де кететін шенеунік деп есептейді.

- Бізге қала мен облыс әкіміне дейін мәселемізді жеткізе алатын әкім керек. Қысқасы, бізді еститін, бізбен кездесуден қашпайтын, мәселемізді шешіп беретін әкім керек, - деді жиналғандар.

Осы кезде өзін «қандастардың бірімін» деп таныстырған, үстіне кәжекей киген әжей ауыл әкімінің өздерімен кездесіп тұратынын, жиналысқа шақыратынын айтты. Алайда басқа тұрғындар онымен келіспеді. Олар бұл кісінің Тасқала-2 ауылынан келіп тұрғанын және әкімдік сол ауылда орналасқандықтан, сол жақтың тұрғындарына ғана жиналыс туралы хабарлайтынын, ал Тасқала-1 ауылымен байланыс жоқ екенін жеткізді.

 

«ҚҰЖАТ ТАПСЫРУҒА КЕШІГІППІЗ»

Тасқала-1 ауылындағы наразылық жиыны барысында ауыл тұрғындарынан үміткер ретінде араларынан өздерін ұсынғандар болды ма деп сұрадық. Олар екі адамды ұсынғанын айтты.

– Бірақ Кеңөзек ауылдық округінің әкімдігінде бізге құжат тапсыру мерзімінен кешігіп қалғанымызды жеткізді. Өйткені сайлаудың 24 сәуір күні болатынын біз кеш білдік. Әйтпесе, ауыл әкімі болуға лайықты азаматтар өзімізде де бар, - дейді Абай Уәли.

Ал келесі тұрғын Амандық ЖАМАЛИЕВ тағы бір өзекті проблеманы айтты. Бұл – жазғы су. Оның айтуынша, олар былтыр 1984 жылғы мектеп түлектерімен брігіп, «Түлектер» саябағын салып, тал отырғызып, айналасын қоршаған. Осыдан соң ауыл әкімінен орталық көпірдің астында ағып жатқан каналдан жазғы су құбырын тартып беруді сұраған. Алайда әлі күнге дейін ештеңе жасалмаған.

- Бізде талдарды суару проблема. Былтыр екі КамАЗ-ды өзіміз жалдап, суардық. Биыл тағы әкімнен жазғы су құбырын тартып беруді сұрасам, жасамай отыр. Көпір мен саябаққа дейінгі аралық ұзақ емес, - дейді А. Жамалиев.

Қуаныш ЯКУДИН өзге де мәселелерді көтерді:

- Ауылдағы 420 орындық мектепте 1500 оқушы төрт ауысыммен оқиды. Бұл тағы бір мектептің қажеттігін көрсетеді. Бұдан басқа, бізде пошта бөлімшесі жоқ, зейнеткерлер зейнетақысын алу үшін көрші Жаңаталап ауылына барады. Одан кейін жастар жиналатын «Мәдениет үйі» жоқ. Осындай мәселелер жиналып қалған. Соның бәрі шешімін табу керек, - дейді Якудин.

 

ӘКІМ М.А.: «ПРОБЛЕМАЛАР ШЕШІЛІП ЖАТЫР ДЕП ЕСЕПТЕЙМІН»

Кеңөзек ауылдық округінің әкімі Ернар Өтешқалиев осы күні еңбек демалысында болып шықты. Тұрғындармен кездесуге оның орынбасары, қазір әкімнің міндетін ақарушы Үміт ЕСЕНҒАЛИЕВА келді. Ол қазіргі әкім өз құзырындағы жұмыстарды атқарып жатыр деп есептейді.

- Аталған мәселелер қаржының бөлінуіне байланысты бір күнде емес, бір айда емес, біртіндеп шешіледі. Әкім әлеуметтік нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге үлесін қосты. Есеп бермейді дегенге келсе, ол ақпан айында есеп беру жиынын өткізді. Бұл туралы алдын ала әлеуметтік желі арқылы хабарландыру бердік. Бірақ жиналатын 50 шақты адам ғана. Халықтың қазір неге жиналғанын түсінбедім. Біреу ұйымдастырып отыр ма, білмеймін. Бірақ, айтып отырмын ғой, мен өзім жастармен үш рет кездесіп, қандай мәселенің жүзеге асатыны туралы ақпарат бердім, - дейді Ү. Есенғалиева.

- Ал «көпірдің мәселесі»?

- Көпір бұрын ешбір мекеменің теңгерімінде болмаған. Оның салынғанына 40 жыл уақыт өткен. Біз 2020 жылы оны иесіз мүлік деп тану жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына хат жолдадық. Қолданыстағы заңға сәйкес, осыдан кейін бір жыл тұру керек екен. 2021 жылдың қарашасында иесіз мүлік ретінде тану жөнінде сотқа талап-арыз бердік. Сот шешімімен иесіз мүлік деп танылды. Сосын қала әкімінің қаулысы шығып, бұл көпір биыл қаңтарда қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгеріміне берілді. Қала әкімі Мейірім Жоламанұлы өз көзімен көріп, биыл күрделі жөндеуден өткізуге уәде берді.   

- Яғни қазір көпірді қайта салу емес, жөндеу мәселесі қаралып жатыр ғой?

- Дәл солай.

Бұдан соң әкімнің м.а. Кеңөзек ауылдық округінде шешілген мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, округке қарасты барлық елді мекен ауыз сумен, көлік жолдарымен және газбен, жарықпен толық қамтылған. 2019 жылы Тасқала-3 елді мекенінің қалған 17 көшесін асфальттау (көлік жолы мен тротур) басталып, 2020 жылы пайдалануға берілді. Сол жылы 11 көшеге көше жарығы жүргізілді. Биыл 6 көшеге мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы көше жарығы жүргізілгелі отыр. Қалған көшелер 2023 жылдың жоспарында тұр.

- Бұдан басқа, Тасқала-2 ауылынан 600 орындық орта мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтті. Осы жылдың бірінші жартысында құрылыс жұмыстары басталмақ. Осы жерде 160 орындық балабақша салынады. Оның да жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтті. Ол NCOC компаниясының қолдауымен биыл басталады, - дейді Ү. Есенғалиева. - Биыл 11 көшеге тротуар салынады. Бұған дейін ауылда жолаушылар тасымалы мәселесі өзекті болды. Бұрын тек екі-ақ «ГАЗель» қатынады. Бірақ 2019 жылы 9 «ГАЗель» қосылып, №51 (Тасқала – «Дина» базары) маршруты жүре бастады. Ал 2020 жылы сол бағытта №65 маршрут іске қосылып, 6 автобус жүріп жатыр. Жолаушылар тасымалы мәселесі бүгінде шешілді деп есептеймін.

- Суару үшін жазғы су мәселесі неге шешілмей отыр?

- Иә, бұл біз үшін қазір өзекті мәселе. Биыл 2021 жылғы бюджеттен қалған 11 млн теңге бос қалдық қаржысы бар. Сол соманы жазғы су жүйесіне пайдалануды көздеп отырмыз. Жазғы су құбырын тартуды ең болмағанда бір көшеден бастауды жоспарладық.

Айнұр САПАРОВА

Фото және видеоны түсірген автор

20 сәуір 2022, 11:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.