Атырау, 7 қазан 15:22
 ашықВ Атырау +18
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

«Тергеу мен соттан жасырынған»: «қашқын» қылмыскерлер қалай іздестіріледі

2 131 просмотра

Өткен жолы «АЖ» Атырау полицейлерінің із-түзсіз жоғалғандарды қалай іздестіретіні туралы айтқан болатын. Енді қылмыс жасаған күдіктілерді іздестіру туралы айтатын боламыз. Бүгінде Атырау облысында әр жылдары қылмыс жасаған 80 «қашқын» болса, оның 45-ін полиция ҰҚК-мен бірлесіп іздестіруде.

Егер хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу мерзімі 10 жыл болса, жасырынған қылмыскерлерді іздеу – 20 жылға дейін, кей жағдайларда мерзімсіз болады. ҚР Қылмыстық кодексінің 71-бабына сәйкес, қылмыс жасап, тергеу мен соттан жалтарған адамның ескіру мерзімі ауыр емес қылмыс жасағаннан кейін 5 жыл; орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаннан кейін 10 жыл; ауыр қылмыс, шағын немесе орташа ауырлықтағы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалғаннан кейін 15 жыл; аса ауыр қылмыс жасағаннан кейін 20 жыл. Бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар, террористік қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмауына қарсы қылмыстар жасаған адамдарға ескіру мерзімі қолданылмайды.

Алайда қылмыстық полицияның қылмыстық іздестіру бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ризабек ҚҰСАЙЫНОВТЫҢ айтуынша, 1997 жылы жаңа ҚК-нің қабылдануына байланысты ҚР ҚК-нің жойылғанына қарамастан, 1997 жылға дейін қылмыс жасағандарды іздеу тоқтатылған жоқ. Мәселен, Атырау полициясы 1994 жылы аса қауіпті қылмыс жасаған азаматты әлі іздестіріп жатыр. 1997, 1998 жылдан бері іздеуде жүргендер бар.

- Біздің міндетіміз – оларды табу, ал ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе босату туралы шешім – соттың құзырында, – дейді Р.Құсайынов.

Міне, мысал. 2014 жылы Атырау облысы ІІД-нің сол кездегі криминалдық полиция қызметкерлері 1992 жылы, яғни 22 жыл бұрын Атырауда бөтелкелесін өлтіргені үшін іздеуде жүрген 60 жастағы Амангелді ОРЫНҒАЛИЕВТЫ Шымкентте ұстады. Ол қылмыс жасағаннан кейін бірден қашып кеткенін және мас күйінде ақшасыз және құжатсыз жүк пойызына мініп кеткенін мойындады. Ол Ташкентте есін жиған, ол жерден көп ұзамай Шымкентке жеткен. Сол жерде түрлі жұмыстар атқарып, ал ұсталған кезде автосервисте слесарь болып жұмыс істеген. Қылмыскердің кісі өлтіргеннен кейін бірден қашып кетуі, бұрынғы барлық байланысын үзіп, әйелін төрт баласымен тастап, олармен еш байланысқа шықпағаны іздестіруді қиындатқан. Ал Шымкентте біраз уақыттан кейін қайтадан үйленіп, осы некеде туған қыздарын ұзатып, ата болған.

Әрі қарай сот оны ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатты.

ИСМҰХАНОВ ҚАЗІР ҚАЙДА?

Тергеуден жасырынған тағы бір қашқын 2007 жылдан бері іздеуде жүр. Ол 1968 жылы туған Дамир ИСМҰХАНОВ. Қазір тірі ме, өлі ме, белгісіз. Екі рет сотталған, бір кездері Мақат ауданы орталығында жеке кәсіпкер болған. Қабан деген лақап атпен танымал қылмыстық авторитет болған.

2007 жылы Мақат тұрғыны Бақтыбай БАЗАРОВТЫ ұрлап әкеткен. Кейіннен сот ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы («Адамдар тобының алдын ала сөз байласу бойынша адамды ұрлауы») бойынша қылмысқа бес қатысушыны 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Бірақ қылмысты ұйымдастырушы Исмұханов тергеуден қашып кеткен.

Оқиғаны еске түсірейік. Кезінде әріптесім Ләззат Қаражанова бұл туралы егжей-тегжейлі жазған болатын. Исмұханов бірнеше жыл бойы Мақатты «бақылауында» ұстап, жастарды өз тобына алып, қылмыстық әрекеттер жасауға мәжбүрлеп, дүкендерге салық салып, тонаумен айналысқан. Міне, сол кезде тілшімізге Бақтыбайдың үлкен ағасы Берікбол Базаров: «Бағынбағандарды, қарсы шыққандарды Исмұхановтың ұрып-соғып, қорқытып, ақыры өлтіретін. Мен інімнің бетінің жартысы көгеріп жүретінін бірнеше рет көрдім. «Кім ұрды?» деп сұрағанымда, ол: «Дамирдің күшіктері» менің өздеріне қосылғанымды қалайды, бірақ мен келіспей жүрмін», – деп жауап берді. Олар оның үйіне жиі баратын. Көп ұзамай қарақшылар Бақтыбайды ұрлау операциясын жасады».

Бақтыбай Махамбет ауданындағы «Гюрал» ЖШС-де жұмыс істеген. Бірде олар әріптесі Мақсот Алдашевпен бірге Мақаттағы атақты емшіге барған. Әрі қарай М.Алдашев  болған оқиғаны сотта куәгер ретінде айтады: «Бақтыбай екеуміз екі күн ем алуға бардық. 2007 жылдың 3 ақпанында көпқабатты үйдің екінші қабатында орналасқан емшінің пәтеріне тағы да келдік. Кезекте он бес шақты адам тұрды. Біз кезектің соңын алып, күттік. Кенет көшеден біреу қатты айғайлап, оның атын атады. Бақтыбай аулаға қарай түсіп кетті де, бірнеше секундтан соң оның көмекке шақырған жан айқайы естілді. Жүгіріп көшеге шықсам, терезелері күңгірттенген ақ «Жигулидің» артқы орындығында біреулер Бақтыбайды ұстап отыр екен. Мен көлікке жүгірдім, бірақ жолыма бір адам тұра қалып: «Біз Мақаттанбыз» деді. Содан соң «Жигулиге» жүгіріп, мінді де кетіп қалды. Өкінішке орай, нөмірін есіме сақтай алмадым. Дереу полицияға хабарласып, Бақтыбайдың ұрланғанын хабарладым».

Исмұханов әлі іздестірілуде, ал Бақтыбай Базаровтың тағдыры әлі беймәлім...

Айнұр САПАРОВА

Еламан НУХИННІҢ коллажы 

4 наурыз 2022, 14:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.