Атырау, 7 қазан 15:22
 ашықВ Атырау +18
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Банк атынан қоңырау шалатындарға сенбеңіз

Бейнежазба
2 224 просмотра

Атырауда интернет-алаяқтар қала тұрғынынан оның шотындағы 3,5 миллион теңгеден астам ақшасын жымқырып, алаяқтық жолмен бірнеше онлайн несие алуға мәжбүрлеген.

Нұргүл ДӘУЛЕТОВА жұқпалы аурулар ауруханасында медбике болып жұмыс істейді. Ажырасқаннан кейін дамуы ерекше ұлын бір өзі тәрбиелеп жүрі. Анасымен, ағасымен және оның отбасымен бірге тұрады. Бірнеше жылдан бері әйел өзінің жеке пәтерін армандап, тіпті оған ақша жинай бастаған. Әйел пандемия кезінде модульдік стационарда бірнеше ай жұмыс істегені үшін алған бүкіл жалақысын бастапқы жарнаға жинап, қаражатын банк картасында сақтаған.

- Неліктен ақшаңызды депозитке салмадыңыз? – деп Нұргүлден сұрадым.

– Өйткені жақын арада осы банктен ипотекалық несие алуды жоспарлағанмын. Мен сол жерден алдын ала кеңес алдым. Менеджерлер егер менің картамда бастапқы жарнаға тең белгілі бір сома болса, онда несие алуға мүмкіндік көп деп сендірді. Жыл басында банкке жүгіндім, бірақ белгілі оқиғаларға байланысты сәл кейінірек, жағдай тұрақталған кезде келуге кеңес берді.

ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ «АРНАЙЫ ОПЕРАЦИЯ»

21 қаңтар күні таңертең Нұргүл ауруханадағы түнгі ауысымнан келіп, ұйықтап қалады. 12-лерде оны телефон қоңырауы оятады. Өзін банктің ішкі қауіпсіздік қызметкерімін деп таныстырған жас жігіт оның шотынан белгісіз біреулер ақша алмақ болғанын хабарлайды. Оның сөзі сауатты, нанымды болды, тұтқаның ар жағынан кеңсе шуы естілді. Ол Нұргүлдің барлық мәліметін және шотта жатқан соманы білген. Оның есін жиғызбастан, ақшаны жаңа, оның айтуынша, қауіпсіз шотқа аударуға табанды түрде кеңес берген. Ол қазіргі уақытта банкте қылмыскерлерге көмектесетін қызметкерді анықтау үшін арнайы операция жүргізіліп жатқанын, осыған байланысты оның енді банкке өз бетімен жүгінуге болмайтынын айтады. Полиция мен банкке келесі күні шағымдануды ұсынады. Жалған банк қызметкері әйелдің осындай қиындықпен жинаған ақшасын жоғалтып алу қорқынышын біліп алып, өзінің барлық нұсқауын орындайтын болса, ақшаның қауіпсіз болатынына сендіреді. Осы сөздерге сенген әйел «қауіпсіздік қызметкерінің» барлық нұсқауын орындайды.

Осыдан кейін ол банктің қауырт желісіне әлденеше рет хабарласуға тырысады, бірақ ол бос болмаған. Сол кезде сол нөмірден тағы да қоңырау соғып, бірнеше несие алуға көндіреді. Олар мұны: алаяқтар оның атына несие алғысы келген, ал олардан айласын асыру үшін ол несиені өзі алып, сөйтіп несие лимитін тауысуы керек, деп түсіндіреді. Әйел алаяқтарға тағы да сеніп қалады.

Келесі күні Нұргүл банкке жүгінген кезде, шындықты сол кезде біледі. Ол өз қаражатынан айырылғанымен қоймай, оның атына жалпы сомасы 3 миллион теңгеден астам бірнеше несие рәсімделген. Ай сайынғы төлем 80 мың теңгедей.

ПОЛИЦИЯ: АЛАЯҚТАР КЕЗ- КЕЛГЕН АҚПАРАТТЫ ПАЙДАЛАНАДЫ

Нұргүл полицияға арыз жазған. Сондай-ақ, ол банкті де сотқа бермек, өйткені ол қызметкерлердің бірі алаяқтарға клиенттердің деректерін «беретініне» сенімді - әйтпесе оның шотында қанша ақша бар екенін олар қайдан біледі? Полиция департаменті соңғы кездері елде интернет-алаяқтық фактілерінің көбейгенін растады. Тек жыл басынан бері Атырау облысында алаяқтар өздерін банк қызметкерімін деп таныстырып, смартфондағы банктік қосымшалар арқылы оларға несие рәсімдеп, азаматтардың ақшасын иемденген 25 факті тіркелген.

Қылмыскерлер телефон арқылы сөйлесу кезінде азаматтардың құпия сақталуы тиіс банк шоттары туралы ақпаратты дауыстап айтқанын пайдаланады. Осындай бейқамдықтың кесірінен алаяқтар сенгіш адамдардың есеп шоттарынан оңай ақша алып, олардың атына несие рәсімдейді. Өткен жылы Атырау полицейлері жоғалған құжаттар туралы хабарландырулардағы және көбіміз банкомат жанындағы қоқыс жәшігіне ойланбастан лақтырып тастайтын транзакциялық чектердегі ақпаратты пайдаланып, 300 (!) адамға онлайн несие рәсімдеген Семей қаласының тұрғынын анықтап, ұстады.

- Өткен аптада Атырау полицейлері екінші деңгейлі банктердің өкілдерімен кездесу ұйымдастырды. Оның мақсаты жедел әрекет ету үшін интернет-алаяқтық фактілерін тергеуге көмектесу, - дейді ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Мейірім ЕРДӘУЛЕТ. Оның айтуынша, алаяқтар түрлі тауар, мысалы, «ғажайып шаңсорғыш» сатушылар жинайтын тізімге дейін өздеріне қол жетімді барлық базаны пайдаланады. Олардың арасында басқа елдің азаматтары көп. Әсіресе олардың әрекетін қадағалау қиын.

– Полицияның екінші деңгейлі банктерден ақпарат алу тәртібі оңай емес. Ол үшін тиісті сұраным жолдап, рұқсат алу қажет, өйткені бұл - салым құпиялылығы. Бұл әсіресе ақша жолын қадағалауға мүлдем рұқсат бермейтін шетелдік қаржы институттарымен қиынырақ.

ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАРЫНЫҢ ОЙЛАП ТАППАЙТЫНЫ ЖОҚ

Негізінен алаяқтар екі бағытта жұмыс істейді – фишинг-шабуылдар және вишинг-шабуылдар. Екеуі де Қазақстанда өте кең таралған және статистика бойынша еліміздің әрбір 2-азаматы алаяқтықтың сол немесе басқа түріне тап болған. Фишинг-шабуылдардың мысалына әлеуметтік желілерде, соның ішінде Whatsapp мессенджерінде банктің, ірі фирмалар мен ұйымдардың мерейтойына орай ұтыс ойыны туралы жіберілген хабарламалар жатады. Осы сілтемені басу арқылы адам клон- сайтқа кіреді. Ол жерде оған ойын ойнау, жүлде ұтып алу, содан кейін сауалнаманы толтырып, 20 досына хабарлама жіберу ұсынылады. Осылайша, алаяқтар пайдаланушының IP мекенжайының деректерін ұрлайды және кейін электрондық поштаның, сайттардың құпия сөздерін және төлем картасының деректерін біліп алады.

– Бұл жағдайда телефон алаяқтарының типтік схемасы (вишинг-шабуыл) қолданылған. Өзін банктің ішкі қауіпсіздік қызметкерімін деп таныстырған ер адам, белгісіз біреулердің шоттағы ақшаны шығару әрекеті, кәсіби түрде сөйлеуі, кеңседегі шу - бұл сенім тудыру үшін жасалған, - дейді заңгер Аслан ЖОЛБОЛОВ. - Бірақ бұл жағдайда кем дегенде екі жағдай адамды елең еткізуі керек еді - банкке хабарласпау туралы ескерту, өйткені бұл «арнайы операцияға» кедергі келтіруі мүмкін және «несие лимитін» сарқу үшін несие алу туралы ұсыныс. «Қызметкер шоттағы барлық деректер мен соманы білген» дегенге келетін болсақ, бұл ақпаратты шотқа тікелей қол жеткізбей білу мүмкін емес. Ал алаяқ бұл ақпаратты жәбірленушінің өзінен әңгіме барысында алған болуы мүмкін. Содан кейін бұл ақпаратты бұрын белгілі болғандай пайдаланған. Әрине, банк қызметкерлерінің бірінің клиент деректерін беруі теориялық тұрғыдан мүмкін болса да, бұл екіталай. Өйткені банктер өздерінің беделін ойлайды және клиенттердің сенімін бағалайды, сондықтан мұндай оқиғаларға жол бермейді және қауіпсіздік деңгейін қадағалайды.

АДВОКАТ КЕҢЕСІ 

- Егер ақша ұрланған болса, ең алдымен адам полицияға арыз жазуы керек. Арызда жағдай егжей-тегжейлі сипатталып, еркін түрде жазылады. Мұндай арыздың келешегі туралы айтсақ, бұл санаттағы қылмыстық істердің ашылу пайызы, өкінішке орай, өте төмен. Өйткені алаяқтардың көпшілігі шетелден әрекет етеді. Бұл ретте телефон нөмірлерін, банк шоттарын, төлем карталарын үнемі ауыстырып отырады және қолма-қол ақшаны алу кезінде басқа адамдарды пайдаланады. Бірақ жергілікті тұрғын да алаяқ болып шығуы мүмкін, онда мұндай жағдайдың тезірек шешілуіне әлі де үміт бар, - дейді адвокат.

– Банкке талап арыз беру бекер. Өйткені азаматтық іс жүргізу заңнамасының нормалары бойынша талапкер банктің алаяқтық әрекетке қатысы барын дәлелдеуге тиіс, ал осы жағдайда бұл мүмкін емес. Сонымен бірге, сотқа дейінгі тергеу барысында алаяқтардың банк қызметкерімен сөз байласуының ықтимал схемалары тексерілуге тиіс. Бізге мұндай шағымдармен жиі жүгінбейді, бірақ алаяқ құрбандары көп екені белгілі. Бірақ жүгінген жағдайда да, егер алаяқ шетелден әрекет жасап, сақтық шараларын қолданса, адвокаттың көмектесе алмайтыны анық.

Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаудың ең сенімді жолы – жаңалықтардан хабардар болып отыру және белгісіз адамдардан келетін кез келген ақпаратты қайталап  тексеру, атап айтқанда:

– танымайтын адамдармен сөйлеспеңіз және тұтқаны қоя салыңыз. Банктің call-орталығына ақпаратты растау/жоққа шығару туралы өтінішпен қоңырау шалыңыз;

- банктер мен басқа ұйымдардың атынан сауалнама мен ұтыс ойындары бар күмәнді сілтемелерге кірмеңіз, ресми сайттардан ақпаратты қайталап тексеріңіз;

- ешкімге өзіңіз туралы және банктік шоттарыңыз туралы жеке деректерді, сондай-ақ SMS хабарламаның кодын бөгде тұлғаларға хабарламаңыз;

– смартфонның қауіпсіздігін арттыру үшін деп, қаскөйдің клиентке ұсынатын мобильді қосымшасын орнатпаңыз.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Бейнежазбаны түсірген автор

Еламан НУХИННІҢ коллажы

3 наурыз 2022, 13:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.