Атырау, 7 қазан 15:21
 ашықВ Атырау +18
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Экология министрі Жайық пен басқа өзендерді сақтап қалу мәселесін көтерді

Бейнежазба
1 681 просмотра

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали БРЕКЕШЕВ жұмыс сапарымен Атырауға келді. Ол Атыраудағы өндірістік нысандарды аралап, облыс басшылығы, басқа да мемлекеттік органдар, бизнес құрылымдар, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерінің қатысуымен жиын өткізді.

Сапардың бірінші күні министр мен оның командасы Махамбет ауданындағы негізгі сорғы станциясында, Атыраудағы ҚТҚ полигонында, «Грин Сити Клининг» ЖШС сұрыптау кешенінің құрылыс нысанында, сондай-ақ «Сасықсай» булану алаңында, жаңа КТҚ, АМӨЗ-де болды. Келесі күні ТШО, НКОК, «Kazakhstan Petrochemical Industries» ЖШС нысандарына барды.

Н.Балғымбаев атындағы Коммуникацияларды дамыту орталығында өткен жиында ҚР Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан АЛДАМЖАРОВ облыс аумағынан өтетін Жайық, Ойыл, Сағыз және Жем өзендерінің гидрогеологиялық жағдайы туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, қазір Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының 2021-2024 жылдарға арналған бағдарламасы аясында Жайық бассейнін сауықтыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда, өзен бассейнін бекіре тұқымдас балық түрлерінің шабақтарымен қамтамасыз ету, каналдарды және суландыру жүйелерін қайта жарақтау, орманды қалпына келтіру, жағалауларды нығайту, тереңдету, тазарту жұмыстары және басқа да жұмыстар бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

– 2020 жылдың қазан айында ірі өзендердің (Жайық, Ертіс және басқалары) бассейнінде зерттеу жүргізудің Бірыңғай жол картасы бекітілді. 2021 жылдың басынан Жайық бассейнінде бірлескен гидрологиялық зерттеу жұмыстары басталды, ол 2023 жылдың соңына дейін жүргізіледі. Айта кету керек, зерттеудің негізгі мақсаты – салалар бойынша су тасқынының үдемелі кезеңін және су қоймаларының жұмыс режимдерін біріктіру арқылы су тасқынының максималды ағынын қамтамасыз ету бойынша ұсыныс әзірлеу. Бұл шара су тасқыны кезеңінде уылдырық шашатын жерлер мен жайылма ормандарды су басуына мүмкіндік береді, ал бұл Жайықтың экологиялық ахуалында шешуші рөл атқарады, - деді Алдамжаров.

 

БЕЛСЕНДІ АЗАМАТ: «ОЛ ЖЕРДЕ КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ КӨП»

Ойыл мен Жем өзендеріне келетін болсақ, Алдамжаров өткен жылы «Қазгидромет» олардың ағындарының өзгерісін бағалағанын атап өтті.

- Жылдық орташа су шығыны динамикасы Жемде 50-жылдардан бастап жайылма суару үшін бөгеттер жүйесі пайда болғанда ағынды судың азайғанын көрсетеді. Ал 90-жылдардан бастап ағынды судың күрт төмендеуі байқалады. Ойыл өзенінің бассейніне талдау жұмысы 70-жылдардан бастап ауа температурасы тұрақты жоғарылағанда айтарлықтай азайғанын көрсетті. Жылдық жауын-шашын жиынтығының да, қыс айларындағы жауын-шашынның да азаю тенденциясын, сондай-ақ күзде топырақ жеткілікті ылғалданбайтынын ескере отырып, көктемгі су тасқыны кезіндегі ағынның көп бөлігі топыраққа сіңіп, жоғалатынын атап өткен жөн, - деді Алдамжаров.  

Еске салсақ, 2021 жылы министрлік жергілікті билікпен және қоғам белсенділерімен бірлесіп, су шаруашылығы инфрақұрылымының 57 нысанын тексеріп, нәтижесінде иесіз 34 бөгет анықталды. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, биылғы ақпан айында 14 нысанды коммуналдық меншікке қабылдау рәсімдері жүріп жатыр, 7 бөгет жойылды, қалғандарын су тасқыны басталғанша бұзу жоспарланған.


«АЛТЫ КАНАЛ ҚАЙТА ЖАРАҚТАЛАДЫ»

Алдамжаровтың айтуынша, Ақтөбе облысының Мұғалжар, Қобда және Ойыл аудандарында бұлақтардың арналарын тазарту жұмыстары жүргізілді.

- Коммуналдық меншікке қабылданған нысандар бойынша Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы Ақтөбе облысының әкімдігімен бірлесіп, өзендердің сағаларында орналасқан құрылғылардың суын Ойыл өзеніне жіберу және одан әрі көлдерді толтыру жұмыстарын жүргізеді.  Сонымен қатар, Жем өзені бассейні бойынша шаралар жоспарлануда: 2022 жылы – су шаруашылығы құрылғыларын түгендеу, 2024 жылы – арнаны тазарту.

Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында жалпы құны 8,4 млрд теңгені құрайтын 15 суландыру-суару жүйелерін күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.

- Соның ішінде 6 канал (Нарын, Бақсай, Бағырлай, Сборный, Есбол-Қозыбай, Ералы) мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 120 каналды қайта жарақтау тізіміне енгізілді. Қазір әкімдікте Нарын каналы бойынша ЖСҚ әзірленуде. Қалған бес канал бойынша жалпы сомасы 500 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Ал Жайық пен Қиғаштағы тереңдету жұмыстарына және Жайық пен Каспий теңізінің сағасынан суға батқан кемелер мен басқа да ірі заттарды шығаруға барлығы 19 миллиард теңге бөлінеді.

Кешенді жоспарда ауыз сумен қамтамасыз етуді жақсартуға бағытталған жобалар: жалпы сомасы 5,9 млрд теңгеге Тайсойған-Миялы магистральды су құбырының құрылысы, Қызылқоға ауданындағы Кереген-Сағыз-Жамансор топтық су құбырын қайта жарақтау және Құрманғазы ауданында 6 ұңғыманың құрылысы қарастырылған.

Н.Алдамжаровтан тағы бір жаңалық: Министрлік «ҚазМұнайГаз» АҚ-мен бірлесіп, Атырау және Маңғыстау облыстарын ауыз сумен қамтамасыз етуді жақсарту үшін «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырын қайта жарақтау және Кендірлі ауылында тұщыту зауытын салу жобаларын жүзеге асыруда.

Оның айтуынша, қазір Атырау және Ақтөбе облыстарындағы Ойыл бассейніндегі заңсыз салынған гидротехникалық құрылыстарды бұзуға 2 бригада (15 адам және 5 техника) жіберілген. Осы тұста оның сөзіне Миялы ауылының тұрғыны, белгілі белсенді Есенбай НҰРОВ араласты.

- Бұл көбіне сөз жүзінде. Есіңізде болсын, олар сіз Атырауға келгенде ғана жұмыс істеп жатқандай кейіп танытады.


«АУЫЛДАҒЫ ҚОҚЫС ҮЙІНДІЛЕРІ ЛЫҚ ТОЛЫ»

Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар ЖОЛДАСОВТЫҢ айтуынша, 1-қауіпті санаттағы 147 табиғи пайдаланушы, ең ірілері - ТШО, НКОК, «Интергаз Орталық Азия» АҚ магистральды газ құбыры басқармасы, Батыс филиалы. «ҚазТрансОйл» АҚ, «ЕмбіМұнайГаз» АҚ, «АМӨЗ» ЖШС Атырауда орналасқан. Жолдасовтың айтуынша, өткен жылы қоршаған ортаға тасталған шығарындылардың нақты көлемі 155 мың тоннаны құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 5 мың тоннаға артық. Соның ішінде ТШО-ның үлесінде 77,3 мың тонна, НКОК – 21,6 мың, «Интергаз Орталық Азия» АҚ – 21,3 мың, Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесінде – 10 мың тонна.

– Облыстың барлық ауданында дерлік экологиялық және санитариялық нормаларға сай келетін ҚТҚ полигондары жоқ. Ауылдағы қоқыс үйінділері лық толы, бөлінген аумақтардан шығып кетеді, көбіне қалдықтар рұқсат етілмеген орындарға жиі тасталады. Мақат және Индер аудандарын қоспағанда, барлық аудан орталығында ағынды суларды тазартатын КТҚ жоқ, олар жер бетіне төгіледі. Сондықтан елді мекендердің тұрғындары наразылық білдіріп, шағымдануда, – деген Жолдасов облыс әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВКЕ бұл мәселені өңірлік табиғатты қорғау жоспары аясында шешу қажеттігін ескертті.

Айнұр САПАРОВА

Бейнежазбаны түсірген автор

3 наурыз 2022, 12:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.