Атырау, 7 қазан 15:28
 ашықВ Атырау +18
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Экология министрі «Теңізшевройлға», NCOC-ке және АМӨЗ-ге тапсырма берді

1 890 просмотра

Атырауға жұмыс сапары барысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали БРЕКЕШЕВ 1-ші қауіптілік санатындағы табиғи ресурстарды пайдаланушылар болып табылатын ірі мұнай-газ кәсіпорындарының басшылығына бірқатар тапсырмалар берді. Өңірдің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған Жол картасын жүзеге асыру мәселелері де талқыланды.

Бұдан бұрын брифингте Экология департаментінің басшысы Әлібек БЕКМҰХАМЕТОВ Атырау облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында (Жол картасы) экология бойынша 20 іс-шара қамтылғанын айтты. Алдағы бес жылда оларды жүзеге асыруға барлығы 41,4 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 27,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 4,5 млрд теңге және жеке инвестиция есебінен 9,4 млрд теңге бөлу жоспарлануда.

Атырауда өткен жиында министр Жол картасын қайта қарап, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын қосымша шараларды енгізуді ұсынды.

Оның айтуынша, 2021 жылы облыстық бюджетке 9 млрд теңгеден астам экологиялық төлемдер түскен. Экологиялық кодекс енгізілгеннен кейін жергілікті атқарушы органдар бұл қаражаттың бүкіл 100 пайызын табиғат қорғау іс-шараларына пайдалана алатынын атап өтті.

– Бұдан басқа, халық Жол картасының орындалу барысы туралы хабардар болуы керек. Тоқсан сайын халыққа есеп беру кездесулерін өткізіп, жұмыс нәтижесі туралы хабардар ету қажет, – деді С.Брекешев.

Облыс аумағында 55 қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигоны болса, оның 8-інде ғана экологиялық рұқсат бар. Еске сала кетейік, бұған дейін Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар ЖОЛДАСОВ өз баяндамасында облыстың барлық ауданында іс жүзінде экологиялық және санитариялық нормаларға сай келетін ҚТҚ полигондары жоқ екенін атап өткен болатын. Ауылдарда қоқыс үйінділері лық толып, бөлінген аумақ шегінен шығып кеткен.

Еске салсақ, ҚТҚ полигоны 1977 жылдан бері жұмыс істеп келеді және Алмалы ауылдық округіне қарасты Береке ауылында орналасқан. Күн сайын ол жерге орта есеппен 300-350 тонна қоқыс төгіледі, қазіргі кезде ол лық толған.

- Ол жерде әлсін-әлі өрт болып тұрады, ал бұл Атырау қаласының ауа бассейнін ластаудың қосымша көзі, - деп атап өтті министр.

Мақат пен Индерден басқа облыстың барлық ауданында КТЖ (кәріздік-тазарту қондырғылары) жоқ. Министр сарқынды сулардың экологиялық рұқсат құжатынсыз жер бедеріне құйылатынын атап өтті. Ол мысал келтірді: биыл жыл басында Құлсары қаласы тұрғындарының арызы негізінде «Жылыой су» КМК-на тексеру жүргізіліп, кәсіпорынның эмиссияға рұқсаты жоқ екені, ағынды сулар тазартусыз шығарылатынын анықтады. Тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік істер қозғалды, кәсіпорынның қызметін тоқтату туралы сотқа талап-арыз берілді.


МӨЗ ҚАЛАДА БОЛҒАНЫ ЖАҚСЫ ЕМЕС

Әрі қарай ірі табиғат пайдаланушылардың өкілдері қоршаған ортаны қорғау шараларын жүзеге асыру туралы әңгімеледі. Министр «AМӨЗ» ЖШС-нің бас директоры Арман ҚАЙЫРДЕНОВКЕ шығарындыларды түбегейлі азайту жоспарын уақытында жүзеге асыру қажеттігін еске салып, зауыттың қала ішінде орналасқанын атап өтті.

– АМӨЗ жыл сайын атмосфераға 10 мың тонна ластаушы заттар шығарады. Зауытта 277 шығарынды көзі бар, оның 127-сі ұйымдасқан, 150-і ұйымдастырылмаған. Талдау жасап, ұйымдастырылмаған шығарынды көздерін азайту, мұнай құю/төгу эстакадаларын буларды рекуперациялау қондырғысымен (БРҚ) жабдықтау қажет. Өз кезегінде, Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне «AМӨЗ» ЖШС жобалау материалдарына экологиялық сараптама жүргізу барысында шығарындыларды азайту жөніндегі шараларды енгізуді және жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырамын.

«Сасықсай» булану алаңына сарқынды суларды жіберу кезінде экологиялық заңнаманың жүйелі түрде бұзылуы туралы айта келе, ол 2020 жылдың қараша айында құрамында мұнай өнімдері көп тазартылған ағын сулардың ағызылғанын еске салды.

С.Брекешевтің айтуынша, жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша айыппұл санкциясының жалпы сомасы 70 миллионнан астам теңге болған. Осыған байланысты ол зауыттың бас директорына тиісті бақылауды қамтамасыз етіп, эмиссияның нормативтен тыс болуына жол бермеуді тапсырды.


NCOC ТАЗАРТУ ҚОНДЫРҒЫЛАРЫН ТЕЗІРЕК ТАПСЫРУ КЕРЕК

Ол NCOC басқарушы директорының орынбасары Ермек МАРАБАЕВҚА компания нысандарындағы шаруашылық-тұрмыстық және өндірістік сарқынды суларды ағызу белгіленген нормативтерден асып түсетінін, жаңа тазарту қондырғысының құрылысын тезірек аяқтау қажеттігін айтты. Еске салсақ, былтыр сәуір айында «Болашақ» МГКДҚ аумағынан тыс жерде жаңа тазарту қондырғысының құрылысы басталған болатын. Пайдалануға беру 2022 жылдың IV тоқсанына жоспарланған.

Әрі қарай «Болашақ» зауытынан, сұйық технологиялық қалдықтарды орналастыру алаңынан (СТҚОА), Батыс Ескенедегі темір жол кешенінен (БЕТК) шығарылатын шығарындылар нәтижесінде ауаның күкіртсутекпен ластануы туралы айтылды.

Министрдің айтуынша, 2021 жылы Мақат ауданында санитариялық-қорғау аймағының шекарасына жақын орналасқан ауа сапасын бақылау бекеттерінде күкіртсутекпен жоғары ластану (115) және өте жоғары ластану (4) фактілері тіркелген.


АЛАУДАҒЫ ШЫҒАРЫНДЫЛАР: БҰЛ «ШАРАСЫЗДЫҚ» ПА?

Әрі қарай ТШО бас директоры Джек БЕЙКЕР баяндама жасады. Одан кейін министр ТШО нысандарына іргелес жатқан елді мекен тұрғындарының алау қондырғыларынан шығатын зиянды заттарға қатысты үнемі шағымданатынын еске салды:

– «Теңізшевройл» ЖШС-де алауда газ жағатын технологиялық жабдықтар жұмысында жүйелі ақаулар орын алады. Алайда сіздер жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманың нормаларына сілтеме жасай отырып, бұл жағуларды технологиялық тұрғыда жағылуы тиіс деген жағдайға жатқызасыздар. Осыған байланысты ТШО газды техникалық міндетті жағу көлемін азайтып, олардың себебін анықтауы қажет. Мерзімі – осы жылдың 2-тоқсанының аяғына дейін.

Бұдан басқа, ол мердігер компанияларға бақылаудың төмен екенін атап өтті. Мәселен, «КSS» ЖШС-нің тексеру жұмыстары кәсіпорынның қалдықтарды экологиялық рұқсатсыз өңдегенін көрсетті. Экология департаментінің талап-арызы бойынша сот шешімімен кәсіпорынның қызметі тоқтатылды.

– Жаңа Экология кодексінің 12-бабы I санаттағы объектілердің (ТШО) операторларын мердігер мекемелерге барлық қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеуге міндеттейді. Сондықтан ТШО мердігер мекемелерге толыққанды өндірістік экологиялық бақылауды қамтамасыз етіп, олардың қызметі үшін жауапкершілік алуы қажет, - деді министр. – Су бұру мәселесіне келсек, ТШО сарқынды суларды булану алаңдарына жіберу және ағын суларды жерасты қабаттарына айдау кезінде (ЗВП булану алаңы, ПИВ, КТЛ булану алаңдары, ағын суларды жерасты қабаттарына айдау кезінде) жүйелі түрде нормативтерден асып түседі. Анықталған фактілер ТШО тазарту қондырғыларының тиімсіз жұмыс істеп жатқанын айғақтайды. Сіздерге нормативтен тыс эмиссия фактілерін толықтай жойып, су үнемдейтін технологияларды және сумен жабдықтаудың айналмалы жүйелерін енгізу қажет.

Министр 1 желтоқсанға дейін қоршаған ортаның жай-күйін барлық параметрлер бойынша (радиоэкологиялық жағдай, халық денсаулығы, ТШО-ның қызмет нысандарының жұмысынан тұрғындарға түсетін дозалық жүктемелер) бағалауды тапсырды.

Тағы бір келеңсіз фактор – ТШО қалдықтарын тасымалдау, сонымен қатар Құлсары қаласы аумағындағы ТШО вагондарын жуып-шаю және қызмет көрсету. Министр ТШО-ға келісімшарттық аумақ шегінде өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу мәселесін шешуді, елді мекендер маңында қалдықтарды тасымалдамауды, вагондарды жуып-шаю және оларға қызмет көрсету учаскелерін қайта орналастыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Айта кету керек, ТШО-да ауа сапасын бақылайтын 12 автоматты станция бар, бірақ олардың барлығы Air KZ мобильді қосымшасына қосылмаған. С.Брекешев ТШО-ға «Қазгидромет» РМК-мен бірлесіп, «Қазгидрометке» экологиялық мониторинг деректерін беруді біріктіру мәселесін пысықтап, барлық станцияны мобильді қосымшаға қосу мәселесін тез арада шешуді тапсырды.

Айнұр САПАРОВА

1 наурыз 2022, 13:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.