Атырау, 26 сәуір 22:37
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Әкімшілік заттарыңыздың сақталуына жауап беруі тиіс

1 387 просмотра

Біз бәріміз тауарлар мен қызметтердің барлық түрлерін тұтынушымыз. Әрқайсымыздың кем дегенде бір рет болса да өз құқығымыз бұзылған шығар. Ал қолданыстағы заңнама нормалары азаматтарға өз құқығын қорғауға нақты мүмкіндік береді. Рас, бәрі тұтынушының белсенді ұстанымына байланысты.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң алдыңғы жылы тұтынушы мүдделерінің сатушының басымдығы тұрғысынан айтарлықтай күрделі өзгерістерге ұшырады. Қабылданған түзетулердің кейбірі 2021 жылдың 1 қаңтарында, ал бір бөлігі одан ертерек күшіне енді.

Ең алдымен шағымды қарау тәртібі белгіленгенінен бастайық. Ол үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезекте тұтынушы кәсіпкерге (сатушыға, өндірушіге, қызмет көрсетушіге) өз бетінше жазбаша талап-арыз жолдауы тиіс. Ол тұтынушыға күнтізбелік 10 күн ішінде жауап беруге міндетті. Егер ол талапты қанағаттандырудан бас тартса немесе оған мүлдем жауап бермесе, тұтынушы мемлекеттік органға жүгінуге құқылы. Атырауда бұл орган - 2019 жылдың жазында жеке ведомство болып құрылған Тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы (Азаттық даңғылы, 31 «а», тел.: 32-10-36, 32-10-54).

– Шағымды қарау нәтижесі бойынша кәсіпкерге заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарып немесе тексеру тағайындай аламыз. Бұл ретте Қазақстанда үш жылдан бері шағын бизнес субъектілеріне барып тексеруге мораторий енгізілгенін ескеру қажет. Бірақ бұл түк істей алмайсыз деген сөз емес, – дейді департамент басшысы Әлем УӘЛИЕВ. – Азаматтардың бірде-бір шағымы назардан тыс қалмайды, егер іс сотқа жетсе, біз, әрине, тұтынушының ұстанымын қорғап, үшінші тарап ретінде қатыса аламыз. Мұндай фактілер бар, тұтынушылар жеңіп шығып жүр!

Бізбен қатар Атырауда екі қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Оларға тұтынушы практикалық көмек пен заңгерлік кеңес алуға жүгіне алады. Бұл Тамара БАЙЛАУОВА жетекшілік ететін «Батыс» тұтынушылар альянсы» және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және бәсекелестікті дамыту» бірлестігі, президенті – Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА. Олардың әлеуметтік желіде жеке парақшалары бар.

Айтпақшы, бұл заң қоғамдық ұйымдардың тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы өкілеттіктерін кеңейтті. Енді олар комиссияның құрамында тауарлар сатылатын (жұмыс орындалатын, қызметтер көрсетілетін) жерлерге баруға, оларды жазып алуға (фото, аудио, бейне), нәтижесін интернет-ресурстарда және баспасөзде жариялауға құқылы.

Келесі қадам – тұтынушы кәсіпкерге дауды сотқа дейін, оның ішінде медиация тәртібімен реттеу мүмкіндігін ұсына алады.

– Даулардың едәуір бөлігі медиацияның арқасында реттелгенін және оның түпкілікті шара екенін және одан әрі мәселе сотта қаралмайтынын атап өткім келеді, – деді Ә.Уалиев. – Біздің департамент, сот органдары және «Халықаралық құқық қорғау орталығы» арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандум жасалған. Жалпы, даудың көпшілігі екі жақтың ымырасыз текетіресінің нәтижесінде тұтанатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Шын мәнінде, сындарлы жолмен барлығын тез шешуге болады. Кәсіпкерге заң нормаларын сабырмен түсіндіріп берудің өзі жеткілікті. Олардың тарапынан бұдан әрі «тіресудің» мәні жоқ екенін түсінген жағдайлар болды. Дегенмен, тұтынушының талабы да әрқашан дұрыс бола бермейді. Ал жалпы мұның барлығы халықтың құқықтық сауатсыздығының айғағы.  

СОТ ІСТЕРІ

Ал соңғы кезең – бейбіт түрде тараудың барлық мүмкіндігі біткенде болатын сот.

Былтыр облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 700-ден астам (оның ішінде ауызша кеңес сұраған) шағым  түскен. Шағымның басым бөлігі сауда саласына қатысты. Ал кейбір істер сотқа дейін жетті.

Уәлиевтің айтуынша, тұтынушылар шағымға жауап жоқтығына немесе дер кезінде жауап берілмеуіне жиі шағымданады. Еске салсақ, бұл үшін 10 күнтізбелік күн берілген. Осындай хикаялардың бірі ерекше назар аударуға тұрарлық.

Барлығы қала тұрғынының ұялы телефонды акциямен сатып алуынан басталған, оның пайымдауынша, телефон сапасыз болып шығыпты. Акцияны ұйымдастырушы – ұялы байланыс операторларының бірі сатып алушының шағымына бірнеше күн кешігіп жауап беріп, сол үшін департамент тарапынан әкімшілік жазаға тартылған. «Әкімшілік жазаға» келіспеген компания сотқа шағым түсірді. Онда оның заңгерлері сол кездегі қолданыстағы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңға сүйенгені анықталды. Ол заңға сәйкес жауап беру уақыты 15 күн болатын.

Ұзақ дауласпады. Атырау қалалық сотының судьясы қандай себеппен екені түсініксіз, «басқа» заңға сілтеген оператордың уәжімен келіскен. Бұл ретте жауап беруге 10 күн белгіленген «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңды басшылыққа алу қажет еді. Бір қуанарлығы, прокуратураның талабы бойынша апелляциялық саты осы жағдайды дұрыс реттеп, қалалық соттың қаулысын жойды.

Тағы бір мысал. Әлдебір жүргізуші 64 мың теңгеге автокөлік бөлшектерін сатып алған. Хабарландыруда Венгрияда жасалған деп көрсетілген. Бірақ үйінде сатып алушы құжаттардан «Made in China»  деген таныс мөрді байқады. Дүкен иесі, жеке кәсіпкер тауарды алудан бас тартты. Соңында көлік жүргізушісі сотта әділдікке қол жеткізді: ол ақшасын қайтарып алды, оған қоса моральдық шығын өндіріп алды.

 

ONLINE «ШАҒЫМДАР КІТАБЫ»

Сондай-ақ қолданыстағы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өтініштерді қабылдаудың бірыңғай ақпараттық платформасын» (e-tutynushy.kz) еске салғым келеді. Қызмет дербес компьютерлер мен мобильді құрылғылардан қолжетімді, бұл оны кез келген уақытта пайдалануға мүмкіндік береді, тек тіркелу қажет. Оның үстіне бұл жеке тұлғаларға (тұтынушыларға) ғана емес, бизнес субъектілеріне де (заңды тұлғалар) ыңғайлы.

- Біз кәсіпкерлерді де осы платформаға тіркелуге шақырамыз. Өйткені наразы тұтынушылармен көбінесе сатушылар немесе әкімшілер байланысып, олар не болып жатқанына объективті баға бере алмай жатады. Ал, келіп түскен шағым туралы ақпарат алған кәсіпкер оған өзі қатысып, тұтынушы дауын «осы жерде және қазір» тез арада шеше алады, - деп атап өтті Әлем Уәлиев.

Өткен жылы департаментке e-tutynushy.kz арқылы тұтынушылардан 237 шағым түскен. Бірақ бұл платформаны қанша атыраулық кәсіпкер пайдаланады және жалпы пайдалана ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Жаңа сервис толық жасалып бітпеген. 

 

ПАЙЫЗДАР, БАҒА КӨРСЕТКІШТЕР ЖӘНЕ СЫНҒАН «ЫДЫС»

Соңында «Батыс» тұтынушылар альянсы» қоғамдық бірлестігінен практикалық кеңестерді ұсынамыз.

№1 жағдай. Супермаркетте күзетші сөмкеңізді ұяшыққа қалдыруды сұрайды, бірақ сіз мұны қаламайсыз. Мұныңыз дұрыс! Өйткені бұған толық құқығыңыз бар. Заңды түрде сөмкені сақтауға тапсыру арқылы сіз заттарды өтеусіз сақтау шартын жасайсыз. Ал АК-ның (ҚР АК) 380-бабына сәйкес, азаматтар шарт жасасуға ерікті, сондықтан оны жасауға мәжбүрлеуге ешкімнің де құқығы жоқ.

№2 жағдай. «Әкімшілік заттарыңыздың сақталуына жауап бермейді» деген жазулар көптеген сауда орындарында ілініп тұрады, бірақ ол шындыққа мүлдем сәйкес келмейді. Жауап бергенде қандай! Егер сіз сөмкеңізді ұяшыққа қалдырсаңыз, сол сәттен бастап сіз өтеусіз қысқа мерзімді сақтау шартын жасадыңыз. Осы жерде Азаматтық кодекстің (ерекше бөлім) 775-баптың 1, 2-бөліктері және 778-бап күшіне енеді.

№3 жағдай. Сіз дүкенде әлдебір бөтелкеге абайсызда тиіп кетіп, сындырып алдыңыз және сізден оның құнын төлеу сұралады. Алайда, мұны дауласуға болады, өйткені тауардың кездейсоқ бүліну қаупі оның иесіне (ҚР АК 190-бабының 1-бөлігі) жүктелген. Сатып алушы тауардың ақысын төлегенше, ол тауар оған тиесілі емес. 

№4 жағдай. Тауардың кассадағы бағасы баға көрсеткішіне сәйкес келмейді. Таныс жағдай ма? Мұндай ұятсыз алдауды көптеген супермаркеттен жиі көруге болады. «Бағасын өзгертіп үлгермедік», - дейді сатушы мен әкімші сатып алушылардың шағымына жауап ретінде. Бірақ! «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 24-бабына сәйкес, сатушы сатуға міндетті, ал тұтынушы тауарды баға көрсеткішінде көрсетілген құнына сатып алуға құқылы. ҚР Азаматтық кодексінің (ерекше бөлімі) 447-бабына сәйкес, тауарлар туралы мәлiметтер (атауы, бағасы...) көпшiлiкке арналған оферта, яғни, көрсетілген баға бойынша сатып алу ұсынысы болып танылады. Сондықтан сатушының кез келген уәжі негізсіз.

№5 жағдай. Мейрамханада, кафеде немесе басқа жерде сізден қызмет көрсеткені үшін бөлек пайыз алынады. Бұл ақылға сыймайтын нәрсе ғана емес, заңсыз және ГОСТ 30389-2013 «Қоғамдық тамақтану қызметтері ...» стандартымен реттеледі. Өйткені қызмет көрсетусіз тамақ пен сусынға тапсырыс беру мүмкін емес. Ал даяшыға шайпұл беру - сіздің жеке шаруаңыз.

№6 жағдай. «Өз тағамыңызбен кіруге тыйым салынған» - бұл да Атырауда жиі кездесетін хабарландыру. Оны әдетте кинотеатрларда, аквапарктер мен компьютерлік клубтарда көруге болады. Бұл да заңсыз, өйткені ҚР Конституциясының 26-бабы сізге заңды түрде алған қандай да болсын мүлкіңізді жеке меншікте ұстауға құқық береді.

Осылайша, кәсіпкер сізді өзінен тауар сатып алуға жанама түрде мәжбүрлейді, ал бұған «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 8-бабымен тыйым салынады.

Соңғысы. Заң бұзушылықтарды суреттер мен бейнежазбаға түсіріп алыңыз. Түсірілімге тыйым салу заңсыз. Бұл норма «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 24-бабында жазылған.

Айтпақшы, сауда және басқа да мекемелердің иелерінің міндетіне тұтынушы өзінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру туралы өтініш бере алатын барлық мемлекеттік ведомстволар мен қоғамдық ұйымдардың байланыс деректерін көрінетін жерге орналастыру міндеті кіреді. Мұндай ақпараттың жоқтығы Әкімшілік кодекстің 190-бабын бұзу болып табылады.

Өз құқығыңызды қорғаудан ұялмаңыз. Мұны сіз үшін ешкім жасамайды.

Лев ГУЗИКОВ  

24 қаңтар 2022, 15:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.