Атырау, 5 қазан 13:19
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

ПИК кетеді, меншік иелері ұйымы және жай серіктестік болады. Енді тәртіп орнай ма?

2 136 просмотра

Келесі жылдың жазында Қазақстанда барлық ПИК орнына Меншік иелері ұйымы және жай серіктестіктер құрылады. Атырау облысында 1776 көппәтерлі үй болса, күні бүгін олардың 760-ы жаңа басқару формасына көшкен.

- Бұрын бірнеше үй бір ПИК-ке бірігіп, бір шоттары болса, енді әр үйде жеке шоты бар өз басқармасы болады. Яғни, пәтер иелері өздерінің көппәтерлі үйлерінің жағдайын өздері қарап, оны күтуге кететін қаржыны өздері бақылайды. Одан бөлек ұйымның немесе серіктестіктің басшысы болып сол үйдегі пәтердің меншік иесі ғана тағайындала алады, - дейді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекшісі Қайрат Хабиев.

Біздің өңірімізде қазіргі таңда 752 жай серіктестік пен 8 меншік иелері ұйымы тіркелген. Бұл ұйымдардың қызметі бірдей: үйді басқару, күтуді қаржыландыру, үйдегі ортақ мүлікті сақтау, қызмет көрсететін компаниялармен келісімшарт жасасу. Екі ұйым да банкте ағымдағы және жинақтаушы шоттарын ашу керек.

Меншік иелері ұйымын құру үшін жалпы жиналыстың немесе сауалнама қатысушыларының 50 пайызының келісімі жараса, Жай серіктестік үшін 100 пайыз келісім керек. Әр пәтердің меншік иесі бірлескен қызмет туралы сенімхат беріп, келісімшартқа қол қою керек. Алайда, тұрғындардың көпшілігі Жай серіктестік құруға тырысады, себебі, меншік иелерінің ұйымы әділет органдарында тіркеуден өтуі тиіс. Серіктестік мұндай тіркеуден өтпейді.

Меншік иелері ұйымы төрағасы немесе Жай серіктестіктің сенімді тұлғасы бір жылға сайланады. Пәтердің немесе үйдегі тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі төраға болуға құқылы.

Көбіне «иесіз» үйлер қиындық туғызып жатады. Ескі үйлердегі пәтер иелерінің көпшілігі жаңа үйге көшіп кетіп. Пәтерлерді негізінен жалға береді. Ал жалдап тұратындар уақытша баспанаға немқұрайлы қарайды. Нәтижесінде бұл үйлерде ПИК жоқ, шығындарды ешкім төлегісі келмейді, сайып келгенде қысқа дайындық кезінде жертөлелерді тазарту қала билігіне күш болып түседі. Мысалы, биыл жертөлелерде жиналған суды сору және кәріз жүйелерін қалыпқа келтіру үшін демеушілерді тартуға тура келген.

Атырауда ПИК-сіз 136 үй бар. Бұл үйлердегі пәтер иелері де Меншік иелері ұйымын немесе Жай серіктестік құрулары тиіс. Және әрі қарай өз үйлері үшін жауапкерішілік арқалап, шығындарды төлеп отыруға міндетті. Әрине, ешкімді мәжбүрлей алмаймыз әрі ол жерге барып жауапты тұлғаны да тағайындай алмаймыз, - деді Қ.Хабиев.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

14 желтоқсан 2021, 22:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.