Атырау, 5 қазан 13:25
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Еділбаевтар отбасының бақыты

Сурет Бейнежазба
3 254 просмотра

Бұдан 19 жыл бұрын «Ақ Жайық» газетіне алғаш жұмысқа тұрған уақытымда Жұмабек пен Сәния ЕДІЛБАЕВТАР туралы жазғанмын. Одан бері қанша уақыт артта қалғанымен көптен осы бір екі жанмен тағы бір кездессем деген ой жүретін. Жуырда соның сәті түсе кеткені. Араға жылдар ізін салғанымен осы қос жұптың бір-біріне деген құрметі, сыйластығы, махаббаты тәнті еткен-ді.

Жұмабектің отбасы қонақжай, өте жылы қарсы алды. Келіні Эльза мені төрден бір шығарды. Олардың Көктоғайдағы үйі – кең, таза, әсем-ақ.

Жұмабек атақты жылқышы, Социалистік Еңбек Ері Шәши ЕДІЛБАЕВТЫҢ жалғыз ұлы. Одан кейін екі қарындасы болғанымен ұлды ерек көру қазақи әдет еді. Үміт еткен ұлдарының  жастайынан мүгедектік арбаға таңылуы ата-анаға ауыр соққы болғаны рас.

- Мен осы Көктоғай округіне қарасты «Қаңбақты» қырында туып-өскенмін. Әкем жылқы бағатын. Кішкентайымнан үйдегі малға қарауды үйреніп, қолғабыс жасайтынмын. Әке-шешем кішкентай болсам да маған сеніммен қарап, ертеңгі жалғастырушы ұрпағымыз деп санайтын. Мектептен кейін, әскер қатарындағы борышымды өтеп келіп, Семейдегі геологиялық барлау техникумына оқуға түстім. Сол 1979 жылы Семейде практикада жүргенімде машина қорабынан құлап, беломыртқам сынды, - дейді Жұмабек Еділбаев.

23 жасар Жұмабекке ота жасағанымен, екі аяғына қимыл бітпейді. Жастайынан төсекке таңылып жатып қалу жас жігітке де, оның ата-анасына да оңай соқпайды. Алғашқы кезде қатты қиналғанымен үміттерін үзбеген еді. 1980 жылы Жұмабек емін жалғастыру үшін Атырау қаласындағы ауруханаға жатқан – бағына орай, сонда санитарка болып жұмыс жасайтын Сәнияға кездеседі.

- Сонда бір көргеннен ғашық болдыңыздар ма?

- Иә, өзім бір көргеннен (күледі). Ақсары әдемі жас қыз, сол кезде 19 жаста. Оны бірден ұнаттым, мінезі ұяң, биязы, салмақты, сары қыз. Арасында әңгімелесіп, маған жәрдемдесіп жүретін. Менде мүмкіндік жоқ шығар деп (мен қайда, мүгедек, ол қайда) сонда да өз сезімімді білдіруге бекіндім. О, құдірет - қарсылық білдірмеді, ол мені осы күйде қабылдады. Содан ауылға хабар жіберіп, ата-анама үйленетінімді айттым. Сәнияның сондағы батылдығына, жігерінің мықтылығына таң қалғанмын. Арбаға таңылған мені ғана емес, қаланың қызы өмірі көріп-білмеген қырға барудан қашпай мақұлдауы мені жігерлендіріп жіберді.

1980 жылың сәуірінде екі жастың дүрілдеген тойы өтті. Әке-шеше, қарындастары, туыстарының қуанышында шек жоқ. Сәния қыр өміріне тез үйренді. Ол еңбекқор. Малды да қарады, үй ішінің тірлігін де ұршықша иіріп әкетті. Аяққа тұрудан күдерін үзсе де, жан-жарының қолдауымен Жұмабектің өмірге деген құлшынысы кеміген жоқ. Кейін Көктоғайға көшіп келді. Мәскеуден мүгедек жандарға арналған қолмен басқарылатын «Запорожец» жеңіл көлік алғызды. «Шынашақтай Сәния ірі денелі Жұмабекті көтеріп алып көлікке өзі отырғызатын. Біз, құрдастары, көмектесейік дегенімізге қарамайтын. Қатарынан қалдырмады, қарттары да қараулы, төрінен қонақ үздірген жоқ. Сәниядай ерік-жігері мықты әйел кемде-кем болар», – дейді құрдастары ризалықпен.

– Мен қарап отыра алмадым. Осы ауылдағы Толик дейтін азаматтан аяқ-киім тігуді үйрендім, аз-мұз қаржы таптым. 1990 жылдары қиын кезде де қарап отырғаным жоқ, ауылдастарыммен бірге Жайыққа балық аулауға баратынмын. Ауға түскендерді өткізіп, орнына астық, шекер, басқа да керек-жарақтарымызды алатынбыз. Бәрі күнкөріс қамы үшін, –дейді Жұмабек.

Жұмабек пен Сәнияның жарасымды отбасында екі ұл, бір қыз өсті. Шәши қарт пен Бапаш ана немерелерін емірене иіскеп, бәріне шүкіршілік ететін. Жұмабектің екі қарындасы да тұрмысқа шығып, өз қуаныштары өздерінде.

- Өмірдің қызығы мен қиындығы қатар жүреді ғой. Бастысы еңбек етіп, өмірден түңілмеу керек. Біздің отбасы құрғанымызға 40 жылдан асты, Жұмабектің арбаға таңылғанын өзім көп байқамаймын, себебі ол өмір көшінен қалып қойған жоқ, үнемі көңілді жүреді, оптимист. Қанша қиналып, ауруы жанына батса да сабырлы, сыр бермейді. Сол үшін де жақсы көріп, сыйлаймын, - дейді Сәния Еділбаева. Жұмабек те өз пікірін іркіп қалмады:

- Өмірде менің жолым болды. Ер жігіттің Сәниядай жары болса, өмірдің қиындығынан қорқудың қажеті жоқ. Сәния мені балаша күтіп, өзі киіндірді, өзі жуындырды. Қазір жасым 65-ке келді, әлі сол. Ол менімен бірге балық та аулады ғой! Бүгінде үлкен отбасыға айналдық. Әкем өмірден ерте өтсе де, анам Бапаш қолымызда. Ол кісі 92 жастан асып барады. Үлкен ұлым Темірбек, кішісі Болатбек екеуі де үйленді, Гүлдана, Эльза деген келіндерім, немерелерім бар. Ал қызым Айнұр Атырауда тұрмыста, жиендер өсіп келеді.  

- Жолдастарыңыздан әлі де қол үзбеген боларсыз?

- Әрине. Жақында соғым шайы басталады. Хамит Асанов, Боранбай Нұқпаев, Ізбасар Төлегенов, Табылды Жұмабаев, басқа да жолдастарыммен жиі бас қосамыз.

Бапаш әжей шай жиналарда «Қиындықсыз өмір жоқ, ұлдарың батыл, қыздарың намысты болсын. Ел тыныш болсын» деген бата берді. «Әумин!» дестік.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

15 желтоқсан 2021, 14:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.