Атырау, 9 қазан 09:28
 ашықВ Атырау +20
$ 486.44
€ 534.31
₽ 5.06

Чехов пен «үйдегі батырлар»

Сурет Бейнежазба
2 745 просмотра

Махамбет Өтемісұлы атындағы Қазақ академиялық драма театрының репертуары жаңа қойылыммен толықты. Чеховтың пьесасы бойынша бас режиссер Мұханғали ТОМАНОВ қойған «Апалы-сіңлілі үшеу» спектаклі айтылған оң пікірлерге қарағанда, көрерменге ұнады. Тіпті қазақша білмейтіндерге де. Айтпақшы, театр олар үшін бұрынғыдан да қолжетімді болады – жақын арада спектакльдерді орыс тіліне ілеспе аударуды іске қосу жоспарланып отыр.

М.Томанов бұл пьесаны көптен бері қойғысы келіп жүрген. Оның өзінде де сөзбе-сөз емес, өзінің режиссерлік пайымдауымен классикалық мәтінді заман талабына сай ұлттық нақышқа келтіріп ұсынуды көздеді. Сол баяндауы өте ерекше шықты, көптеген сұрақ туындады, соларды спектакльден кейін режиссердің өзіне қойдым. Бірақ алдымен көрермен ретінде алған әсеріммен бөліскім келеді.

Маған қойылымның камералық түрде болғаны ұнады - барлығы көрермендердің тікелей көз алдында өтті, құдды оқиғаның ортасында жүргендей әсер болды. Әртістердің барлығы жақсы ойнады, ең кенжесі Иринаны сомдаған актриса Гүлдана КӨШЕРБАЕВА ерекше көрінді. Ол спектакль бойы менің назарымда болды, ең алдымен, сыртқы келбеті мен өзі жасаған образдың өте дәл сәйкестігіне тәнті болдым. Вокалдық-хореографиялық қойылымдары да табиғи үйлесімдік тауып, лайықты атмосфераны сездірді, әсіресе романстар, мәселен, ортаншы қыз Машаның күйеуі – гимназия мұғалімі Федор Кулыгиннің рөлінде ойнаған актер Асылбек БӘДЕЛ орындаған романс.


«СПЕКТАКЛЬГЕ БАРЫМЫЗДЫ САЛЫП, КӨП ЕҢБЕК ЕТТІК»

– Мұханғали, неге дәл осы пьесаны таңдадыңыз, көрерменге не айтқыңыз келді?

– Алдымен, Чеховтың пьесалары бүгінде Ресей мен шетелді айтпағанда, Қазақстанның барлық дерлік театрларында қойылып келеді. Айтпақшы, алғашында «Шағала» шығармасын ойға алдым, бірақ кейіннен «Апалы-сіңлілі үшеу» пьесасын таңдадым. Бастапқыда мен оны 1904 жылы Чехов қайтыс болғаннан кейінгі және қазіргі дәуірмен қиылыстыру арқылы жаңартқым келді. Түсінесіз бе, классикалық драматургия мәтіннен тыс ойға жетелейді. Чехов революцияны көрген жоқ, бірақ бұл зерігіп, бос арман-қиялға берілген ақсүйек адамдар туралы драмада алдаболашақтағы тарихи қантөгіс катаклизмдері көрініс табады. Мен көріністі 1900 жылдан 1917 жылға, революция және «азаматтық соғыс қауіпі бар» жылдарға ауыстыруды ұйғардым. Сонымен қатар, менің ойымша, көрермен қазіргі болмысқа сәйкес келетін кейбір ұқсастықты байқайтын сияқты: Чеховтың кейіпкерлері белгісіздікте, уақыт өлшемі жоқ кезеңде өмір сүреді және бүгінде, атап айтқанда, пандемияға байланысты, тағы басқа жайттарға байланысты көңіл-күй көрінеді емес пе?

Апалы-сіңлілі Прозоровтар ауылдан Мәскеуге қайта оралуды армандайтынын үнемі айтып отырады, бірақ ол үшін ешқандай әрекет етпейді. Қазір біздің қоғамда да солай - біз де айтамыз, бірақ әрекет етпейміз. Қазіргі «үйдегі батырлар» секілді. Спектакльде мынадай метафора бар: актерлар сахнадағы қоюшы-суретші Тимур КОЕСОВ жасаған құрылымдарды қозғағанда, олардың өзі орнынан қозғалмайды.

Сонымен қатар, спектакльде Кеңес үкіметі қазақтың тағдырында қандай сұмдық роль атқарғанын көрсетуге тырыстым. Қырдың қазақтары тоқтықта, еркін өмір сүрді, еңбек етіп, көңіл көтеруді де білген. Ал жаңа үкімет малын тартып алып, бүкіл қазақтың тең жартысын аштан қырып, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды жойып, зиялы қауымның көзін құртты. Халқымыздың еңсесі түсіп кетті. Спектакльде бұл, мысалы, көрнекі сәттер арқылы көрсетіледі: сағат тілі қарама-қарсы бағытқа бұрылады, қымбат және әдемі дүниелер сұрықсыз кейіпке енеді, фарфор ыдыстар темірге айналып кетеді...

- Дайындыққа қанша уақыт жұмсалды?

- Көп. Режиссерлар Чеховты әртүрлі тәсілмен - классикалық стильде де, жаңашылдық енгізіп те сахналады. Біз ұзақ уақыт дайындалдық, Ресейдің Олег Ефремов, Лев Додин, Юрий Погребничко қойған спектакльдерін қайта қарап шықтық. Бүкіл труппамен менің режиссерлік идеямды талқыладық, әрбір сөз тіркесін, әрбір көркем образды жетілдірдік. Міне, осы ауқымды шығармашылық еңбектен кейін ғана спектакль көрермен назарына ұсынылды. Актерлар мен суретшіге алғысым шексіз, олар керемет жұмыс атқарды. Алдағы уақытта да эксперимент жасаймыз деп ойлаймын.

– Пьесаны қазақ тіліне аударған кім?

– Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда драма театрының бас режиссері Әмір-Темір ХУСЕЙН. Ол сонау 1983 жылы аудармаға кірісіп, кейін 2009 жылы мәтінді қайта өңдеп, толықтырды. Менің ойымша, ол өз міндетін өте жақсы атқарды. 


«КӨРЕРМЕННІҢ ТАЛҒАМЫ ЖАҚСАРДЫ»

– Репертуарды қалай таңдайсыз? Бұл жағдайда жергілікті театр сүйер қауымның өтініші мен тілектері маңызды ма?

Бізде 19 адамнан тұратын көркемдік кеңес бар, оның құрамына өзім, директор, әр жастағы режиссерлар мен әртістер жиналған. Көрерменнің пікірін ескереміз, бірақ алдымен материалды талдап, тартымды бола ма деп ойлаймыз. Мәселен, Бақытгүл Бабаш бізге ақын жерлесіміз Жұмекен Нәжімеденовтің өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар әкелді. Бұл ұсынысты мақұлдап, жастар театрында қойылым жасадық. Жалпы, көрерменнің жетегінде кетпеу керек деп ойлаймын, біз көрерменді жетелеуіміз керек...

– Ал қазір көрермендермен қарым-қатынасыңыз қалай? Тұрақталған болар...

– Бізде театр өнеріне тамсанатын өз көрерменіміз бар. Ол театр сүйер қауым. Алғаш рет келіп, кейін «біздікі» болып кететіндер де бар. Айтпақшы, соңғы жылдары театр сүйер қауымның талғамы жақсы жаққа өзгергенін атап өткім келеді. Олар спектакль жай ғана ойын-сауық емес, рухани азық болатынын түсінеді. Енді біз маңызы терең драматургияға көбірек көңіл бөлгіміз келеді. Бірақ біз, әрине, комедияларды да сахналаймыз, «ойын-сауық» да қажет – бұл жерде көрерменде таңдау болған жөн. Біреулер «Супер келіннен», біреу «Апалы-сіңлілі үшеуден» немесе Шекспирдің драмасынан, болмаса қай-қайсынан да эстетикалық ләззат алады.


«КАССАДАҒЫ БИЛЕТТЕР АЛДЫН АЛА САТЫЛЫП КЕТЕДІ»

– Бірақ, барлық премьераларыңызға келетін атыраулықтар әлі де аз емес пе? Көп адам бізде театр бар екенін біледі, баруымыз керек деп ойлайды, бірақ бармайды. Менің достарымның арасында ондайлар көп.

– Міне, осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Мен Атырауға бес жыл бұрын ауысып келдім. Құдайға шүкір, репертуар жақсарды, үнемі толықтырып отырамыз. Бұрын көрерменнің сұранысы бойынша көбіне жеңіл комедияларды қойып жүрдік, қазір айтқанымдай, жағдай өзгеріп жатыр.

- Ол кезде мақсат - қалайда залды толтыру ғой...

– Иә, солай, ол кезде театрға халықты тарту қиын болатын.

Ал қазіргі жағдай қалай?

Әлдеқайда жақсы. Адам көп келеді, тіпті кассада билет қалмайды.

– Иә, оны естідім.

Бұл өте жақсы. Әсіресе, жастардың көп келелітіні қуантады.

– Бірақ билет тапшылығы карантинге байланысты емес пе – әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін залдағы орындар саны шектеулі ғой?

Әрине, ішінара оның да әсері  бар, бірақ салыстырып қарасаңыз - індетке дейін біздің әкімші қызметкерлер әртүрлі ұйымдарға барып, билеттерді сатып алуды ұсынатын еді.

– Ал қазір олай жасамай ма?

Жоқ. Әкімшілердің өзінен сұрауыңызға болады. Қазір кассадағы билеттер тез сатылып кетеді, адамдар алдын ала алып қояды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор және Ерлан Алтыбаев

Бейнежазбаны түсірген автор

5 қараша 2021, 11:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.