Атырау, 9 қазан 11:27
 ашықВ Атырау +20
$ 486.44
€ 534.31
₽ 5.06

«Алтын Орда» мерейтойы жақсы-ау, ал шарасыз шаруагерлер ше?

Сурет Бейнежазба
1 781 просмотра

Атырау облысының шаруалары қысқа дайын емес. Шаруагерлерге субсидия берілмеді, каналдар құрғап жатыр, жейтін жем-шөбі жоқ көтерем малдар қыстан аман шығуы неғайбыл. Осындай шағыммен Атырау облысының 7 ауданынан жиналған шаруагерлер облыстық әкімдік алдына жиналды. Олар біздің мақсатымыз елді дүрліктіру емес, аудандарда мәселе шешілмегендіктен облыс басшысы әрекет етсе дейді.

Бірнеше уақыттан соң жиналғандардың қасына Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Қанат ӘЗМҰХАНОВ келіп, облыс әкімі министрлермен, президент әкімшілігінен келген қонақтармен бірге «Алтын Орданың» 750 жылдығына арналған конференцияда жүр деп, сол күні кездесу мүмкін еместігін хабарлады.

Облыстық әкімдік алдына жиналған 20 шақты фермердің арасында ауыл шаруашылығы саласындағы сарапшы Алмасбек САДЫРБАЕВ болды.  Ол сол жерден Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Дәурен АБАЕВҚА видео сәлемдеме жолдады: «Дәурен Әскербекұлы, біз бүгін Сізбен бірге Атырауда жүрміз. Сіз бірақ әкіммен бірге тойда жүрсіз, ал мына жақта шаруалар 15 күннен бері әкімді ұстай алмай жүр. Дәл қазір облыс әкімі тура сіздің жаныңызда отырса, сәлем айтыңыз». Бұл бейнежолдау әлеуметтік желіге таралды.

Келесі күні 60-тан астам шаруагерлер облыстық әкімдік алдына қайта жиналды. Олардың 40-қа жуық өкілін «Ashyk» бағдарламасымен ішке кіргізіп, қалғаны далада күтті. Облыс әкімімен кездесуге баспасөз өкілдеріне кіруге рұқсат етілмеді. Бірақ кейін «Ақ Жайық» тілшісіне кездесуде Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВТІҢ қандай уәде бергенін шаруагерлер жиыннан соң баяндап берді.

Шаруагерлердің көтерген ең басты мәселесі - каналдардың құрғап жатқаны. Бұл әсіресе Исатай ауданы үшін өте өзекті. Ол жерде 20-дан астам канал бар, олардың көпшілігі жер суару міндетін атқармайды.

Зейнолла Елешов, Исатай ауданы, Нарын ауылының тұрғыны:

- Жеке қожалығымда жүзге жуық ірі қара мен жылқыларым бар. Биылғы жаз қуаңшылыққа ұшырап, алты бас жылқым өлді. Жаздай арықтаған мал биыл қыстан шығуы да екітай. Канал мен оның арналары батпақ пен қамысқа айналды. Өйткені ұзақ жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Ал биыл жазда каналға мүлдем су берілген жоқ. Қаншама мал су іздеп, батпаққа батып өлді. Арнаны тезірек жөндеп берсе дейміз. Бұл мәселе біз үшін өте маңызды.

Облыс әкімімен кездесуде кәсіпкерлер айтқан тағы бір мәселе, шаруагерлер көкөністерін арзан бағада ұсынса да қаладағы сауда орталықтарында сата алмай келеді. Оның орнына сөрелер қымбат бағамен сырттан келген өнімдерге толы.

Айнұр Рахматулина, «Темірлан Агро-7661» ЖШС директоры:

- Мен биыл 100 гектарға өнім егіп, жұмыс күшінің тапшылығына байланысты өнімнің 30 пайызын ғана жинай алдым. Оның өзін сатып өткізуге көп уақытым кетті. Бізбен «Дина» базары және жергілікті әкімдік арасында үш жақты меморандум жасалғанымен, орталық «Дина» базарында өнімді сату қиынға соғып тұр. Биыл жанармай шығындап, жеті аудан мен облыс іргесіндегі Тасшағыл, Опорный ауылдарына дейін аралап жүріп саттым. Көкөністі жергілікті жерде өндірген соң арзанға беремін. Мысалы, пияз басқа жерлерде 170 теңге болса, менде 70 теңге. Егер супермаркеттер меннен көтерме бағамен сатып алса, төмен бағамен ұсынып, делдалдарды жойып, халыққа да оңай тиер еді деген ұсынысымды жеткіздім. Бірақ бұл орындалмады!

Шаруагерлердің айтуынша, облыс әкімі «мәселені бақылауға алып, шешу жолын қарастырамыз» деген жауап айтқан.

- Бұл жиналыстың хаттамасын алып, ол жерге енгізілмей қалған мәселе болса, қайтадан түзеттіріп, жұмыс жасалуын қадағалайтын боламыз, - деді «Шопан ата» қауымдастығының Атыраудағы өкілі Ғазиз ҒАБДУЛЛИН.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

1 қараша 2021, 13:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.