Атырау, 10 қазан 19:25
 ашықВ Атырау +11
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Каспий түбін тереңдету бойынша форум: Диаровтың орны ойсырап тұр

2 015 просмотра

Маусымда NCOC компаниясы Каспий теңізінде  тереңдету жұмыстарын бастады. Осы және басқа да тақырып энергетика министрлігі ұйымдастырып, жергілікті қоғам белсенділері қатысқан онлайн-форумда талқыланды.

Естеріңізге сала кетсек, көктемде экология жанашырлары мемлекет басшысына теңіз түбін тереңдету бойынша кез келген жұмысқа мораторий енгізу туралы өтініш берген еді. Галина ЧЕРНОВАНЫҢ айтуынша, петицияға 20 мыңнан астам адам қол қойған. Онлайн-кездесуде ол негізгі талаптарға тоқтала кетті: NCOC теңіз кеме арналарының жобасын Солтүстік-Шығыс Каспий экожүйесіне зиянды деп тану; осы жобаға қатысты экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі берген барлық рұқсатты қайтарып алу; мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижесін жойып, қайта қоғамдық тыңдау өткізу; NCOC-тан Қашаған жобасын логистикалық қамтамасыз ету бойынша балама ұсыныстар әзірлеу талап етілді.

Оның пікірінше, NCOC дайындаған Қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) жобасы жүйелі құрылмаған:

- Сонымен қатар, өткен күнгі уақыт көрсетіліп жасалған өзгерістер байқалды, сондықтан біз бұл жобаны қайта қарауды талап етеміз, - деді Чернова. – Бастапқыда жоба неліктен «кеме арналарының құрылысы» деп аталды, ал қазір «тереңдету жұмыстары» болып өзгертілген?

NСOС өкілі Нұраш ӘЖІҒАЛИЕВ жобада ешқандай өзгеріс болған жоқ, ал атауы ағылшын тілінен қате аударылған деп жауап берді:

- Бұл Суэц немесе Панама секілді кеме жүзетін канал емес, теңіз түбін тереңдетуді көздеген жоба.

Ол сондай-ақ қыркүйек пен қараша айларында барлық мүдделі эко-белсенділер қатысатын Каспийге сапар жоспарланып отырғанын айтты:

- Онда сіз теңіздің тереңдігін, судың ластану деңгейін тексеріп, т.б. өлшеу жұмыстарын жүргізе аласыз ... Қалқымалы кеме және аралдарға құрлықтық маршрут салу (эстакада) күн тәртібінен түспеген мәселе, бірақ техникалық қиындықтарға байланысты бұл мәселе болашақтың еншісінде, ал қазір біз 2022 жылға дейін жалғасатын тереңдету жұмыстарымен айналысып жатырмыз.

 

«БҰЛАЙ ЖАСАЙТЫН ТЕК БІЗ ЕМЕС»

Әжіғалиевтің айтуынша, жобаны әзірлеуге ғалымдар қатысты, олар Каспий экожүйесіне бұл жағдайда әсері аз және қайтымды екенін растады:

- Бекіре тұқымдас балықтар мен басқа да балықтардың қозғалысына кедергі болмайды, себебі олар келісімшартта белгіленген аумақтан тыс жерде шоғырланған. Жоба итбалықтардың шоғырлану аймағына да әсер етпейді. Көпшіліктің ұсынысы бойынша ауданда судың бұлыңғырлығы мен әртүрлі биологиялық ерекшеліктерге мониторинг жүргізілуде, нәтижесі қыркүйек пен қарашада дайын болады.

Бұл жерде белсенді Ғазез ҒАБДУЛЛИН ұзақ жыл бойы Каспий экологиясын сақтау үшін күрескен, марқұм академик Муфтах Диаровты еске алды:

- Сіз академик Диаровтың қателескенін айтқыңыз келе ме? Ол теңіз экожүйесінің жойылып бара жатқанын айтып ғана қойған жоқ, ғылыми негізделген мәлімет берді. Мүмкін алдымен соларды зерттеп алып, содан кейін басқа ғалымдарға жүгінерсіз?

Оны Чернова да қолдап, қазіргі ғылыми деректерге сенбейтінін айтты. Әжіғалиев дәлел ретінде Каспий теңізіндегі тереңдету жұмыстарын бұрын басқалар да жасағанын және қазір де сол жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты:

- Махачкала портында, Филановский мен Корчагин мұнай кен орындарында тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Бір миллион текше метрге жуық топырақ шығарылды. Теңіздегі көршіміз «ТенгизСервис» ЖШС модульдерді жеткізу үшін 74 шақырым жерді тереңдетті. Иран да порттарда теңізді тереңдетуде...

Габдуллин оның сөзін бөліп: бұл жағдайда салыстыру дұрыс емес, жұмысты тоқтату керек:

- Біз бәріміз Қашаған жобасы басталғаннан кейін Каспий экожүйесінің қалай зардап шеккенін көріп отырмыз ғой.


«СЫРТТАН КЕЛГЕН ҒАЛЫМДАР ТАПСЫРЫС ОРЫНДАЙДЫ»

Ғабдуллиннен кейін әріптесіміз Гүлжан ЕЛЕШЕВА эмоционалды түрде өз пікірін білдірді:

- Осы қалада тұрып, мен Жайықтың таязданып бара жатқанын, балықтың азайғанын көріп отырмын, ал қызыл балықты, тіпті,  ұмытқалы қашан. Бұл Каспий теңізінің жағдайына байланысты екені анық. Ал бүгінде ғалымдар бұл жерде мұнай өндіру мен онымен байланысты жұмыстардың биологиялық ресурстарға іс жүзінде ешқандай зияны жоқ деп сендіреді. Оның үстіне, олар басқа елдің көп танылмаған мамандары, олардың қорытындысына сену қиын. Ал біз осы жерде туып-өскен көрнекті ғалым, академик Диаровқа сенеміз.

Ол ақша үшін жұмыс істеген жоқ, ол өз жерінің патриоты, жанашыры болды, оның дәлелдері неге ескерілмейді? Бүгінде ғалымдарға мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейді, табатын еңбекақысы мардымсыз, сондықтан ақша үшін кез келген тапсырысты қуана орындайды, бұл ретте тапсырыс берушінің қалауын ескеруге мәжбүр. Меніңше, бұл жағдайда да солай.

Бұған Әжіғалиев былай деп жауап берді:

- Мен 30 жыл бойы мұнай саласында жұмыс істегеніммен, бұрын балықшы болдым. Балық мәселесі маған өте жақсы таныс. Өкінішке орай, бекіре тұқымдас балықтар мен басқа балық түрлерінің қоры Қашағаннан да бұрын құрыды. Алысқа барудың қажеті жоқ. 1977 мен 2000 жылдарды салыстырсақ, осы уақыт ішінде балық аулау ісі 20 есе азайды. Біз барлық ғалымдардың пікірін ескере отырып, кенішті игеруді бастадық, оның ішінде аса құрметті академик Диаров та болды, ол барлық алдын ала өткен қоғамдық тыңдауға қатысты.

Иә, біз жергілікті ғалымдармен бірге ресейлік мамандардың пікірін де ескереміз, бірақ бұл жерде сіз ойлағандай көп ақша жоқ және біз олардың ешқайсысын сатып алған жоқпыз. Біз оларды тек өз пікірін білдіруге шақырдық.


«БЕКІРЕ ШАБАҚТАРЫ – ЖЫРТҚЫШТАРҒА АЗЫҚ»

Галина Чернова:

- Гүлжан дұрыс айтады. Бір кездері балық жергілікті тұрғындардың негізгі тағамы болды, ал уылдырық кедейлердің асы еді. Қазір оны тек байлар ғана жейді. Өзен жағасында тұрып, сол балықтың қызығын жергілікті халықтың көрмегені қалыпты жағдай ма? Осы ретте Каспий экожүйесіне зиян келмейді деп, бізді сабырға шақырады!

- Мен тағы да қайталаймын - балық пен қара уылдырық Қашаған кен орнын игеру басталмай тұрып жойылып кетті, - деді Әжіғалиев.

- Егер сіз мұнай өндіру жұмыстарын жүргізіп, экожүйені бұзуды жалғастырмаған болсаңыз, онда ол қалпына келіп, реттелер еді. Сіз бұған мұрсат бермей отырсыз, - деді Чернова.

- Біз жергілікті екі бекіре зауытына көмектесіп отырмыз... - деп бастаған Әжіғалиевтің сөзін Чернова бөліп жіберді:

- Сіз сәби емессіз ғой, өзіңіз бір кездері біздің өңірдегі балық шаруашылығын басқардыңыз. Сіз аналық топтың жоқ екенін түсінесіз ғой. Ал олар қажетті материалды қайдан алады? Яғни шегі жоқ өтірік айтылып жатыр. Өз-өзімізді алдауды доғару керек!

Осы кезде әңгімеге энергетика вице-министрі Әсет МАҒАУОВ араласты:

- Меніңше, бұл мәселені жалпы Атырау облысындағы экологиялық ахуал тұрғысынан қою керек сияқты. Ахуал көңіл көншітпейді, сондықтан жұртшылық кез келген өнеркәсіптік жобаны қабылдай қоймайды. Сонымен қатар Атырау мұнай өңдеу зауыты мен «Сасықсай» бар, қала маңында үлкен мұнай-химия кешені тұр. Атырауға барған кезде мен де кейде күкіртті сутегінің иісін сеземін. Менің ойымша, бұл аймақтың экологиялық жағдайына кешенді баға беріп және бұл мәселені тұтастай шешу қажет. Теңізді тереңдету жобасына келетін болсақ, алдын ала қоғамдық тыңдаулар мен дөңгелек үстел өткен кезде қосымша ұсыныстар берілді, содан кейін жоба оң пікір алды.

Бірақ Чернова сабырға келе алмай, бекіре тұқымдас балықтарды қолдан көбейту тақырыбын жалғастырды:

- Міне, Нұраш Сатыбалдыұлы екі зауытқа көмектесіп жатқанын, осылайша балық қорын молайтуға жол ашылғанын айтып отыр. Бірақ ол мүлдем олай емес. Әлемдегі прогрессивті ихтиологтардың айтуынша, жіберген шабақтар теңізге жетпей, орта жолда  құстар мен жыртқыш балықтарға қосымша жем болып отыр.

 

БАСТАПҚЫДА АЙТЫЛҒАН СӨЗ - СОҢЫНДА ДА СОЛ КҮЙДЕ ҚАЛДЫ

...Қорытындылай келе, Мағауов тағы да айтқанын қайталады:

- Арнаның тақырыбын талқылай отырып, біз экологияға қатысты мәселелерге көшіп кетеміз. Бұл мәселелерді кешенді түрде шешу жолдарын қарастыру керек.

Елешева соңғы жылдары аймақтағы әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға NСОС белсенділік танытпай отырғанын атап өтті. Чернова стратегиялық жоспардың қажеттілігі туралы былай деді:

- Ол экологиялық қиындықтарға қауіп төндіретін барлық жобаларды қамтуы тиіс, экологиялық бағалау тек ғалымдардың ғана емес, сонымен қатар тәуелсіз сарапшылар мен азаматтық белсенділердің қатысуымен жүргізілуі тиіс. 

Айнұр САПАРОВА

10 тамыз 2021, 10:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.