Атырау, 11 қазан 07:24
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Атырауда жылу қызметкерлері мәжбүрлі вакциналауға қарсы митинг өткізді

Сурет Бейнежазба
2 421 просмотра

12 шілдеде «Атырау жылу жүйелері» АҚ-ның бірнеше ондаған қызметкері коронавирусқа қарсы мәжбүрлі вакциналауға наразылық білдіру үшін кәсіпорын ауласына жиналды. Айтуларынша, олар екпеге баруға мәжбүр, әйтпесе жұмыстан шығарамыз деп қорқытқан екен. Толығырақ - «AЖ» материалында.

Бізге жиналғандардың - оператор, слесарь, дәнекерлеуші, оюшылардың айтуынша, бәрі өткен жұмадағы жұмыс күнінің соңына қарай басшылықтың вакциналау қажеттілігі, әйтпесе жұмысқа қоспайтыны туралы ескертуінен басталған. Тағы бір нұсқа (әрине, қаржыға байланысты ешкімге қолайлы емес): апта сайын ақылы ПТР тестін тапсыру керек.

- Бәріміздің келісімімізді сұрамай-ақ, екпе алуға мәжбүрлеп отыр. Біз қарсымыз! Апта сайын ПТР тестін тапсырудың еш мүмкіндігі жоқ, өзіңіз ойлаңыз: бір тест 7200 теңге тұрады, бұл айына 30 мың теңге. Ал бізде операторлар 70 мың, слесарлар 95 мың алады. Бұл да тақырып: неге олар бізге ЖЭО немесе «Атырау Жарықтан» аз төлейді, біздің олардан қай жеріміз кем? - дейді халық.

Оператор Гүлнар ХАЙРОШЕВА:

- Кім екпе алуға қарсы емес және денсаулығы жарамды, солар алсын. Ал мен өзім үшін, отбасым үшін қорқамын - егер маған бірдеңе болса, мүгедек болып қалсам ше? Иә, созылмалы ауруы бар адам ретінде есепте жоқпын, бірақ бәрібір қауіптенемін. Балаларым бар, егер маған бірдеңе болса, олардың жағдайы не болады? Кәсіпорын түрлі себеппен вакцина алғысы келмейтіндер үшін жүйелі ПТР-сынама шығындарын төлеуі керек деп есептеймін. Әйтпесе, жалақыны көтерсін.

Басқалары да оны қолдады. Олардың айтуынша, кәсіпорында 600-ден астам адам жұмыс істейді, көбінің пікірлері бірдей екен.

Шебер Нұрлыбек ДАЙРАБАЕВ:

-Міндетті вакциналауға қарсымыз. Бұл - біріншіден. Екіншіден, ақылы сынама тапсыруға мүмкіндік болу үшін жалақыны көтерсін. Басқа талабымыз жоқ.

Көп ұзамай сол жерге «Атырау жылу жүйелері» АҚ президентінің м.а. Әлібек ТЕМІРҒАЛИЕВ келді. Айтпақшы, оның өзі әлі вакцина алмаған.

- Түсіну керек, мұның бәрі Қазақстанның бас санитар дәрігерінің вакцина алмаса немесе ПТР сынамасы туралы анықтама ұсынбаса жұмысқа жібермеу туралы қаулысының аясында жасалып жатыр. Біздің жұмысшылар бәрі болмаса да, көпшілігі вакцина алғысы келмейді. Әркімнің өз пікірі бар, әр жағдайды ұғыну керек. Әрине, апта сайын 7200 теңге - сіздер үшін көп ақша. Жалпы бәрі қымбаттап жатқанда жалақы шынымен аз. Бірақ қазір біз оны көтере алмаймыз, өйткені біз монополистердің тарифіне тәуелдіміз. Бір күнді белгілейік, облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдерін шақырайық. Олар вакциналау туралы түсініктеме берсін, әрі қарай вакцина егу керек пе, жоқ па, адамдар өздері шешсін.

Кенет көпшілік арасынан таңданған дауыстар естілді. Сөйтсек «Атырау Жарық» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали ҚАРШЫГЕНОВ келе жатыр екен. Ол жиналғандарды тыңдап, бұл мәселені шешуге уәде берді.

- Бәріңізге вакцинасыз жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Біз тіршілікті қамтамасыз ететін нысанбыз, слесарь онлайн режимінде жұмыс істей алмайды.

- Демек, вакцина алмасам, мені жұмыстан шығармайды ғой? - деп сұрады наразылық білдірушілердің бірі батылдықпен.

- Жоқ, - деп Қаршыгенов жауап беріп, Әлібек Темірғалиевқа неліктен адамдарға жағдай дұрыс түсіндірілмеген деп сұрады. Содан кейін қайтадан жылу қызметкерлерінің жалақысы төмен екені сөз болды.

Қаршыгенов бәрі тарифке байланысты екенін, бірақ қалай болғанда да қазір «Атырау жылу жүйелеріндегі» жалақыны АЖЭО деңгейіне дейін көтеруге бет бұрғанын айтты.

- Егер «Атырау жылу жүйелерінің» банкротқа ұшырауы жақын болса, алдын-ала басқа жұмыс іздеу үшін бізге қазір айтсын, - деді батыл сөйлеген әлгі жігіт тағы да.

- Жоқ, банкроттық болмайды, - деп жауап берді Қаршыгенов. Ал жұмысшылар аз болса да қайта-қайта жалақыны көтеруді талап етті.

- Мен 59 мың теңге демалыс ақысын алдым, бұл ақша ма? 25 мың теңгеге үй жалдаймын, 2 кредитім бар, егер бауырларым көмектеспесе, қайыр сұрайтын түрім бар! – деді тағы бір оператор әйел наразылықпен.

- Жалақыны қалай көтеремін, ақшаны қайдан аламын, біз мемлекеттік кәсіпорын емеспіз. Тағы да айтамын, бәрі тарифке байланысты, оны бізге қажет деңгейге көтере алмаймыз, өйткені тұтынушылар наразы болады, - деді Қаршыгенов.

Содан кейін ол ешкімді екпеге мәжбүрлей алмайтынын тағы да айтты: кім қарсы болмаса - вакцина алсын, кім қаламаса - бәрібір жұмысқа шыға алады.

- Бірден осылай айтса, митингке шықпас едік, - деді жұмысшылардың бірі.

Содан кейін, «АЖ» үшін Қаршыгенов облыс басшылығына, ҚР Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғановқа және Денсаулық сақтау министрлігіне тіршілікпен қамтамасыз ету кәсіпорындарының жұмысшыларына вакциналау тұрғысында бөлек тәсілдеме қажет екені туралы хат жолдағанын мәлімдеді.

- Ал жұмысшыларға жағдайды түсіндіре алмаған «Атырау жылу жүйелері» басшылығымен бөлек сөйлесетін боламыз, - деді Қаршыгенов. Бұл кезде жұмысшылар тарап кеткен еді.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

12 шілде 2021, 17:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.