Атырау, 11 қазан 07:23
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Мостовой өзегі: аңыз бен ақиқат

Сурет
2 295 просмотра

Атырауда күн жылына бастағанда «аңыз болған» Ерік Мостовой арнасы масалар ордасына айналады. Жақын маңда орналасқан тұрғындар да жағымсыз иіске шағымданады.

Тарихынан: 2001-2002 жылдары Атырау қаласының оң жағалау бөлігін абаттандыру үшін Мостовой каналын қалпына келтіру бойынша «ПИИ Атырауаводпроект» ЖШС жобалау институты ауқымды жоба жасады. Ерік Мостовойға үлкен үміт артылды. Бұл жерде жасыл белдеу пайда болып, өзектің өзі дренаж қызметін атқарған болар еді.

Сол кезде бюджеттен канал құрылысына 1,5 миллиард теңге және кейін қайта жарақтауға (жүзбелі сорғы станциясының құрылысы мен шлюздерді орнатуға) 170 миллион бөлінді. Канал Атырау ықшамауданындағы Жайықтан бастау алып, теңізге дейін - табиғи тарихи арна бойымен созылуы керек еді.

Содан бері көп жыл өтті, біз қымбат жобадан іс жүзінде нәтиже шықпағанын көріп отырмыз.

Жақында айналадағы тұрғындар тағы да әлеуметтік желіде каналдағы иіс пен масалардың көптігіне шағымдана бастады.

Біз сол жерге бардық, әрине, жағымсыз әсер алдық. Сорғы станциясы істен шыққан, каналдың өзі қоқыспен ластанған, көп жерді қамыс басып кеткен. Ағынсыз су ыстықта буланып кетеді.

Бұл өзектің тағдыры не болмақ? «AЖ» қала әкімдігіне сауал жолдап, Атырау қаласының әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВТЫҢ қолы қойылған мынадай жауап алды: «Ұзындығы 15 шақырым болатын канал 2000 жылдардың басынан бері бар, бірақ оның құрылысы іс жүзінде аяқталған жоқ. Каналдың негізгі қызметі топырақасты суларын дренаждау болады, бұл жерасты суларының деңгейін төмендетеді, қаланың басым бөлігін жауын-шашын салдарынан су басуына жол бермейді, деп жоспарланған.

2020 жылдан бастап сәуір айынан каналдың қату кезеңіне дейін екі сорғы станциясымен каналды ұйымдасқан түрде айдау жұмыстары жүргізілуде. Екі сорғы күніне 4 мың текше метр суды, яғни, жылы және салыстырмалы жылы кезеңдегі жеті ай ішінде 800 мың текше метр жерасты суларын айдайды.

Су сол жағалаудағы булану алаңдарына жіберіледі - ықтимал (сарқынды суларды тазарту кешені қалыпты жұмыс режиміне шыққан кезде) түрде су қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындарына қайта пайдалануға жіберіледі. Сөйтіп, Жайық өзенінен су алуды азайар еді. 

Осылай су айдау кезінде канал дренаж жүйесі ретінде жұмыс істейді. Өткен жылдың өзінде жерасты суларының деңгейі төмендеп, бұған дейін ағаштар тамыр жаймаған маңайдағы аумақтарды көгалдандыруға мүмкіндік туды. Жергілікті тұрғындар жағымсыз иіс пен құжынаған масаға шағымдануды тоқтатты. Нөсерлі жаңбыр болса да аумақты су басқан жоқ.

Сонымен қатар, канал қоқыс пен қамыстан тазартылды».

Әкім жұмыс нәтижесіне қала тұрғындары мен қонақтары баға береді деді.

Иә, бағалаймыз. Жақсы ештеңе жоқ.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді түсірген автор

12 шілде 2021, 16:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.