Атырау, 4 мамыр 03:54
 ашықВ Атырау +11
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

Жарық тұрақсыз боп, техника істен шықса не істеу керек

3 448 просмотра

Көп жылдар бойы Атырау тұрғындары электр қуатын тұрақты өшіруге, электр желілеріндегі іркілістерге байланысты коммуналдық масқараның тұтқынына айналды. Тұтынушылардың басым көпшілігі өз құқықтарын қорғау үшін қайда жүгінерін білмей, наразылығын әлеуметтік желіде жариялауды жөн көреді. «AЖ» мұндай жағдайда қалай әрекет ету керектігін анықтады.

Электр энергиясын жеткізетін «Атырау Жарық» АҚ үнемі тарифті көтеріп отырады. Мұны өз кірістерін энергетикалық торап инфрақұрылымына инвестиция ретінде салып отырмыз деген уәжбен түсіндіреді. Ал тұтынушылар есесіне не алады?

Жарықтан ажыратылған үй мен пәтерлер, істен шыққан тұрмыстық техника және кондиционер мен сплит-жүйесіз 40 градус ыстықта азап шегу. Тұрғындардың наразылығына жауап ретінде коммуналдық қызметкерлер көбінесе қолайсыз ауа райына меңзейді.

Ал Атырау облысында электр энергиясын тұтынушылардың басым бөлігі осы қызметке уақытымен дұрыс төлейтіндер (бір тиынын жеткізбей төлеп көр, жарықты «кесеміз» деп жүгіріп жетеді), сондықтан да оның сапалы әрі үздіксіз алуға құқылы.

Қалғаны - қызмет көрсетушінің проблемасы. Заңгерлердің пікірінше, тұтынушылардың сауатты, заңға негізделген жаппай әрекеттері ғана ахуалды өзгерте алады. Қарапайым тілмен айтқанда, өздерін өздері қорғау керек. Егер үйіңізде электр қуатының іркілісінен тұрмыстық техника жанып кетсе, сіздің әрекетіңіз мынадай болуы керек.

Жедел әрі сауатты әрекет ету керек, - дейді «ИЛСАМ» заң компниясының директоры Марина МҰХТАРОВА– Алдымен акт жасау керек. Ол ерікті түрде күні, уақыты, мекен-жайы және ахуал сипатталған күйде ресімделеді. Жанып кеткен техника мен құрылғылардың суреттерін/бейнежазбасын жалғауға болады. Акті өз қолы, сондай-ақ екі-үш көршісінің және ПИК (егер ПИК болса) өкілінің қолымен куәландырылады.

Әрі қарай, «АтырауЭнергосату» ЖШС-не талаппен жүгіну керек. Өйткені тұтынушының бәрі онымен келісімшарттық қатынаста және оларға ай сайын ақша төлеп отыр. Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл мекеме бүкіл талапты «Атырау Жарық» АҚ-на жолдайды. Сондықтан тигізілген материалдық зиянды өтеуді талап етіп, актінің, фото/бейнежазба көшірмелерін қоса жалғап, осындай талапты сол жерге жіберу артық болмайды. Адресаттар 10 күнтізбелік күн ішінде дәлелді жауап ұсынуға міндетті.

Сонымен қатар (немесе жауабын күтіп) тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестікке немесе сол аттас мемлекеттік департаментке шағым түсіруге болады.

- Талаптарды ұсынған кезде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының сілтеме жасалатын нормаларын мұқият оқып шығыңыз, сонымен қатар монополистпен жасалған келісімшартты оқып шығыңыз. Егер келісімшарт болмаса немесе ескірген болса, «жаңа» келісімшарт жасаңыз. Монополистпен соттасу ықтималдығына дайын болыңыз, - деп кеңес береді М.Мұхтарова.

 

ҚОҒАМДЫҚ ЖӘНЕ РЕСМИ ҚОРҒАУШЫЛАР

Бүгінде Атырауда тұтынушылардың құқығын қорғауға мамандандырылған екі қоғамдық бірлестік бар: «Батыс» тұтынушылар альянсы» ҚБ және «Атырау облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау және бәсекелестікті дамыту» ҚБ. Екеуі де жақында құрылды, бірақ олар өздерінің негізгі қызметі бойынша алғашқы қадамдар жасауда.

- «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 24-бабының 4-тармағына сәйкес, қызмет көрсетуші тиісті сапада қызмет көрсетуге міндетті. Сондықтан облыстың әрбір тұрғыны үздіксіз, электрмен жабдықтаудың мемлекеттік стандарттарына сай электрді алуға құқылы. Бірақ монополист сізге жүгіріп келіп кешірім сұрап, келтірілген қолайсыздықтар үшін өтемақы ретінде ақшасын ұстата салады деп күтпеңіз. Істен шыққан техниканы қызмет көрсету орталықтарына жөндеуге тапсырыңыз немесе жаңасын сатып алып, міндетті түрде бүкіл түбіртектерді, шот-фактураларды, жүкқұжаттарды сақтап қойыңыз. Қызмет көрсету орталығынан бұзылу себебі - электр энергиясының іркілісінен болғаны туралы қорытындыны алуға тырысыңыз. Мұның бәрі зиянды өтеу туралы келесі талаптарда, соның ішінде сотта да керек болады, - дейді «“Батыс” Тұтынушылар Альянсы» ҚБ директоры Тамара БАЙЛАУОВА. - Егер сізде сұрақтар туындаса, бізге хабарласуға болады. Біздің қоғамдық бірлестік Facebook-те алаңдар ашты («Батыс Тұтынушылар Альянсы» тобы және «Потребительский Альянс Запад» парақшасы), сондай-ақ біз тұрғындардан шағым қабылдайтын және тұтынушылардың түрлі құқықтары бұзылған жағдайда кеңес беретін telegram-канал ашты.

Электр энергиясындағы проблемаларға келсек, соңғы он күн ішінде «“Батыс” тұтынушылар альянсы» ҚБ-не тұрғындардан ресми тіркелген жүзден астам шағым келіп түсті. Негізінен бұлар - Химпоселок, Самал, Қара Депо, Көк Арна, Сельстрой, Авангард ықшамаудандары және Мұқанов көшесінің тұрғындары. Тамара Байлауованың айтуынша, монополистің сапасыз қызметінен зардап шеккендер еселеп артылады. Тек заңды сауатсыздықтан халық қайда жүгінетінін білмейді екен.

Қазір бүкіл шағым бойынша талап ету жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, бұл өтініштер Атырау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік департаментіне де жолданған.

- Көбіне шағымдар қоғамдық бірлестікке келіп түседі, бірақ бізбен байланысу үшін үйден шығудың қажеті жоқ. Қолыңызда смартфон болса жеткілікті, - дейді департамент директоры Әлем УӘЛИЕВ- Биыл Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тұрғындар үшін арнайы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша өтініштер қабылдаудың бірыңғай ақпараттық платформасын» ашты. Өкінішке орай, бұл туралы адамдардың көбі білмейді. Сондықтан әлеуметтік желіде көзіне көрінгеннің бәрін белгілеп, наразы болған жазбалар жазу міндетті емес. Платформаға тіркеліп, біздің департаментке ресми хат жолдаңыз. Егер бір мәселе бойынша бізге 10-нан астам адам хабарласса, біздің тексеру тағайындап, сотқа жүгінуге құқығымыз бар. Бұдан басқа, егер қызмет көрсетуші тұтынушының талабына 10 күнтізбелік күн ішінде жауап бермесе, біздің оған да әкімшілік айыппұл салуға құқығымыз бар.

 

НЕНІ БІЛГЕН ЖӨН

Коммуналдық қызметтерге қарсы «ұрыс» ашқан кезде, шыдамдылық танытыңыз. Әділдікке жету оңай емес. Электр желілерін бөлу шекарасын қолдана отырып, монополистің жауапкершілікті басқаларға аударған жағдайлары болды. Трансформаторлық қосалқы станциялар «Атырау Жарыққа», қосалқы станциядан үйге дейінгі электр тарату желілері қалалық әкімдіктің ТКШ бөліміне тиесілі, әрі қарай үйдегінің (подъездегінің) бәрі - ПИК (кондоминиум) аумағы, ал пәтердегі нәрсе - тұтынушыға тиесілі. Бұл жауапкершілік аймағын шектеу (дәлірек айтқанда, толық жауапсыздық) сапасыз қызметті жеткізушіге жауапкершілікті басқаларға аударып тастауға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда сотқа талап-арыз дайындаған кезде электр желілерін тексеруге өтініш бере аласыз. Өтініш Атомдық-энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне жазылады (көшірмесінің бас жағына сол «Атырау Жарық», «АтырауЭнергосату», қалалық әкімдіктің ТКШ бөлімі және ПИК көрсетіледі). Мамандар желілер тізбегімен өтіп, өлшем жүргізеді, проблемалы аймақты анықтап, осылайша ол үшін жауапты «кеңсе» белгілі болады. Яғни, сот арқылы тек өтемақыны ғана емес, материалдық зиянды да талап етуге болатын әлеуетті жауапкер анықталады.

Қазіргі уақытта «“Батыс” тұтынушылар альянсы» ҚБ шағым жазған тұтынушылардың тұрғылықты мекен-жайы бойынша тексеру жүргізу туралы Атомдық-энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің облыстық департаментіне осындай өтінішпен жүгінген.

Тексеру тегін жүргізіледі. Айтпақшы, сіз оны үйдегі бүкіл техника жанып кеткенше немесе өрт шыққанша күтпей-ақ жасатуға болады. Электр қуатының ауытқуына байланысты үнемі қолайсыздық сезінетін тұтынушының сотқа жауапкерді жүйелі түрде ақы төлейтін қызметтің сапалы жеткізілуін реттеуді міндеттеу туралы талаппен жүгінуге толық құқылы.

Тағы бір маңызды жайт. Егер сіз өз құқығыңызды өз бетіңізше қорғауға шешім қабылдасаңыз, сотқа талап арызбен жүгінген кезде жеке тұлға үшін өндірілетін залал сомасының 1% және заңды тұлға үшін 3% мөлшерінде мемлекеттік баж салығын төлеу керек. Бірақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау талабын осы салада маманданған қоғамдық бірлестік берсе, онда ол мемлекеттік баж салығын төлемейді. Қорытындысын өзіңіз жасаңыз.

Соңғы нәрсе. Кешікпей жаз аяқталады, электр желілеріне жүктеме азаяды да бәрі реттеледі деп үміттеніп, өз құқықтарыңыз бен мүдделеріңізді қорғауды кейінге қалдырмаңыз. Келесі жаз бұдан да ыстық, ал электрмен қамту бұдан да нашар болып кетуі мүмкін.

Лев ГУЗИКОВ

9 шілде 2021, 16:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.