Атырау, 4 мамыр 00:58
 ашықВ Атырау +11
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

ТШО-ның келешек кеңею жобасын аяқтау кейінге қалдырылды

3 317 просмотра

Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 2021 жылдың бірінші тоқсанында ТШО серіктестерімен бірге жобаны қайта қарады. Нәтижеге сәйкес, енді ҰЕҚБЖ нысандарын іске қосудың болжамды мерзімі - 2023 жылдың наурызы, ККЖ - 2023 жылдың қарашасы. Нысандарды іске қосу тиісінше 3 және 7 ай мерзімге шегерілді.

ТШО-ның алдын-ала есептеуі бойынша, шығындарды оңтайландыруға байланысты жобаның жалпы құны бекітілген 45,2 млрд доллар шеңберінде қалады.

ТШО-ның өзі COVID-19 пандемиясына дейін Келешек кеңею жобасын - Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасын (ККЖ-ҰЕҚБЖ) іске асыру кестеден бұрын жүзеге асырылғанын, бүгінгі күні жоба 82%-ға аяқталғанын хабарлады. «Барлық алдын-ала құрастырылған 86 модуль іргетасқа орнатылды, Теңіз кен орнында құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда», - делінген хабарламада.

Естеріңізге салсақ, 2016 жылдың жазында ТШО ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасын қаржыландыру туралы соңғы шешім қабылдады, ол іске асса мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннаға немесе тәулігіне 260 мың баррельге арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жылдық өндіріс шамамен 39 миллион тонна (тәулігіне 850 мың баррель) құрайды.

Қазақстан мұнай-сервис компаниялар одағының бас директоры Нұрлан ЖҰМАҒҰЛОВ «AЖ»-ға хабарлағандай, бұл жайт Қазақстанға айтарлықтай әсер етеді:

- ККЖ жылына қосымша 12 млн тонна мұнай беруі керек. Ал жарты жылға кешіксе, 6 млн тоннаға мұнайды аз береді, яғни бюджет пен ұлттық қорға салық аз түседі. Мысалы, мұнайдың бір баррелі 70 доллар болған жағдайда, бюджетке 420 миллион доллар ЭКБ (экспорттық кедендік баж) аз түседі. Сондай-ақ, Ұлттық қорға тікелей түсетін КТС (корпоративтік табыс салығы) бойынша төлемдер (30%) бар. 6 млн тонна мұнайдан алынатын КТС 500 миллион доллардан асуы мүмкін.

Бұл - мұнай бағасы барреліне 70 доллардан асса, ККЖ мерзіміне шегерілуіне байланысты Қазақстан 1 миллиардтай доллар жоғалтуы мүмкін деген сөз.

ККЖ-ны аяқтау бұрын да кейінге қалдырылған еді. Алдымен жобаны іске қосу 2023 жылдың ортасына, ал енді тағы бірнеше айға ауыстырылды. Мұның бәрі «бекер емес», Теңіз бойынша 2033 жылға дейін жасалған серіктестік туралы келісімшарт мерзімі де ұзару жағына қарай қайта қаралуы мүмкін деген қауесет бар.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

8 шілде 2021, 16:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.