Атырау, 4 мамыр 01:14
 ашықВ Атырау +11
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

Жаз сайын жыр болған жарық мәселесі

2 870 просмотра

Қазір әлеуметтік желі «Бізде бірнеше сағаттан бері жарық жоқ», «Атырау Жарық» телефондары жауап бермейді», «тұрмыстық техникаларымыз істен шықты», «тоңазытқыш ағып жатыр», «үйдің іші қапырық, кернеу жоқ, үйде науқас адамдар, балалар бар» деген Атырау тұрғындарының жазбаларына толы.

Біздің қалада электр қуатына қатысты жазғы проблемалардың орын алуы дәстүрлі құбылысқа айналған. Жыл сайын тұрғындар энергияның жетіспеушілігіне шағымданады, монополист та үнемі аптап ыстықта қолдан келгеннің бәрі жасалуда деп жауап береді.

Атырау облысы географиялық жағынан шөлді аймақта орналасқан, ал бізде жаз ыстық, құрғақ, жауын-шашын аз болады. Энергияны «АЖЭО» АҚ өндіреді, былтыр жазда біз электр энергиясының ең жоғарғы белгіленген қуаты тәулігіне 414 МВт, ал нақты берілетін қуат 250 МВт құрайды деп жазған едік. Резервтік турбоагрегаттар жалпы көлемде қосылған жағдайда жылу-электр орталығы қуаттылықты 290-300 МВт-қа дейін жеткізе алады. Бұдан басқа, электр энергиясы қатты тапшы болған жағдайда баланстан тыс энергия көздерінен Ресейден «Атырау Жарық» АҚ желілері («ИнтерРАО ЕЭС» ЖАҚ) және Маңғыстау облысынан «КЕГОК» АҚ («МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС) желілері арқылы қосымша қуат алуға болады.

Бірақ іс жүзінде бұл қуаттылықтар электр энергиясымен толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз.

Қала тұрғындарынан шағым көп түскеннен кейін жақында «Атырау Жарық» әкімшілігі баспасөз хабарламасын таратты: онда «кәсіпорын тарапынан Атырау қаласындағы кернеу деңгейін тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар алынуда. Бұдан басқа, әр шағымға бригада жіберіледі, ал тұтынушылардың қатысуымен кернеу деңгейі өлшеніп, кейін желілерде анықталған кемшіліктер жойылады. Көрсетілетін қызметтер сапасына қатысты шағымдарды жеке қарау керектігіне назар аудартқымыз келеді, себебі жекелеген әр жағдайда электрмен жабдықтау сапасына түрлі факторлар әсер етеді».

Жақында қалалық ТКШ бөлімінің бастығы мен «Атырау Жарық» АҚ өкілінің қатысуымен өткен брифингте осындай жауап алдық.

Бірақ өткен қыста да қала электр жарығынсыз қалды. Сол кезде «KEGOS» АҚ «Батыс жүйеаралық электр тораптары» облыстық филиалының директоры Константин ЧЕРНОХАЕВ апатқа ток жүретін қабат тиіп кеткендіктен электр оқшауламасының бұзылуы себеп болды деп атады: «Құрамында не болғанын қазір айта алмаймыз. Бәлкім, бұл желмен көтерілген және қандай да бір циклонға шоғырланған Каспий немесе Арал теңіздерінің тұзы шығар».

Кейінірек арнайы құрылған комиссия «KEGOS» АҚ филиалының жоғары вольтты жабдықтарындағы технологиялық ақаулар «негізгі разрядтардың» салдарынан болғанын - тұман мен жаңбыр кезінде атмосфералық ылғал оқшаулағыштардың бетіне түсіп, соның салдарынан қосалқы станцияларда жаппай «негізгі разрядтар» тудырған ток өткізгіш қабат пайда болғанын анықтады.

 

«БІЗГЕ ТЕК КҮТУ ҚАЛДЫ»

Алайда, қазіргі ыстық жазға оралайық. Тұрғындар қалалық және облыстық әкімдіктерге, «Атырау Жарықтың» өзіне шағым түсіреді, әлеуметтік желіге жазады, шенеуніктерді, облыс және ел басшыларын тегтейді.

- Біз Жилгородокта тұрамыз, кеше бізде сағат 16-да жарық сөніп қалып, бүгін таңертең ғана қосты. Бәріне қоңырау шалдық - ешкім тұтқаны көтермеді. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын әкімдік арқылы ғана білдік. Бізге күткеннен басқа амал жоқ. Бұл қашанға дейін созылады? – дейді бір әріптесім ашуланып.

Адамдар мұнымен қатар тарифтердің өсіп жатқанына наразы - жақында жеке тұлғалар үшін ол 15%-ға қымбаттады (энергетиктер 79,3% көтеруді сұраған еді).

- Ең сорақысы - олар уақытында төленбесе, жарықты ажыратып тастайды. Бірақ түрлі себеп болуы мүмкін ғой, мысалы, адамға мұндай ақшаны төлеу қиынға соғатын шығар. Мұндай кезде олар «өте жақсы» жұмыс істейді, бірақ ақша алған екенсің, қызметің де сапалы болу керек қой, - деп жазады атыраулықтар әлеуметтік желіде.

Былтыр қала әкімдігі 50 трансформатор сатып алды, оның 26-сы қазір толық қуатпен жұмыс істеп тұр. Енді қала «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-нан жалпы сомасы 192 миллион теңгеге тағы 50 трансформатор жиынтығын сатып алуда.

 

ЕКІ МИЛЛИАРД ДОЛЛАРЛЫҚ ЖОБА

Жақында Энергетика министрі Нұрлан НОҒАЕВ Атырауды Ақтөбе немесе Жезқазғанмен электр желісі арқылы қосамыз деп мәлімдеді.

- Біріктіруді Ақтөбеден Атырауға, Жезқазғаннан Атырауға, сондай-ақ Шымкенттен Маңғыстау облысының Бейнеу ауылына дейін үш ықтимал маршрут бойынша 500 кВ желіні салу арқылы жүзеге асыруға болады, - деді Ноғаев. Жыл соңына дейін қаржылық, техникалық-инженерлік және басқа көрсеткіштер бойынша ең тиімді нұсқа анықталуы керек. Ноғаевтың айтуынша, бұл шараны жүзеге асыру батыс аймақтардағы тұтынушыларды сенімді электрмен жабдықтауға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, Орал – Оң жағалау – Индер – Атырау – Құлсары – Теңіз 220 кВ қолданыстағы транзитінің екінші тізбегінің электр желілік объектілерін салу жобасы басталды.

Ал экономист Алмас ЧУКИН өзінің Фейсбуктегі парақшасында былай деп жазды: «Батыс аймақтың электр желілерін Қазақстанның қалған бөлігімен - Атырау-Ақтөбе 500 км немесе Атырау-Жезқазған 1400 км немесе Бейнеу-Шымкент 1500 км-мен жалғау нұсқалары. 500 киловольттық кернеу желісінің бір жарым мың шақырымын елестетудің өзі қиын. Техниканың мұндай кереметі кем дегенде 2 миллиард доллар тұрады. Мұндай қашықтықта айнымалы тоқ желісін салу тиімсіз, өткізу шығындары 20%-ға дейін энергия жұмсайды. Бірақ ең сорақысы - бұл желі экономикалық жағынан шығынды болады, өйткені онымен жеткізетін ештеңе жоқ. Шымкент пен Бейнеуде қажет генерация жоқ, олардың өзі тапшы аймақтар. Қосу үшін жалғай ма? Оның үстіне, шөлейтте тұтынушылары жоқ қуатты қосалқы станциялар болады».

... Жақсылыққа үміттенгіміз келеді, бірақ әзірге тұрақтандырғыш пен сплит-жүйе сатушыларға ғана жақсы болып тұр.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

8 шілде 2021, 11:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.