Атырау, 2 мамыр 02:50
 ашықВ Атырау +20
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

«Облыстық перинаталды орталықты дезинфекциялау үшін түгел жабу керек»

4 132 просмотра

- Облыстық перинаталды орталық қолайсыз эпидемиологиялық жағдайда тұр. Ол санитариялық өңделу үшін түгел жабылуы керек. Бұл жерде ішінара бөлімшелерді жабу көмектеспейді. Корпустардың бірінде желдеткіш бар, бірақ ол қарапайым әрі зарарсыздандырмайды. Акушерлік блок, операция жасау бөлімдері орналасқан екінші ғимаратта желдеткіш мүлдем жоқ, - деді Қызылорда перинаталды орталығы директорының орынбасары Гүлнар ЖҰМАШЕВА денсаулық сақтау министрлігінің медицина мамандарынан құралған делегациясының үш күндік жұмыс сапарының қорытындысы жасалған жиналыста.

Осы аптада Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа ЕРҒАЛИЕВА бастаған республикалық комиссия Атырау облысына келді. Комиссия құрамында 12 маман - педиатр, неонатолог, акушер-гинеколог, анестезиолог, ревматолог болды. Олар балаларға медициналық көмек көрсету жұмысымен танысты. Делегация облыстық перинаталды орталыққа, қалалық перзентханаға, облыстық балалар ауруханасына, Атыраудағы бүкіл емханаға, сондай-ақ аудандық үш ауруханаға барды.

Еске салсақ, 2019 жылдың тамыз және қыркүйек айларында облыстық перинаталды орталықта сәби өлімінің айтарлықтай көбейгені байқалды. Сол кезде Денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми мекемелерінің 26 өкілінен құралған комиссия облысымыздағы жаңа туған нәресте өлімі туралы статистикалық мәліметтерді талдады. Медицина саласының 6 ұйымына мониторинг жасалды: облыстық перинаталды орталық, қалалық перзентхана, аудандық ауруханалар және ауыл ауруханасы қамтылды.

- Біз сәбилердің өліміне әкелген ауруханаішілік инфекцияны анықтадық. Бұл бактериалды ауруханаішілік инфекция, - деген еді сол кезде ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің төрайымы Людмила БЮРАБЕКОВА. Ауруханаішілік инфекция мониторинг аясында жүргізілген эпидемиологиялық зерттеу нәтижесімен расталды. Негізгі кемшіліктердің қатарында: дезинфекциялау-зарарсыздандыру режимін бұзу; өз кір жуатын орнының болмауы (ПО ешқандай санитариялық ережеге сай келмейтін басқа ұйыммен келісімшарт бойынша жұмыс істеген); бір рет қолданылатын шығын материалдары мен контурлардың жеткілікті қамтылмауы.

2016 жылдан бастап - оны күрделі жөндеуден кейін тапсырған кезден бастап перинаталды орталық корпустарының бірінде ағынды-сорғылы желдету жүйесі жұмыс істемейтіні, ал басқа корпуста мүлдем желдету жүйесі қарастырылмағаны ерекше атап өтілді. Жанжалдан кейін перзентхана блоктарын бірінен соң бірін жауып, желдетуді қалпына келтіріп, орынжайларды дезинфекциялай бастады. Бірақ мұның бәрі, мамандардың пікірінше, жартылай жасалып жатқан шаралар.

- Сіздерде облыстық перинаталды орталықты күрделі жөндеуден өткізеді деген ақпарат бар, бірақ бұған кем дегенде бір жыл уақыт бар. Осыншама ұзақ күтуге болмайды. Ең болмағанда, тиондарды - ауа тазартатын жүйелерді 18 шаршы метрге бір аспаптан орнатып, ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл шамамен 10 миллион теңгеге шығады деп есептедім. Ең алдымен, орталықта ағымдық жөндеу, санитариялық тазарту жұмыстарын жасап, оны уақытша көшіру мәселесін шешу қажет, - дейді Г.Жұмашева.

Оны Мағрипа Ерғалиева қолдады:

- Инфекция неше жылдан бері етек жайған, тіпті, олар желдеткіште де болуы мүмкін бе? Әбден мүмкін! Әкімшілік блок медициналық блоктан бөлек орналасуы керек. Әкімшілік блоктағы біреу стафилококк тасымалдаушысы болса, ол желдеткіш арқылы ғимаратқа тарап кетуі мүмкін.

Тағы бір мәселе - инфекцияны бақылау жүйесі нашар күйде. Ерсі естілсе де, Г.Жұмашева медиктерге қолды қалай дұрыс жуу керектігін үйрету керек, ДДСҰ-ның қол гигиенасы жөніндегі нұсқаулығын зерделеп, персоналды кейін аттестаттан өткізу керек дейді. Қолды және операция алаңын хирургиялық өңдеу бойынша бақылау парақтарын қолдану керек. Үнемі рөлдік ойындар ұйымдастырып, түрлі жағдайды пысықтау кезінде бақылау парақтарын пайдалану қажет. Теория жүзінде дәрігерлер төтенше жағдайда өзін қалай ұстау керектігін біледі, бірақ іс жүзінде абдырап қалады. Сондықтан тек перзентханаларда ғана емес, жүкті әйелдер баратын жерде - емханада, кез-келген басқа ауруханада үнемі дайындық қажет дейді.

Бұдан басқа, М.Ерғалиеваның айтуынша, жүкті әйелдердің амбулаториялық карталарындағы тексеру жазбаларында ақпарат аз, бақылау күнделіктерінде гемодинамика (қан қысымы, импульс, дене температурасы) жазыла бермейді, жазбалар қысқа, бір сарынды, жүкті әйел жағдайының динамикасы көрінбейді. Біздің дәрігерлер антибактериалды профилактиканы да ұтымсыз қолданады. Яғни, антибиотиктерді қажет емес жағдайда да қолданады. Аурухана фармакологы бұл процесті бақылап отыруы керек, ал олар іс жүзінде еш жерде жоқ, тіпті, бүкіл елде жоқ.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

11 маусым 2021, 16:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.