Атырау, 26 сәуір 15:38
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Шекара іргесіндегі ауыл

Сурет Бейнежазба
5 526 просмотра

Жақында болған Құрманғазы ауданы Көптоғай ауылындағы Ресеймен шекаралас Қиғаш өзенінің бойындағы учаскеде демаркациялық тосқауыл орнатылып, кейін ауыл тұрғындарының наразылығынан кейін оны алып тастаған соңғы оқиғалар көпшіліктің  назарын аударды. «АЖ» тілшісі сол жердегі жағдаймен әрі  ауылдың күнделікті өмірімен танысу үшін Көптоғайға барып келді.

Жері шұрайлы, айнала су ортасында орналасқан Көптоғай ауылы кезінде малды асылдандыру және егістігі қатар дамыған іргелі шаруашылық болды дегенге бүгінде адам сенбейтіндей. Қазір бұл ауылда су мәселесі өте қиын.

«Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған құбыр арқылы су жаз айларында кесте бойынша беріледі – әр көшеге екі сағаттан. Сондықтан ауыл тұрғындары сол шекара белгілері жауып тастаған Отыз бес көлінің суын пайдаланады. 

Сонымен қатар, Жыланды ауылымен байланыс үзіліп қалды, оған дейін кейбір көптоғайлықтар қайықпен жұмысқа баратын еді. Бұл жерде жергілікті халықтың ашуланып, наразылық білдіргені таңқалатын жағдай емес.

Жалпы, әлеуметтік жағдай қазір өте қиын, билікке мұндай оқиғалар қажет емес – сондықтан да бірнеше күннен кейін қоршауды қайта алып тастаған болар.

Көптоғайлықтардың әлі әлі де ашуы басылған жоқ.

- Шекара қоршауын алды, бірақ уақытша деді. Сонда күндердің күні қоршауды қайта салуы мүмкін деп алаңдап өмір сүреміз бе? – дейді ауыл тұрғындары Есенбек ҚУАНҒАЛИЕВ, Қахарман РАМАЗАНОВ, Әнуарбек ҚАБИЕВ.

ЖАСТАР ЖАҚСЫ ЖЕР ІЗДЕЙДІ

Көптоғай округі (Балықшы елді мекенін қосқанда) 262 үйде 1199 тұрғын тұрады. Бұрын бұдан да көп болған, ауылда жергілікті жастар тұрақтама тұр.

-Менің жасым 39-да. Біз мектепті 25 оқушы бітірсек, қазір содан қалғаны 10-ға жетпейді. Көбі жұмыс іздеп, өркениеті жоғары Атырауға және басқа елді мекендерге кетіп қалды, - дейді тұрғындардың бірі.

Көптоғай округі әкімінің міндетін атқарушы Гүлбаршын БАЖЕНОВАНЫҢ айтуынша, бес жылда 200-ге жуық адам ауылдан кетіп қалған, оның басым көпшілігі жастар. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарлап кеткен, тұрғындар ауылдың болашағынан үміт күтіп отырған жоқ. Ауыз су жағдайы жоғардағыдай. Жолдың жоқтығы – басқа мәселе.

- Жол жайын жиналыс сайын айтамыз, жауыр болған тақырып. Электр желілері, соқалары тозғандықтан ауылда жарық жиі өшеді. Шешіл мей жатқан басқа да әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер жеткілікті. Кешегі шекара дауынан кейін осындай ауыл бар екені енді еске түскендей, - дейді көптоғайлықтар.

Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Жандос БЕКТЕМІРОВ:

- Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін 800 гектарға инвестор «Амангелді» ӨК тауарлы балық өсіру тоғанын салып жұмыс жасамақшы. 2014-2016 жылдар аралығында балабақша, мектеп күрделі жөндеуден өтті. Ауыз су мәселесін шешу үшін жазғы су құбыры керек. Бірақ ол да әзір жоспарда жоқ болғандықтан қашан жүзеге асырылтынын айта алмаймын, жол да солай. Аудан бюджетінің 80 пайызы дотация мен сувбенция арқылы болғандықтан барлық мұқтаждықты жуық арада жүзеге асырылады деп айта алмаймын.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

29 сәуір 2021, 12:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.