Атырау, 27 сәуір 07:39
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Тұрпаны аулауға болады, ал кутум үшін жазаланасың: бірақ оларды қалай ажыратуға болады?

4 501 просмотра

Жақында «АЖ» Жайыққа уылдырық шашуға келе бастаған Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген кутум балықтары туралы жазған еді. Осы жарияланымнан кейін маған таныс балықшылар қоңырау шалып, оның кутум емес, тұқы балықтарына жататын, бірақ Қызыл кітапқа енбеген тұрпа балығы екенін айтып сендірді.

- Тұрпа мен кутум өте ұқсас, оларды айыру қиын. Біз қазір тұрпа аулап жүрміз. Балық инспекциясы қызметкерлері оларды айыра алатынына күмәнім бар, сол үшін бізге айыппұл салуы мүмкін деп қауіптенеміз. Ал Жайыққа кутум келмейді, – дейді жергілікті әуесқой балық аулаушының бірі.

Айта кету керек, елімізде тұрпа аулауға тыйым салынбаған. Ал Қызыл кітапқа енген кутум үшін көп мөлшерде айыппұл салынады. Бірақ бұл туралы сәл кейін айтамыз.

Суретте сол жақта - кутум, оң жақта тұрпа: айырмашылығын тап


Материалды дайындау барысында ихтиологпен – «ҚАЗЭКОЖОБА» ЖШС-нің бас ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының докторы Асқар КАМЕЛОВПЕН хабарластық. Оның айтуынша, жақында балықшылар оған да қандай балық екенін анықтау үшін ауланған балықтың суретін жіберіпті.

- Тұқы тұқымдас бұл екі балық шынымен ұқсас. Сурет арқылы оларды ажырату оңай емес, тірілей көрген басқаша, - дейді А.Камелов. – Жайықта тұрпаның пайда болғаны қуантады. Өйткені ол бұрын жоқтың қасы еді. Жалпы қазір балық Жайыққа жақсы кіре бастаған. Бәлкім, бұл өткен жылы жүргізілген тереңдету жұмыстарымен байланысты болар.

Ал жануарлар дүниесінің аумақтық инспекциясы тұрпаны кутумнан ажырату соншалықты қиын емес деп есептейді. Олар кутум аулап, оны сатқаны үшін ҚР ҚК-нің 339-бабында («Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлеріне заңсыз қатынас жасау») 3 мың АЕК көлемінде айыппұл немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салады.

Алайда, болашақта жағдай өзгеруі мүмкін. Балық инспекциясының ақпараты бойынша, 2016-2017 жылдары Маңғыстау облысының балықшылары кутумды жиі аулаған. Осыған байланысты «ҚазБШҒЗИ» ЖШС АФ кутумды сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар жануарлар тізімінен алып тастап, оны III (сирек) санаттан V (қалпына келтірілген) санатқа ауыстыру туралы ұсыныспен биологиялық негіздеме әзірлеген.

- Бұл ұсыныстарды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жанындағы ведомствоаралық зоологиялық комиссия қолдап, экологиялық сараптамаға жіберілді. Бірақ түпкілікті шешім қабылдау үшін балықты ғылыми-зерттеу мақсатында аулау арқылы, оның жалпы санын анықтау керек, - деп атап өтті балық инспекциясында. - 2020 жылы «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС 2021 жылға кутум аулауға 120 кг көлемінде ғылыми квота белгілеу бойынша ұсыныстар берді.

Бірақ мұның бәрі уақыт алады, ал әзірге ауланған кутум үшін жазалануы мүмкін.

Айнұр САПАРОВА

28 қаңтар 2021, 20:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.