Атырау, 23 қараша 02:34
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Үкім алдындағы соңғы сөз: «Сіздің нәрестеңізді өлтірген жоқпыз»​

Сурет Бейнежазба
6 390 просмотра

8 желтоқсанда сот жарыссөзі аяқталған бойда процеске қатысушылар қарсы тараптың бұрын сөйлеген сөздеріне қарсылық білдіру құқығын алды. Осыдан кейін сотталушылар соңғы сөздерін сөйледі. Ал қарсылық білдіруде бірінші болып негізгі сотталушы Қуаныш Нысанбаевтың адвокаттарының бірі Аслан ЖОЛБОЛОВ сөз алды.

Судья Гүлмира ДӘУЛЕТОВА

Ол сотта қорғалушысының кінәсі дәлелденбегенін мәлімдеді және айыптаудың бірнеше бабына тоқталды. Атап айтқанда, оның пікірінше, босанған әйелдің өлімі туралы «қажетті» қорытынды шығарғаны үшін Атырау облысы бойынша Сот-медициналық  сараптама институтының директорына 300 мың көлемінде «пара беруге әрекет жасау» эпизоды бойынша айыптау расталмаған. Жолболовтың айтуынша, осы 300 мыңды беруге делдал болды делінген куәгер Бауыржан Төлеген сотта мұны жоққа шығарды.

Адвокат Аслан ЖОЛБОЛОВ

- Пара беру фактісі расталмады. Бұл мәселе жүзеге аспаған, тек талқылау, ниет деңгейінде болған. Ниеті үшін соттамайды – заңға қайшы әрекеті үшін соттайды. Егер әрекет жүзеге аспаса, онда пара берілді деп нені айтып отыр? - деді Жолболов.

Сондай-ақ, оның пікірінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет істі тергеу кезінде жан-жақты айыптау үшін «сеніп тапсырылған бөгде мүлікті иемденді», «қызмет бабын асыра пайдаланды», «пара алды» деп, жаңа фактілерді көбірек «қазбалау» мақсатын көздеген.

Жолболовтың айтуынша, тергеу барысында Нысанбаевқа пара бергені туралы куәлік берген куәгерлер мұны қысыммен жасаған:

- Мысалы, куәгер Нұрмұханов сотта Нысанбаевқа 10 мың теңге пара бермегенін, бірақ қылмыстық қудалаймыз деген қоқан-лоқы жасаған соң тергеушілерге айғақ бергенін айтты. Ал тергеу барысында Нысанбаевқа 200 мың теңге көлемінде пара бергені туралы куәлік беруші бұрын сотталған куәгер Ищанов сот отырысына мүлдем келмеген,оны  ақыры сотқа келтіре алмаған. Егер куәгер сотқа келмесе, оның айғағының заңды күші болмайды.

Жақында өткен отырыстардың бірінде Жолболов Тұрымбетованың нәрестесінің мәйіті ауысып кеткені туралы мәлімдеме жасаған еді, процесстің осы сатысында сол мәселені жалғастырды:

- Тұрымбетованың нәрестесінің мәйітіне бастапқы сараптама жүргізу кезінде атыраулық сот-медицина сарапшысы Сидешев оның шашының ұзындығы 0,5 см екенін анықтады. Мұны БҚО-дағы алғашқы сот-медициналық сараптамада оралдық әріптесі Кульчиков та растады. Ал Қарағандыдағы қайталама кешенді сот-медициналық сараптамада сәбидің шашының ұзындығы 2,2 см деп белгіледі. Сот-медицина сарапшысы Нұрлан Капин сотта сәби мәйітінің шашы өспейтінін растады. Бұл мәйіт ауысып кеткен деген күдікке негіз емес пе?

Жолболов, әрине, Нысанбаевтың Асқар Қайыржанмен сөйлескен құпия аудиожазбаға да тоқталды. Оның айтуынша, олардың сөздерін үзіп құрастырып, жалғаған:

- Жасырын тергеу әрекеттері кезінде телефонмен сөйлескен әңгіменің кей тұстары қылмыстық іске дәлел ретінде біріктірілген. Олардың саны - 16, сөйлесу уақыты 3-тен 10 секундқа дейін. Олардың бірі - Нысанбаев пен Қайыржан арасындағы олардың қылмыстық ниеттерін білдіретін-мыс әңгіме. Бірақ ол құрастырылған, яғни, сөздерін үзіп жалғаған. Әңгіменің немен аяқталғаны түсініксіз. Басы бар, содан кейін әңгіме үзіледі. Содан кейін не болғанын және жазба неге дәл сол жерде үзілгенін тек болжай аламыз.

Содан кейін Нысанбаевтың әйелі Нұрия САЛИМАНОВА сөз алды. Оның айтуынша, күйеуі екеуі перинаталды орталықтың бас дәрігері болып жұмыс істегеннен кейін 2-3 жыл өткен соң Атыраудан кетуді жоспарлаған. Бірақ сол кездегі облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Мәншүк АЙМУРЗИЕВА оның өз еркімен жұмыстан кету туралы арызына қол қоймаған. Сөз соңында Салиманова сотқа облыстық перинаталды орталық дәрігерлер тобының әріптестерін қорғап, хормен айтқан бейнеүндеуін ұсынды. Бірақ судья Гүлмира ДӘУЛЕТОВА бұл сотқа қысым көрсету деп мәлімдеп, видео көрсетілімін тоқтатты.


КЕШІРІМ СҰРАДЫ, ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТАР ҮШІН ЕМЕС

Ал бүгін, 10 желтоқсанда, бес айыпталушының барлығы соңғы сөздерін айтты. Олардың ешқайсысы өз кінәсін мойындамады және соттан әділ шешім шығаруды сұрады.

Дәрігер неонатологтар Руслан НҰРМҰХАМБЕТОВ пен Дариға ЖҰМАБАЕВА, акушер Жәмила ҚҰЛБАТЫРОВА сотта айтқан бұрынғы сөздерін қайталады: тексеру кезінде Тұрымбетованың нәрестесі өлі болған, оны тоңазытқышқа өлі күйде салған.

Акушер-гинеколог Асқар ҚАЙЫРЖАН жәбірленуші Нұржамал Тұрымбетова мен өз әке-шешесінен кешірім сұрады:

Асқар ҚАЙЫРЖАН

- Нұржамал Мұратқызы, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өзімді кінәсіз деп санасам да, сізден мерзімінен бұрын босанғаныңыз үшін, шарана жолдасының ажырағаны үшін, шарананың босану кезінде шетінегені үшін кешірім сұрағым келеді. Сізді жүктілігіңізді сақтауға тырыссам да сізден кешірім сұраймын. Менің ешқандай арам ниетім болған жоқ. Мұны куәгер Қасанова растады. Мен сізге жүктілікті сақтау терапиясын тағайындадым. Өзіңіз ойлаңызшы, аса ауыр қылмыс жасауға ниетім болса, сізге жүктілікті сақтау үшін терапия тағайындаудың қажеті не еді?

Сіз өз арызыңызда мен адамдарды ұлтқа бөлгенімді, яғни, сізді қарақалпақ деп айтты депсіз. Егер дұрыс түсінбеген болсаңыз, кешірім сұраймын. Мен ешкімді ұлтқа бөлейін деген жоқпын. Менің 11 жылдық тәжірибем бар, жұмысымда негр әйелдер де, қытай, моңғол, басқа да ұлт өкілдері кездесті. Мен бұл нышанмен ешкімді бөлген жоқпын, сізді де. Егер менің сөздерімді қорлау деп қабылдаған болсаңыз, бұл үшін кешірім сұраймын. 

Кісі өлтіруші 11 жыл бойы бірде-бір ескерту алмастан бір мекемеде жұмыс істемес еді. Отбасылық немесе басқа проблемадарға қарамастан, мардымсыз жалақыға, түнімен жұмыс жасамас еді. 

Сізге болашақта дені сау сәбиді құшағыңызға алуыңызға және бұл жағдайды біржола ұмытуыңызға тілектеспін.

Ол тергеу абақтысында болған уақытта өзін бір жылдан астам уақыт көрмегені үшін әке-шешесінен кешірім сұрайтынын айтты.

Содан кейін Қуаныш Нысанбаев соңғы сөзін айтты. Ол судьядан, оның хатшысы мен қорғаушыларынан, сондай-ақ, жәбірленушілер Роза Молдағалиева мен Нұржамал Тұрымбетовадан сот барысында сөйлегенде дауыс көтергені үшін кешірім сұрады.

Қуаныш НЫСАНБАЕВ

- Мен тек Молдағалиевадан адами тұрғыдан кешірім сұраймын. Жүктілікті тоқтатып, перинаталды орталықта босанғаныңыз үшін Ермағамбетов Қазбек Айжарықұлы сізден кешірім сұрасын. Ол сізге ДКК анықтамасын беріп, ол шешім қабылдады. Нұржамал Мұратқызы, айтайын дегенім: біз сіздің сәбиіңізді өлтірген жоқпыз. Сотта сізге келеңісіз сұрақтар қойдық, бұл үшін сізден адами тұрғыдан кешірім сұраймын.

Ол сондай-ақ акушерлік-гинекологиялық операциялар жасауды үйретуді сұраған әріптестерінен кешірім сұрады:

- Мен әріптестеріме адамдар Астраханьға, Алматыға, Астанаға, Ақтөбеге бармай-ақ, атыраулық дәрігерлерге сенім артуы үшін бар білгенімді үйретемін деп уәде берген едім. Уәдемде тұра алмағаным үшін кешірім сұраймын.

Үкім 21 желтоқсанда жарияланады.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

10 желтоқсан 2020, 16:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.