Атырау, 27 сәуір 04:54
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

"Қазақтың домбырасын әлемге танытқым келеді" дейді жапон жігіті

4 932 просмотра

Түркиядағы Таксим алаңына барған адамар қолына домбыра ұстаған жапон жігітінің өнеріне тәнті болуда. 28 жастағы Акира Такегучи Құрманғазы, Абай, Нұрғиса күйлерін ерекше шеберлікпен орындап, қазақтың төл өнерін дәріптеп жүр. Акираны қазақ деп шатастырып жатқандар да бар көрінеді. Күйдің құдыретіне бас иген жапондықпен Stan.kz тілшісі сұхбаттасқан еді. 

Акира қазірдің өзінде өзінің тыңдармандарын жинап үлгерген. Сөзінше, қазақтың домбырасы мен күйін жақсы көреді. Әсіресе, Құрманғазы Сағырбайұлының "Ақсақ киік", "Балбырауын", "Адай", Желдібаевтың "Ерке сылқым", Абайдың "Көзімнің қарасы", Нұрғиса Тілендиевтің "Ата толғауы", "Ақ сиса", "Аққу" күйлерін, "Көңіл толқыны", "Көріғұлыны" нақышына келтіріп орындағанда оның өнеріне тәнті болмау мүмкін емес.

Ол қазір Стамбұл көшелерінде күй тартып, қалаға ағылатын шетелдік туристерге домбыраны насихаттап келеді. Өнерге деген қызығушылығы ерте жастан басталған Акира Такегучи қазақ музыкасының жанына жақын екенін айтады.

"Мен 28 жастамын. Осыдан үш жыл бұрын Түркияға көшіп келдім. Қазір Стамбұл қаласында тұрамын. Негізінде, Жапонияның Токио қаласының тумасымын. Домбыра және гитарада ойнаймын. Жоғарғы сыныптардан бастап музыкаға өнерге деген қызығушылығым артты. Бастапқыда батыс музыкасына қызығушылық танытып жүрдім. Ол кезде қазақтың музыкасымен таныс емес едім. Артынша қазақ күйлері туралы естіп, біліп, қызыға түстім. Күйдің әсемдігі мен құдіреттілігіне таңғалдым. Қазақтың домбырасы мені өзіне ғашық етті. Көбіне күйлер орындаймын. Бірақ кез келген әуенді домбыраға сала аламын. Домбыраның әуендері жантебірентерлік, жүректі бірден баурап алады", - дейді Акира.

Домбыраны серігіне айналдырған жапон жігіті  бұл аспапты екінің бірі ойнай алмайтынын алға тартты. Өйткені домбыраны сезіне білудің өзі өнер, дейді ол. Сонымен қатар, Акира өзін танымал еткен де домбыра екенін айтып, аспаптың құдіреттілігін тілге тиек етті.

"Домбыра - үлкен философия. Екі ішекті ғана болғанына қарамастан, керемет әуен шығарып, қоңыр үнімен баурап алады. Домбыра қазақтың өзі секілді. Судың сылдыры да, жаңбырдың, найзағайдың дыбысы да, өмірдің әрбір құбылысы да домбыраның үніне сыйып кетеді. Домбыра - менің сырласым, кеңесшім. Оның жаны бар секілді. Өйткені адамға рух беріп, жүрегін емдейді. Мені ерекшелеп тұратын да - домбыра. Таксимде ешкім домбыра тартпайды, өйткені домбыраның қасиетін ұғыну барлық адамның қолынан келе бермейді. Мен домбыра ойнауды тез үйреніп кеттім. Домбыра ұстап халықтың алдына шығып, барлығын таңғалдырдым", - дейді Акира Такегучи.

Акира Қазақстанға бір рет келіп көрген. Ол Алматының әсемдігіне таңырқап, нағыз қазақ домбырасын алып, көңілі толып еліне қайта оралғаны туралы айтады. Домбыраны да өз бетімен үйренген. Осылайша, халқымыздың мәдениетіне, әдебиетіне де қазақтың аспабының арқасына қызыға түскен. 

"Қазақтың тарихы, кең байтақ даласы, мейірімі, кішіпейілділігі, өмір салты мені қатты қызықтырады. Осыдан екі жыл бұрын 2018 жылы алғаш рет Қазақстанға бардым. Екі апта Алматыда болып, домбыраны әлдеқайда кәсіби түрде меңгердім. Қазақтың домбырасына қазақ жерінде ие болып, Түркияға оралдым. Негізі алғаш рет домбыраны интернет-дүкеннен сатып алғанмын. Алайда қазір Қазақстаннан алып келген домбыраның орны қашан да бөлек", - дейді Акира.

2011 жылы теледидардан домбыра туралы видео көргенімен, Акира айтарлықтай мән бермеген. Ең алғаш 2016 жылы Анкарада тұратын қазақ жігітіне аспапқа көзі түсіпті. Осыған дейін бірнеше ішекті аспаптарда ойнап көрген Акира домбыраны жанына жақын деп тапқанын айтады.

"Ең алғаш рет домбырамен 2016 жылы таныстым. Анкарадағы досым домбыра тартқанда, қатты таңғалдым. Артынша домбыра тартуды мен де үйренемін деп шешім қабылдадым. Қазір Түркияда қазақтар жинала қалса, мені домбыра тартуға шақырады. Күй ойнағанда жан-тәнімді беріп, күйдің ішіне кіріп кетемін. Түркиядағы қазақтар мені қатты сыйлайды, менің өнерімді бағалайды. Жыл сайын Стамбұлда түркі әлемінің фестивалі өтеді. Сол жерде мен қазақ халқын таныстырамын. Киіз үйде қазақтың домбырасын тартып, әуенін әуелету мен үшін мәртебе", - дейді ол. 

Бүгінде жапон жігіті күй тартудан сабақ беретін тобы да бар көрінеді. Осылайша Акира Такучи қазақтың қасиетті аспабын әлемге танытқым келеді дейді. 

2 қазан 2020, 17:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.