Күн демалыс. «Көктем» базарына бас сұққан едім. Көкөністер залындағы бағалар көңіл жабырқатады екен. Картоптар 160 теңгеден. Ал оның қасында фото сессиядағыдай болып «әкімшіліктің» келісі 100 теңгелік картоптары жатыр. Бағасы ғана емес жасы да...
Мұны тек малға беру үшін алуға болар деп ойлап тұрғанымда сатушы әйел қамқор дауыспен:
- Мінеки, 100 теңгеден бар, ала қойыңыз,-деді.
- Мынауыңыз шұрық тесік қой, әрі кішкентай, деймін риза болмаған дауыспен.
- Солай, әкімшілік жарнамалаған картоп осы, оны сатқымыз да келмейді.
Әңгімеге араласқан жігіт ағасы өздерінің биыл картопты теңіз порты арқылы Пәкістаннан алып отырғандарын айтады.
-Мына ірі тап-таза картоптар Пәкістаннан келген. Оларды 150-160 теңгеден сатып отырмыз. Оған базарға келген ел ренжіп: «әкімшіліктің 100 теңгеден сатсын дегенін сендер үстеме бағамен сатып, пайда тауып жатырсыңдар» деп бізді кіналайды,-дейді ол.
Заңды сұрақ туады: Атырауда картоп өспей ме? Өседі әрине. Шаруа қожалықтары иелері орташа есеппен гектардан 8 тоннадан 15 тоннаға дейін өнім алуға болады дейді. Бірақ жергілікті картоптың өзіндік құны оны өсірушілерге арзанға түспейді, яғни судың бағасы, оны суаратын маторға кететін май, жұмыс күші т.б. дегендей. Оның үстіне олар маңдай термен өсірген өнімдерін сатып та қарық қыла алмайды. Себебі базарға әкелсе, «баға саясаты» деген бар, яғни 50-60 теңгеден бағасын асырмауы тиіс. Нәтижесінде картоптың рахатын делдал көреді.
Ендеше неге шаруа қожалықтарына тікелей базармен байланыс орнатпасқа?
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Серік СӘРСЕКЕНОВқоймадағы картоптың қайдан әкелінгенін білмейтіндігін айтады.
- Сіз қоймаға барып қараңыз, картоптар термометрмен сақталып отыр. Оны жеткізіп берген сатушылар бұзып отырған тәрізді,-дейді ол.
Оның айтуынша қазір 182 тонна шамасында картоп сатылған.
Ал Атырауда былтыр облыс бюджетінен бөлінген 766 млн. теңге қаражатқа салынған аса ірі мөлшерде көккөністерді сақтайтын қоймада, билік мәлімдегендей, 3 мың тонна картоп сақталып жатыр. Ол облыс жұртшылығын қамтамасыз етуге әбден жетеді дейді шенеуніктер.
Әлгі 100 теңгелік картоптың бір келісін сатып алып аршып едім жарты келіге де толар-толмас картоп шықты. Неде болса бұйырғаны да.
Сәния ТОЙКЕН