Атырау, 28 наурыз 21:31
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Қырдың гүлі – қызғалдақ

8 451 просмотра

Қазақстанда даланың көркін келтіретін қызғалдақ гүлдерінің 30-дан астам жабайы түрі өседі. Қазір олар сирек кездесетін  болды. Мәселен, биыл көктемде Махамбет, Индер, Исатай аудандарында қызғалдақ өспеген.

-Қызғалдақ  бес-алты жыл бұрын облыс өңірінде көптеп кездесіп, дала алқызыл кілемге оранып жататын, - дейді құрбым Лаура. – Олар көбіне сәуірдің аяғы мен мамырдың бастапқы кезінде небәрі 15-20 күн гүлдеп, кейін бір сәтте келесі көктемге дейін жоқ болып кететін еді. Биыл далаға шыққанымызбен қызғалдаққа кездеспей қойдым. 

Құлсары қаласының әкімі Ернар ЫСМАҒҰЛОВТЫҢ айтуынша, қаладан 35-40 шақырым жердегі Иманғара жотасында қызғалдақ сәуір айында гүлдеді, бірақ өте аз болған. Қазір жоқ. Ал Қызылқоға ауданындағы журналист Бауыржан СИСЕНОВ Сағыз ауылы аймағында көрінгенімен, бұрынғыдай желкілдеген көп емес, сиректеу, әрі бойы өспеген тырбық қалпында қалған дейді.

Қызғалдаққа қатысты қайғылы аңыз бар. Ертеректе дәулеті тасыған бай және өте сараң адам өмір сүріпті. Оның жан дегенде жалғыз қызы болған екен.  Байлықтан басқаны білмеген әлгі адамға жалғыз қызым тұрмысқа шығып, бар жиғаным күйеу баланың қолына өтеді деген сумақай ой  маза бермеді. Ақырында қыр төсінде бөгде ойы жоқ қызына біреулер қанжар сұғып өлтіреді. Бейкүнә қыздың қаны тамған жерге жалғыз түп гүл өсіп шығады. «Қыздан қалған дақ қой» дескендер гүлдің атын қызғалдақ деп атаса керек-ті. Қызғалдақтың қыздың ғұмыры сияқты жарық дүниемен тез қоштасуы сондықтан екен.

Қызғалдақ Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген – оларды тек тамашалауға болады, жұлуға тыйым салынған. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген Рауль УПОРОВ

3 мамыр 2020, 19:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.