ИНДЕР АУДАНЫ. Биыл Жайық өзеніне келетін су көлемі өткен жылдардағыдай болады деп күтілуде. 26 сәуірде Орынбор облысының Ириклинск су қоймасына келетін су көлемі - секундына 186 текше метр. Жайық өзеніне ағатын су шығыны секундына 15 текше метр болады.
ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫ. Қиғаш өзеніне де өткен жылғымен салыстырғанда су ерте келгенімен, мөлшері қуантарлықтай емес. Дегенмен құрманғазылықтар кенеттен су тасқыны болған жағдайда деп сақтық шараларын қолға алған. Аудан бойынша жалпы су тасқынына қарсы бөгеттердің ұзындығы 217,6 шақырымды құрайды. Өткен жылы ұзындығы 66,98 шақырым қорғаныс бөгеттері пайдаланылуға берілді. «Көктемгі су тасқынынан тұрғындар мен шаруашылық субьектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жер бедерінің төмен учаскелері анықталды. Жиналған суды ағызып жіберу үшін әр ауылдық округтердегі жеке меншік су соруға бейімделген техникалардың саны нақтыланды» дейді мамандар.
ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫ. Ойыл өзенінің жағдайы туралы болжам көңіл көншітпей отыр. Ақтөбе облысы, Ойыл ауданындағы «Тамдыкөл» су торабына су жеткілікті мөлшерде жиналмаған. Су қорының мүлдем азаюы күзде жаңбыр, қыста қар жаумаудың салдарынан дейді жергілікті мамандар. Биыл судың тапшылығын сегіз елді мекен бастан кешіруі әбден мүмкін.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА