Атырау, 20 сәуір 14:43
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Бас прокурордың орынбасары қазақстандықтарға үндеу жасады

3 620 просмотра


Қазақстан бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында еліміздің барлық тұрғынына үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының ресми сайты.

Бас прокурордың орынбасары 2020 жылдың 7 ақпанында Жамбыл облысының Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты бірқатар қылмыстық іс тергеліп жатқанын жеткізді. Кінәлілерді анықтап, заңмен жауапқа тарту шаралар жүргізілуде деп мәлімдеді.

7 ақпанда Жамбыл облысында қақтығыс туралы жекелеген тұлғалар болған оқиғаларды бұрмалай отырып, ұлттық негіздегі құқыққа қарсы әрекеттерге шақыру арқылы жалған ақпаратты қасақана таратып жатыр, - деді Болат Дембаев. 

"Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бейне және аудиоматериалдарды жүктеу фактілері, соның ішінде Қордай ауданындағы оқиғаларға байланысты емес материалдарды тарату арқылы өңір мен елдегі ұлтаралық тұрақтылыққа қауіп төндіретін фактілер тіркелуде", - делінген хатта.

Құқық қорғау органдары желіде арандатушылыққа барған авторлардың кім екенін анықтады. Оларға Қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігі (азаматтарды зорлық-зомбылыққа шақыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

"Алматы қаласында 1990 және 1987 жылдары туған екі азамат Facebook әлеуметтік желісінде зорлық-зомбылық жасауға шақырған. 2020 жылдың 9 ақпанында Тараз қаласының 1983 жылы туған тұрғыны WhatsApp мессенджері арқылы осы тектес шақырулар таратқан", - деді Дембаев.

Қазақстан Конституциясының 39-бабы ұлтаралық келісімді бұзатын кез келген іс-әрекеттерге тыйым салады.

"Осы талапты бұзу ұлттық араздықты және алауыздықты қоздыру жөніндегі қасақана іс-әрекеттер (Қылмыстық кодекстің 174-бабы), жаппай тәртiпсiздiкке не азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру (Қылмыстық кодекстің 272-бабы) және көрінеу жалған ақпарат тарату (Қылмыстық кодекстің 274-бабы) қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады", - делінген үндеуде.

Жамбыл облысының Қордай ауданындағы оқиғалар бойынша тергеу барысы мен нәтижелері туралы шынайы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, ішкі істер және прокуратура органдарының ресми интернет-ресурстарында жарияланады. Сондықтан бас прокуратура азаматтарды шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға және арандатушылыққа берілмеуге шақырды.

"Прокуратура туралы " заңның 31-бабы негізінде бас прокурор, бас прокурордың орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында лауазымды адамдарға, мемлекеттік органдарға, заңды және жеке тұлғаларға үндеу жасауға құқылы.



12 ақпан 2020, 16:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.