Атырау, 20 сәуір 18:31
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Бүлінген ауа, тыныс тарылтқан түтін

3 329 просмотра

Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі облыстық комиссияның жақында болған отырысында Атырау ауасын ластаушы кәсіпорындардың «қара тізімі» жарияланды.

«Республикалық атмос-фералық ауаны қорғау ғылыми-зерттеу орталығы» (одан әрі Орталық) ЖШС директоры Рысты ҚҰТТЫҒҰЛОВАНЫҢ айтуынша, тізімге бірінші кезекте АМӨЗ, АМУ секілді ірі нысандар және қалалық қоқыс алаңы, «Сасық сай» ілікті.

Ауаның бүлінуіне әсер ететін тағы бір фактор - бұл транспорт құралдарының көбеюі. Көлік қозғалысы, әсіресе, Сәтбаев және Тайманов көшелері, Азаттық даңғылы, Әуезов, Өтемісов көшелерінде көп болады. Соған сәйкес дәл осы көшелерде азот диоксидінің және көміртек тотығы, шаңның шоғырлануының артуы тіркелген. Экологтардың пікірінше, қалада транспорт жүктемесі бойынша одан әрі тиісті шаралар алу, оның ішінде қосымша жолдар салу жөнінде шешімдер алу керек.

Алайда, ауаны ластайтын басты нысандар өнеркәсіп кәсіпорындары. Р.Құттығұлованың айтуынша, соңғы 2 жылда концентраттардың рұқсат етілген шекті мөлшерінің артуы 1772 көрсеткіш бойынша өнеркәсіп нысандары маңында және жоғарыда аталған қоқыс, сондай-ақ, «Сасық сай» таралу аймақтарында байқалған. Бұл қаланың  оңтүстік-шығыс және солтүстік-батыс аймағы.

Күзгі және қысқы кезеңде азот диоксиді, органикалық емес тозаң, қорғасын және оның органикалық емес қоспалары, формальдегид, күкірт сутегі, фенол, аммиак және көміртек тотығы  бойынша көрсеткіштердің артуы тіркелген. Жаз мезгілдерінде бұлардың қалалықтардың денсаулығына зиянды әсері артатындығы түсінікті.

Экологтар мен дәрігерлердің жалпы пікірлері бойынша аймақ халқының өлім санының  артуы дәл осы зиянды шығарылымдармен байланысты.   

- Біз осы заттектердің барлығымен толтырылған бөшкеде тұрып жатырмыз деуге болады. Қоқыс алаңының өзі неге тұрады?! Әсіресе, 40 градусқа дейін ыстық  болатын жаз мезгілін айтыңыз. Енді тағы да осындай бір жазды бастан өткізетін болсақ, біз шыдай алмаймыз. Бұл көз жұмып қарай салуға болатын жәй кестелер емес, жәй әңгіме немесе жәй пікірталас емес. Бұл шындық, - деді қызбалықпен сөз алған «Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аналитикалық зертхана» ЖШС зертханасының директоры Галина ҮМБЕТӘЛИЕВА.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

14 қараша 2012, 20:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.