Атырау, 27 сәуір 02:24
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

БАҚ: Алматыда тергеу изоляторында тұтқын жұмбақ жағдайда көз жұмды

2 297 просмотра

Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесі.

14 қаңтарда Алматының ЛА-155/18 тергеу изоляторында 19 жастағы Еркебұлан Нұрмыханов есімді тұтқын жұмбақ жағдайда көз жұмды деп хабарлады Ratel.kz сайты.

Тергеу изоляторы дәрігерлерінің сөзіне қарағанда, Нұрмыхановтың дене қызуы көтеріліп, оған анальгин және димедролдан укол салынған. Уколдан кейін тұтқынның жағдайы тіпті мүшкілденген, жедел жәрдем келгенге дейін өліп кеткен.

Сайттың жазуынша, туыстары тергеу изоляторы өкілдерінің сөзіне күмән келтіреді. Олардың айтуынша, тұтқынның дәріге аллергиясы болмаған. Мәйітті тану үшін мәйітханаға барған кезде олар Нұрмыхановтың денесінің оң жағы, беті мен басы да көкпеңбек дақтарға толып кеткенін байқаған. Иығынан жараға ұқсас із білінген.

Сайттың жазуынша, сот-медициналық сараптама жасалғаннан кейін сарапшылар мәйіттің денесіндегі дақтар соққының нәтижесі ме, жоқ па, соны анықтауы тиіс.

Нұрмыханов тергеуші қаулысымен 14 қарашада екі айға қамауға алынған. 14 қаңтарда түрмеде отыру мерзімі бітуі тиіс болған. Алайда дәл сол күні тергеу изоляторының өкілдері Нұрмыхановтың туыстарына хабарласып, тұтқынның мәйітін алып кету қажеттігін айтқан.

Нұрмыханов тұрмыстық сипаттағы оқиғаға байланысты қамауға алынған, бірақ полиция қарақшылық бойынша іс қозғаған.

ЛА-155/18 мекемесінің бастығы Әсет Жұмадиев 15 қаңтарда Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап беруден бас тартып, "департаментке хабарласыңыз" деп қысқа қайырды. Республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз хатшысы әзірге жауап бермеді.

Қазақстан түрмелерінде тұтқындардың жұмбақ жағдайда көз жұму оқиғалары сирек болмайды. Тамыз айында Жамбыл облысындағы ЖД-158/7 түрмесінде бір тұтқын "дарға асылған күйі" табылған. Түрме әкімшілігі оны "өзіне қол жұмсады" десе, құқық қорғаушылар мен тұтқындар бұған сенбейтінін айтқан.

Қазақстан билігі түрмеде азаптау азайғанын айтады. Бірақ құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанның бұл мәлімдемесін жоққа шығарған. "Халықаралық түрме реформасы" (PRI) ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігі бұған дейін бірнеше рет Қазақстан түрмелерінде азаптау мен өз-өзіне зақым келтіру фактілері көбейгенін айтқан.

Дереккөз: Азаттық радиосы


15 қаңтар 2020, 13:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.