Атырау, 15 қаңтар 13:50
 ашықВ Атырау -3
$ 530.24
€ 543.97
₽ 5.16

Баланы ес-түссіз халге түсірген емхананы жабамыз - министрлік

2 454 просмотра


Елордада тісін емдеткен баланы ес-түссіз халге түсірген емхана жабылатын болады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Тексеру барысында дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сақтау талаптарының бұзылғандығы анықталды. Атап айтқанда, дәрі-дәрмектерді сақтауға арналған қойма температураны, ауа ылғалдылығын бақылауға арналған жабдықтармен қамтамасыз етілмеген. Дәрі-дәрмектің кері әсеріне мониторинг жасау жөніндегі жауапты тұлға бекітілмеген. Аталған клиникада қолданылатын медициналық жабдықтарды тексеру туралы сертификат жоқ», - деді ол. 

Оның атап өтуінше, тексеру қорытындысы бойынша, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарым беріліп, материалдар Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментіне медициналық қызметкерлердің әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін жөнелтілген. «Сонымен қатар біз сот органдарына аталған клиниканың жұмысын тоқтату туралы талап өтініш дайындап жатырмыз. Себебі мұндай жағдай 2018 жылдың қарашасында және 2019 жылдың мамырында осы клиникада анықталған еді. Сол кезде анестезиологиялық-реанимациялық көмек көрсету стандарттары сақталмағандығы, дәрігерлерде сертификаттың жоқтығы анықталған болатын. Осыған орай бұзушылықтардың жүйелілігін ескере келе сот органдарына аталған клиниканың қызметін тоқтату туралы материал дайындаймыз», - деді Лаура Ахметниязова. 

Л.Ахметниязова бұған дейін хабарлағандай, стоматологияға тексеру жұмыстары кеше, 8 қаңтар күні аяқталды. «Нәтижесінде бірнеше заңбұзушылықты анықтадық. Олардың бастылары – Севофлуран препаратымен жасалған жалпы анестезияға қоса, 4 жасқа дейінгі балаларға егуге болмайтын, Мепивастезин жергілікті анестезия препараты қолданылған», - деді ол. 

Сонымен қатар баланы емдеместен бұрын аллергияға қарсы сынама да алынбаған. Анестезиолог-реаниматолог дәрігер жалпы наркоз беруге 15 минут қалғанда ғана баланы тексерген. Ал стандартқа сәйкес дәрігер пациентті болжалды ота жасалатын сәттен кемінде 24 сағат бұрын қарауы тиіс. 

Еске салайық, елорда тұрғыны Анастасия Зелёная екі жарым жастағы баласы стоматологиялық клиникаға қаралғаннан кейін ес-түссіз күйге түскенін хабарлаған болатын. Бала 11 тәуліктен бері есін жия алмай жатыр. Оқиғаға байланысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов түсінік берді. «Жағдайды бақылауымда ұстап отырмын. Өкінішке қарай, баланың жағдайы өте ауыр. Бірақ, дәрігерлер тарапынан медициналық көмек барынша көрсетілуде. Оған толыққанды деңгейде жәрдем беріледі», - деді министр. Сонымен бірге, ол ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабековаға аталмыш стоматологиялық клиниканы тексеруді тапсырған еді.


Дереккөз: Inform.kz

9 қаңтар 2020, 17:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.