Атырау, 26 желтоқсан 13:01
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Рахат Әлиевке тықыр таянды. Енді ол қайда барып жан сақтайды?

2 427 просмотра

Шетелде қашып жүрген Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің төңірегінде жаңа дау туындады. Ол өзін Австрия үкіметінің Қазақстанға ұстап беруінен қауіптеніп Мальта аралына қашқан кезде сол елдің сыртқы істер министрі Тонио Боргаға 150 мың еуро пара беріп, Мальтада уақытша тұру жөнінде рұхсат алыпты. Бірақ, бұл құпия ашылып қалды. Қазір Еуропарламент пен Еурокомиссия  бұл іс бойынша зерттеу жасап жатыр.

Тонио Борга (суретте) Мальтаның сыртқы істер министрі ғана емес, сонымен қатар ол Еурокомиссияның мүшесі. Жақында Еурокомиссия оны денсаулық сақтау және тұтынушылар құқығын қорғау жөнінде комиссар етіп сайлады. Жаңа тағайындау алған саясаткерге журналистердің назары қатты түсетіні белгілі. Немістің Euractiv.de сайты журналистік зерттеу жасай келе Тонио Борганың Рахат Әлиевтен пара алғанын анықтаған.  Бұл ақпараттан құлағдар болған Еуропарламент пен Еурокомиссия қазір Рахат Әлиевтің шетел шенеунігіне пара бергенін ғана емес, оның Қазақстанда жасаған қылмыстарына да зер салып, қосымша тексеру жасап жатыр. Қазақстан соты Рахат Әлиевті «Нұрбанктің» екі топ‑менеджерлері – Айбар Хасенов пен Жолдас Теміралиевті өлтірді, мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды және отанын сатты деген айыппен  ұзақ мерзімге түрмеге кескен болатын. Бірақ, ол бұл кезде ізін суытып, Австрияға қашып кетіп еді. Рахат Әлиевтің мойнындағы осы қылмыстарды Австрия прокуратурасы зерттеп, жауап ала бастағанда ол Мальтаға қашып кетті. Кейбір сарапшылар оның осы елден пана тапқанын сол елге орасан көп көлемде инвестиция салғанымен байланыстырған. Бірақ, бұл қазір бекер болып, оның лауазымды шенеунікке пара беру арқылы қорғаныш тапқаны анықталып отыр.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин мен оның бұрынғы екі оққағарлары ‑ Сәтжан Ыбраев пен Петр Афанасенко да Рахат Әлиевтің қыр соңына түсіп, қуғындауды күшейтті. Олар «Р.Әлиев қаржы полициясында лауазымды қызмет істеген кезде бізді ұстап алып, азаптап қинады, қорлық көрсетті» деп айыптап жатыр. Жақында ғана жоғарыда аталған жәбірленушілер «Рахат Әлиев бұл елде жоқ, кетіп қалды» деп сылтау айтып жүрген Мальта полициясының комиссары Джон Риццоның үстінен Мальта сотына шағымданып, жергілікті полицияның Рахат Әлиевке қарсы қылмыстық іс қозғауын сұраған болатын.

Бұл оқиғалардың  бәрі Еуродақ елдерінің Рахат Әлиевке қатысты көзқарасын өзгертетін сияқты. Тіпті оны ұстап алып, Қазақстан полициясының қолына тапсыру да мүмкін. Егер ол Мексикаға қашып кетпесе...

Дереккөз: serke.org

8 қараша 2012, 14:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.