Атырау, 23 қаңтар 19:04
Түнде бұлыңғыр болады-1, таңертең -3
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 377.29  € 418.41  P 6.09

Белсенділер Желтоқсан және Жаңаөзен құрбандарын еске алуға мүмкіндік беруді талап етті

6 желтоқсан 2019 14:31


Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті ғимаратында тұрған белсенділер. 6 желтоқсан 2019 жыл.


6 желтоқсанда бір топ белсенді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне барып, 16 желтоқсан қарсаңында өздерін қудаламауды, сол күні  Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алуға мүмкіндік беруді талап етті.

Белсенділердің айтуынша, олар 16 желтоқсанда конституциялық құқықтарын пайдаланып, митингіге шыққысы келеді. Алайда "митинг қарсаңында белсенділердің үйін аңдып, оларды көшеден ұстау - полицияның әдеті".

- 1986 жылғы Желтоқсан және 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алуға құқығымыз бар. Неге сүтке, нанға, дәріге шыққан жерімізден алып кетесіңдер? [Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы кезінде] Менің туыстарымның балалары өлді, таныс-достарымның жақындары өлді. Гүл шоғын қою - менің парызым. Құран оқуға мүдделімін. 16 желтоқсанда бізге тиіспеңдер! - деді наразы әйелдердің бірі полицейлерге.

Полиция ғимаратының фойесінде наразы белсенділер "өздерін қудалаған" полицейлерді айыптап, қудалауды тоқтатуды талап етті. Олар қолдарында бірнеше сурет ұстап тұрды. Белсенділердің түсіндіруінше, бұл - "өздерінің үйлерін аңдып, ізіне түскен полиция қызметкерлерінің суреті".

Сәлден соң олардың алдына қалалық полиция департаменті төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев шықты. Ол наразы әйелдерге кіре беріс жолды бөгемеуін сұрап, мәселелерді ішке кіріп талқылауға шақырды. Алайда белсенділердің көбі бұл ұсынысқа келіскен жоқ. Ол қандай да бір қылмыстық іс бойынша полицияға шақырылып жүрген белсенділерді тергеушілердің "қажет кезінде шақыртатынын" айтып, олардың жұмысына араласа алмайтынын жеткізді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін қоғамдық-саяси мәселелерді көтеріп жүрген азаматтық белсенділерді қудалады деп жиі сынайды. Қазан айында "экстремистік ұйым" ретінде танылған оппозициялық қозғалыстың "митингісі қарсаңында" құқық қорғаушылар жергілікті белсенділерді қорқыту-аңду амалдары жиілегенін мәлімдеген. 

Қазақстан қоғамы үшін мемлекет тәуелсіздігін жариялаған мереке күні ретінде атап өтілетін желтоқсанның 16-сы Қазақстан тарихында болған тағы екі оқиғамен маңызды. 1986 жылы желтоқсанда Мәскеудің шешіміне наразылық танытып, Алматыда бейбіт шеруге шыққан студент және жұмысшы қазақ жастарын билік күшпен таратып, кейін жүздеген адамды қуғынға салған. 2011 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқан. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда 17 адам қаза тапқан.

Дереккөз: Азаттық радиосы


Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

Есть, чем поделиться по теме этой статьи? Расскажите нам. Присылайте ваши новости и видео на наш WhatsApp +7 707 37 300 37 и на editors@azh.kz

 

647 рет қаралдыБасты бет Поделиться:

Подпишитесь и узнавайте о новостях первыми


Басты бет

Наш WhatsApp номер для новостей:
1 2 3 4