Атырау, 24 сәуір 01:10
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Оралда полиция көлігі адам қаққан жерді түсірген блогерге айып тақты

2 408 просмотра


18 қараша күні кешке Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында полиция патрулінің көлігі көшенің жаяу адам өтетін тұсында 21 жастағы бойжеткенді қағып кеткен. Дәрігерлер жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген Лариса Бейсованың жағдайы ауыр дейді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегі бойынша, бойжеткеннің бас сүйегі зақымданып, миы шайқалған. Ауруханада ес-түссіз жатқан қызға туыстарын әлі жолықтырмаған.

Сейсенбіге қараған түні жол апаты болған жерге барған жергілікті блогер Айболат Бөкенов көргенін смартфонға түсірген. Блогердің сөзінше, ол Оралдың Зачаганск деп аталатын ауданына жеткен кезде зардап шеккен қызды жедел жәрдем алып кеткен. Әлгі жерде полиция қызметкерлері тұрған. Бөкеновтің айтуынша, ол апат болған жерге барған облыстық полиция департаментінің бастығы Махсұтхан Аблазимовқа сұрақ қойған. Өзін түсіруге тыйым салған полиция шенеунігі блогердің смартфонын қолынан жұлып алып, қарамағындағы қызметкерлеріне апат болған жерде түсірілген жазбаларды өшіріп тастауды бұйырған. Бөкеновті әуелі медициналық тексеруден өткізуге апарған, кейін Зачаганск полиция бөлімшесіне жеткізіп, үстінен "полиция қызметкерінің талабына бағынбау" бабы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырған. "Мен бөгет жасаған жоқпын, сұхбат алмақшы болдым" деді Азаттыққа Бөкенов 19 қарашада.

Сейсенбі күні түстен кейін облыстық полиция департаменті өзіне қарасты қызмет көлігі жол апатына ұшырағанын растады. Департаменттің баспасөз қызметіне сілтеген Tengrinews.kz сайты көлікті басқарған полиция аға лейтенанты Баймұқашевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы ("Жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу") бойынша тергеу басталғанын хабарлады.

Дереккөз: Азаттық радиосы

19 қараша 2019, 15:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.