Атырау, 26 сәуір 15:39
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Салықтық рақымшылық: Қазақстандықтардың 2,15 млрд теңге өсімпұлы кешірілді

2 267 просмотра


Салықтық қарыз бойынша өсімпұлды есептен шығаруды көздейтін рақымшылықты 507 472 адам пайдаланған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Салық салу әдіснамасы департаменті директорының міндетін атқарушы Дәулет Жарылғасынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«2019 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, 507 472 жеке тұлғаның өсімпұлы есептен шығарылды: олар жыл басынан бастап 12,1 млрд теңге сомасында негізгі борышын төлеген. Осының арқасында 2,15 млрд теңге өсімпұл есептен шығарылды», - деді Дәулет Жарылғасынов. 

Өңірлер тұрғысынан өсімпұлы ең көп өңірлер - Түркістан облысы, Алматы және Шымкент қалалары.

«Ең көп өсімпұл (971,6 млн) Алматы қаласынан есептен шығарылды. Сол секілді, Павлодар облысында - 174,3 млн теңге, Алматы облысында - 126,9 млн теңге кешірілді. Өсімпұлдың ең аз мөлшері Атырау облысында - 32,7 млн теңге, Шығыс Қазақстан облысында - 27,8 млн теңге жойылды», - деді ол. 

Қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер органдарының бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт-насихат жұмыстары және өңірлерде, орталық деңгейде «салықтық рақымшылық» акциясы бойынша семинарлар жалғасуда. 

Еске сала кетсек, қазақстандықтарға салықтық рақымшылық жасауды көздейтін заң осы жылдың 16 шілдесінде күшіне енген болатын. Тұңғыш Президент - Елбасы жеке тұлғалар өздерінің салықтары бойынша борышының негізгі сомасын төлеген жағдайда өсімпұлдарды есептен шығарып, олар үшін салықтық рақымшылық жүргізуді Үкіметке тапсырған еді.

Дереккөз: Inform.kz

18 қараша 2019, 14:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.