Атырау, 19 қазан 14:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +11
$ 425.37
€ 492.66
₽ 5.97

Алматы мен Нұр-Сұлтанда Oyan, Qazaqstan және "Республика" митинг өткізді

2 018 просмотра

Қарашаның 9-ы күні түстен кейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда Oyan, Qazaqstan және "Республика" қозғалысы митингі өткізді, деп хабарлайды Азаттық.

Алматыда Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысының митингісі Абай ескерткішінің алдында түскі сағат екіде басталды. Оған 40-қа жуық адам жиналды.

Митингіде сөйлеген жастар елге қоғамдық-саяси өзгерістер керек екенін айтты. Белсенді Димаш Әлжанов Қазақстанда президент өкілетін қысқартып, мемлекет парламенттік формаға өтуі тиіс деді.

- 30 жыл бойы билік "әуелі - экономика, содан кейін саясат" деп айтып келді. Бұл саясат бізді тығырыққа тіреді. Сол сөзді айтқандардың аты-жөні қазір Forbes журналында жүр, - деді Әлжанов.

Жастар митингіде "парламенттік республика", "гүл өссе елдің көркі, шал кетсе, елдің көркі", "рұқсатсыз бейбіт шеру" деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрды. Олар "Оян, Қазақстан!" деп айқайлап, "саяси тұтқындарды" босатуды талап етті. Олар түскі сағат үш шамасында қаладағы "Республика" алаңына қарай марш жасап, жылжыды.


Нұр-Сұлтанда митингі "Жерұйық" саябағында өтті. "Республика" қозғалысы жетекшілерінің бірі Белла Орынбетова "мемлекетті бір адамның басқаруы елді тығырыққа тірейтінін айтып", оның салдары қандай болатынын Қазақстан көрді деп айтты.

Ол сайлау және сот жүйесін реформалау қажеттігін, билік тармақтарының дербестігі маңызды екенін, азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарының сақталуы қажет екенін айтты. "Полицияның парламентке есеп беріп, қоғам мүддесіне қызмет етуі керек" деді ол.

Екі қаладағы митингіде жемқорлық, сайлаудың әділ өтпеуі, адалдық, әділдік үшін күрескендердің түрмеде отыруы, заңдардың жұмыс істемеуі сияқты түрлі мәселелер айтылды.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан әкімдігі "Республика" қозғалысына митинг өткізуге рұқсат берген. Ал Oyan, Qazaqstan қозғалысы өкілдері "бейбіт шеру өткізуге рұқсат сұраудың қажет емес" екенін айтқан.

Дереккөз: azattyq.org 



9 қараша 2019, 14:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.